Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша тегін оқумен қамтылатын студенттер саны 153 мыңды құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артып отыр.
Аталған ведомствоның баспасөз қызметінің мәлім етуінше мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да салаларға бағытталатын болады.
«Негізгі басымдық – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру мекемелерін заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру. Бүгінде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуды, білім беру бағдарламаларына үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді, кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізуді қамтиды. Сондай-ақ, кәсіпорындар үшін дуальді оқыту жүйесін дамыту және мамандарды даярлау мақсатында бизнес құрылымдары мен инвесторларды тарту жоспарланып отыр», деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға жеткізу жоспарланып жатыр. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленген. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді және өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді.