• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2010

БҮГІНГІ ЖАСАМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

1369 рет
көрсетілді

Посткеңестік елдердің басым көп-шілігі үшін жаңа мемлекеттілікті орнықтыру кезеңі қоғамдық өмірді жүйелі түрде өзгерту, экономикалық, саяси түзілімді түбегейлі жаңғыртып, жаңарту уақытымен тұспа-тұс келген еді. Сол тарихи уақыттың белесінен зер салсаңыз, тәуелсіз Қазақстанның осынау аумалы-төкпелі, қиямет-қайым кезеңде өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік, сара даму жолынан өткенін көресіз. Қазақстанды модернизациялау жобасы ішкі-сыртқы мазмұны жағынан ұдайы эволюциялық сипатта болды. Мемлекет пен қоғам да­муының түрлі кезеңдерінде алға қойған мақсат-міндеттер салиқалы саясат пен сауатты басқарудың нәтижесінде, бірте-бірте, сатылап, табысты іске асырылды. Мұның бәрі реформалық процестердің бастауында тұрған Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына ті­ке­лей байланысты екені даусыз. Қазақстан басшылығының саясаты әрдайым біріз­ділік пен дәйектілікке, қисынға сүйенді. Соның арқасында, жиырма жылдың ай­наласында Қазақстан “үздіксіз жаң­ғыру, жаңару” жолынан өтті. Ел басшы­лығы жүзеге асырған реформалар айқын да нақты екі негізді тірек етті. Олар даму­дың эволюциялық қағидасын басшы­лыққа алу және инновациялық ұмтылыс болатын. Ұлттық даму стратегиясына негіз болған осы екі басымдықтың қосындысы қазақстандық жаңғыру моделінің табысына кепіл болды. Елбасы ұсынған “алдымен – эконо­мика, содан кейін – саясат” формула­сының арқасында ғана Қазақстан эконо­микасы мен мемлекеттік институттарын жаңа заманға бейімдеп, жетілдіру мүмкін болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының табанды таңдауы болатын және мұның артында мемлекет пен қоғам алдындағы орасан жауапкершілік жүгі тұрған еді. Кеңестік қайта құрудың тәжірибесі саяси және экономикалық реформа­лардың үндеспеуі түбі бір қатерге соқты­ратынын көрсеткен. Сондықтан саяси, эко­номикалық, әлеуметтік өзгерістерді бір мезетте, қосқабат жүргізу қоғамның өз ішінде ерекше ұйымдасуды, ауыз­бір­ші­­лік пен орасан күш-жігерді талап ететін. Модернизация үшін мемлекет пен қоғамға бір “сенім арқауы” қажет еді. Онсыз қазақстандық қоғамның бөлшек­теліп, ыдырап кетуі ғажап емес-ті. Сол бір аумалы-төкпелі жылдары жүйелік жаңару, жаңғыру идеясының төңірегіне қоғамдық пікірді “топтастырушының” ролін Елба­сының өзі атқарды. Ол өзінің мемлекет пен қоғамды дамыту ойын Қа­зақстанның әрбір отбасына, азаматына жеткізуге күш салды. Қашанда қайнаған оқиғалардың ортасында, қарапайым халықтың арасында жүрді. Ол кезде партиялық алаң мүлдем бос жатқан. Мұндай жағдайда мемлекетті сақтап қалу, кейбір посткеңестік елдер бастан кешкен жағдайға ұрынбау, билікті өзара жауласқан элиталық топтардың арасындағы күрес пен бітпес араздықтың көзіне айналдырмау қажет болды. Оның үстіне Қазақстан үшін ұлтаралық hәм дінаралық келісімді сақтап қалу маңызды еді. Елде 140-қа тарта ұлт өкілдері тұра­тынын ескерсек, қоғамдағы шиеленіс пен жүйедегі тұрақсыздық өртін тұтатуға ұлтаралық факторды пайдаланғысы келетіндердің де болғаны жасырын емес. Ондай жағдайлардың неге алып келгенін сол кезеңдегі кейбір посткеңестік мем­лекеттердің мысалынан көруге болады. Алайда, Н.Назарбаев қай-қай сынға да лайықты жауап тауып отырды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру мен биліктің түрлі тармақтарының өкілеттіктерін жа­ңаша бөлу тетігін қалыптастыру осыған айқын мысал бола алды. Ұлт көшбасшысының көрегендігі сонда, ол саналуан варианттардың ішінде ең дұрысын тап басып, таңдай білуі тиіс. Меніңше, Қазақстан тәуелсіздік алған, бір жылы бір ғасырға татитын жылдар ішінде Президент әрдайым жалқы да дұрыс жолды таңдауды жүзеге асырып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ел ара­сындағы жоғары беделі, басқарушы ре­тін­дегі баға жетпес тәжірибесі, қазақ­стан­дық социумды түп-тамырымен терең түйсініп-түсіне білуі даму стратегиясын жасаумен қатар, модернизация идеясын қоғамдық, жалпыұлттық жобаға ай­налдырды. Тәуелсіз Қазақстанның қаз тұрып, қалыптасуының бастапқы кезеңінде-ақ Н.Назарбаев өзінің саяси кредосын бел­гілеп берді: “...қантөгіс пен бүлінші­лікке алып келетін демократияның бізге қажеті жоқ. Біздің демократияның негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық тұрақ­тылық. Өзге елдер бізді демо­кратиялық спринт үшін қолпаштайды екен деп, біз туған халқымызға экспери­мент жасай алмаймыз”. Бұл әрбір мем­лекетшіл, пат­риот азаматтың қаперінде жүретін, қағи­дасы етіп ұстайтын сөздер екені айдан анық. Қазақстандағы демократиялық инс­ти­­туттардың қалыптасуы ТМД елдерін­де­гі осы тектес процестермен арагідік ұқсас болғаны белгілі. Және бұл жолда бірде-бір посткеңестік мемлекет әлеу­меттік-саяси қайшылықтар мен дүрбе­лең­дерді айналып өте алған жоқ. Әрине, Қазақстан да “күркіреген 90-жыл­дар­да­ғы” жағымсыз трендтерді айналып өткен жоқ. Солай бола тұра бүгінгі күні жаң­ғыру, жаңару жолындағы біздің қол жет­кізген табыстарымыз өзін-өзі толықтай ақтап шыққанын көріп отырмыз. Ал әу баста экономикалық реформа­лар саяси өзгерістердің алдын орады деп Президентке “айып таққысы” келгендер модернизациялық процестердің өзегі болған осы екі шарттың тамырластығын, байланысын сезінгісі келмеді яки сезіне алмады. Орта таптың қалыптасуы мен кең ауқымдағы жекешелендіру, нарықтық экономика тетіктерінің қарқынды дамуы бәсекелестікке қабілетті нарықты қалып­тастырып қана қоймай, саяси оң өзгеріс­терге де кеңінен жол ашты. Бұл Елба­сының, елдің саналы таңдауы болатын. Жаңарудың президенттік стратегия­сының аясында экономикалық реформа­лар мен қоғамның жаңа әлеуметтік түзі­лі­мін құру, елдің саяси мәдениетін қа­лып­тастыру, радикализм мен әлеуметтік масылдықтан арылу, уақыты келгенде кең көлемді саяси өзгерістерге жол ашу мақсаты тұрды. Нарықтық экономика мен орта тап­тың пайда болуы онсыз да саяси бәсеке­лестікке алып келеді. Бірақ ол тәуелсіз­діктің бас кезеңінде, кеңестік жүйе ыды­рап жатқан кездегі беймәлім, бей-бе­ре­кет “ойын ережесі” емес, экономикалық, әлеуметтік жағынан жетілген, тұрақты саяси-партиялық кеңістікке айналуы тиіс болатын. Ал дағдарыстың толқынында ту­ған саяси партиялар 90-жылдардың басында-ақ оңай ыдырап, бөлшектеліп кетті. Себебі, олар қоғамның көңіл-күйін тап басып, тани алмады. “Уақыт – төреші” деген нақыл осындайдан туған шығар. Жоғарыда айтқандай, экономикалық және әлеуметтік реформалардың табыс­ты жүруі қоғамдық институттардың да же­тілуіне, тұрақталуына мұрындық бол­ды. Партиялық-саяси кеңістіктің кескін-келбеті, ара салмағы өзгерді. Ең бас­ты­сы, Қазақстандағы саяси-партиялық құ­ры­­лыстың іргетасын билік партиясы қа­лады. Осы ретте өзге де қоғамдық топтар өздерінің саяси ортадағы партиялық жобаларын жасауға мүмкіндік алды. Кейіннен, жаңа саяси мәдениет пен қоғамдық сананың қалыптасуы туралы айтқанда Н.Назарбаев “Біз құқықтық мемлекет пен соған сәйкес саяси жүйені құра отырып, мемлекет пен қоғамның өміріне демократиялық қағидаларды өз ретімен енгіземіз. Бірақ маған бөтен тәжірибені көзсіз көшіру мен теориялық догмаларға сөзсіз ере беру қоғамның толысуынан, оның экономикалық ахуалы мен демократиялық қалпынан маңызды деп ешкім де дәлелдей ал­ма­й­ды. Біз қан­дай жақсы заңдар жазсақ та, бәрін өмірдің өзі айқындайды” деп атап көрсетті. Қазақта “қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ” дейтін мәтел бар. Кейде кертартпа, Елбасымен бой салыс­тыр­ғы­сы келетіндер Қазақстан бұдан да жыл­дамырақ дами алар еді деп санайды. Тіп­ті, жұрттың да сол ойдың жетегімен жүруін қалайтынын қайтерсіз?!. Бірақ олар мемлекет өзінің қалыптасу кезе­ңінде дамудың белгілі бір сатыларынан өтуі тиіс екенін, бұл бәрінен бұрын халықтың дүниетанымындағы өзгерістер арқылы көрінетінін қаперге алмайды. Мемлекеттік институттарды жаңарту қар­қыны тым тез немесе тым баяу бола алмайды ғой. Шын кемел саясаткер қоғамның өзгеру жылдам­дығына қарай халықтың бейімделу қабілетін де сезіне білуі тиіс. Қазақстан Президентінде осы қасиет терең ор­ныққан. Жаңғыру үрдісінің қарқыны туралы мәселе түбегейлі өзгерістер барысында пайда болатын міндеттердің ерекшелігіне де байланысты. Қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруды тездету ісін көптеген жағдайда Ұлт көсемінің өзі мойнына алады. Н.Назарбаевтың бас қаланы Алматыдан Астанаға ауыстыруы мұның айқын мысалы. Бұл тарихи жоба іске асырылған кез­де Қазақстан мемлекет ретінде қалып­тасу­­дың бастапқы кезеңінде ғана тұрған еді. Астананы ауыстыру туралы кең кө­лемді әрі шығыны мол идеяға сол уақта оппо­зиция өкілдері ғана емес, Прези­дент­ке жақын кейбір адамдардың да нара­зы болғаны белгілі. Олардың бәрі де жаңа Астананы сомдауға бөлінетін қар­жыны әлдеқайда қарабайыр жобаларға жұмсауға болар еді деп ұқты. Тап осы мезетте Елбасы факторы бірден үш тұрғыда, айрықша жарқырап көрінді. Бірінші деңгей – ішкі-сыртқы себеп­терден тұратын факторлардың барлығын ескере отырып, шешім қабылдау. Н.На­зар­баевты шешім қабылдауға итермеле­ген негізгі себеп жаңа Қазақстанның, ұлт­тық жаңғыртылған жобаның, бола­шақ­қа ұмтылған елдің бейнесін жасау мұраты еді. Бұл – Қазақстан халқының, қа­зақтың көкірегіндегі ұлы мұрат болатын. Екінші деңгей – қоғамды қабыл­дан­ған шешімнің дұрыстығы мен қажет­ті­гі­не сендіру болды. Н.Назарбаевқа, Ұлт көшбасшысы ретінде, саяси практика тұрғысынан диктаторлық тәсіл мүлдем жат. Оның қолтаңбасы – табандылық, сонымен бірге істің дұрыстығына қарсы­ластардың көзін жеткізу, тіпті қар­сы­ласты өзінің одақтасы мен пікірлесіне айнал­дыра білу. Рас, бұл маңызды саяси шешім үшін ымыраласу деген сөз емес, әрдайым оң нәтижеге ұмтылу ниеті ғана. Елбасы осы ниетіне жетті әрі осы жолда алдымен ел-жұртының қолдауы мен түсіністігіне, артынан құрметі мен алғысына ие болды. Үшінші деңгей – бастаған істі аяғына дейін жеткізу. “Астана жобасы” тек астана ауыстыру мақсаты емес, тек жаңа қаланың символына айналған таңға­жай­ып ғимараттар салу емес, бұл – Аста­на­ны Қазақстанның, қала берді құр­лық­тың нағыз қаржылық, экономикалық, саяси, мәдени орталығына айналдыру­дың күн сайынғы қауырт жұмысы, тірлігі. Жаңа елорда бүгінде қазақстандық жаңғыру мен жаңарудың бастауы, мем­лекеттің табыстарының көрмесі тәрізді. Қазақстандағы ғана емес, күллі еур­азия­лық кеңістіктегі ең бір маңызды, мақтан тұтарлық жоба. Мұның бәрінің артында саясаткердің ауыр да ғажап еңбегі тұр. Астана ауыстыру тәжірибесі, Н.На­зар­баевтың терең сенімі бойынша, ТМД-ның өзге елдеріне де өзекті мысал болып қалады. Шын мәнінде, Елбасы ұсынған “Астананы дамыту арқылы мемлекетті дамыту” тезисі тоталитарлы экономи­кадан нарықтық экономикаға көшіп жатқан елдер үшін ерекше көкейкесті ұғым. Өнеге аларлық дүние. Ұлт көсемінің рөлі қиын-қыстау, күрделі уақытта ғана емес, елдің ертеңін, болашағын айқындайтын “тарихи жылдарда” да өзекті бола түседі. Жаңа Қазақстан тарихы үшін Елбасының рөлі дәл сондай. Тұрақтылық кезеңінде ко­ман­­далық жұмыстың күшеюі байқалады. Халықтың да бірлігі, ынтымағы нығай­ды. Бүгінге деген сенімі күшейді. Келер күнге деген үміті зорайды. Бүгінгі таңда ұлт­тық элитаның жауапкершілігі барын­ша артып отыр. Бұл да Н.Назарбаев құрған саяси жүйенің артықшылығын көрсетеді. Бірақ дағдарысты кезеңде, ел тағдыры сынға түскен шақтарда, қабылданған шешімнің жүйелігі мен жеделдігіне тәуел­ді болатын тұстарда, әрдайым жауапкершіліктің бар жүгін Президент өз мойнына артумен келеді. Мемлекет пен қоғамды ары қарай дамытудың іргетасы, міне, осы жауапкершілікпен біте қай­насып, бірге қаланған. Қазіргі заманғы тарихтың ең бір күрделі кезеңдерінде, әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеру ісінде халық осы жауапкершілік пен қамқорлықты шынайы сезінді. Біз Президентті Елбасы, ұлттық стратег ретінде ғана емес, ғаламдық деңгейдегі жолбасшы ретінде тағы да таныдық. Әлемдік қаржы дағдарысының себе­бін көптеген сарапшылар әлемдік валюта және қор нарықтарының әлсіздігінен көреді. Егер дағдарысты бағалауға оның сыртқы көріністері тұрғысынан келсек, мұнда шындықтың үзігі бар. Қазақстан Президенті әлемде болып жатқан келеңсіз өзгерістерге мүлдем бас­қа, соны көзқарас білдірді. Оның пікір­лері жалпы теориялық толғаныс түрінде емес, нақты ұсыныстар түрінде берілді. Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарыстың келбетін тек заттық белгілер деп емес, өркениеттің шынайы көріністерімен терең байланыстырады. Мысалы, адами өлшем­нің жоғала бастауы, саясаттың өзінде “бизнес-ойлаудың”, яғни сауда-сат­тық­тың дендеп енуі, негізгі ереже­лер­ді ұмыту – осының бәрі қазіргі заманғы эко­номикалық үлгінің сетінеуіне алып келді. Қазіргі заман мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы саналы се­ріктестік қарым-қатынастардың болуын талап етеді. Егер мұндай қарым-қаты­нас­тар болмаса немесе әлем тепе-теңдік не­гізде дами алмаса, онда алақол, ұяты жоқ топтың ісі үшін мемлекеттің тәуекелге баруына тура келеді. АҚШ өкіметінің, сондай-ақ бірқатар еуропалық мемлекет­тер­дің ірі банктік құрылымдар мен ин­вестициялық компаниялардың “тесікте­рін” жамап-жасқауы осыған ұқсас жайт. Н.Назарбаевтың пікірінше, мұндай амал­ды халықаралық деңгей түгілі ұлттық деңгейде қолдануға болмайды. Мұндай жағдайды бизнестің өзімшіл өкілдеріне қарсы қатаң шаралар қолдану арқылы да, “мемлекет – бизнес – қоғам” үшті­гін­дегі өзара қарым-қатынастағы мінез-құ­лықты терең өзгерту арқылы да түзеуге болады. Бұл жетілудің, жетілдірудің өзекті факторына айналуы тиіс. Өйткені, жаңа қоғамға “ескі жүкті” арқалап барғаннан ешкім де ұтпасы анық. Сондықтан, Н.Назарбаевтың “дағда-рыс сабақтары”, бәрінен бұрын, жүріп өткен жолды терең зерделеуге, жүйелік тазару мүмкіндігін мейлінше пайдалануға үйретеді. “Бұрынғы адам капиталындағы жаңа технологиялар” нұсқасы кез келген реформатор үшін жеңіліске бастайды. Тек жетілу, жетілдіру жобасын қабыл­дай­­тын психология ғана жағымды өзге­ріс­тер жасай алады, орасан табысқа жеткізеді. Бұл стратегияның әдістемесі – Елба­сының өмірлік тәжірибесінен туын­дай­ды. Біз, 90-жылдардың соңында, “Қа­зақ­стан Малайзия немесе Сингапур сияқты елдердің тәжірибесін пайдаланады” дейтінбіз. Ал қазір әлемдік орталық­тардың өзі қазақстандық бастамаларға ықыласпен қарайтын болды. Біздің көзқарас пен ұстаным өзін-өзі толық ақтады. Қазақстан дағдарыстан айрықша қысқа мерзімде шықты. Бір ғана мысал, 2007 жылдың тамыз айында ұлттық банк жүйесінің жалпы сыртқы қарызы 33 млрд. долларды құраған. Ипо­текалық несие беру саласында тоқырау құ­былыстары белең алған болатын. Тұр­ғын үйдің нарығы 10 пайызға төмендеді. 2009 жылдың ортасына таман қазақ­стандық банктердің сыртқы қарыздануы мәселесі біршама шешілді. Алтын-валюта қорлары жедел өсті. Ипотекалық несие төңірегіндегі шиеленісті басудың оңтайы келді. Қазақстан экономикасын сауықты­рудағы негізгі рөл “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорына бе­ріл­ді. Осы қор жүзеге асырған дағдарыс­қа қарсы тұрақтылық шаралары мен модерниза­циялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында Қазақстан эконо­микасы аяғынан тұрды. Қазақстандық үлгіні табысқа кенелт­кен маңызды фактордың бірі – ішкі жаңарудың құрамдас бөлігі ретінде қаралған сыртқы саясат болғаны айқын. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы орасан еңбегі ел ішінде ғана емес, әлемдік қауымдастық деңгейінде лайықты мойындалды. Әлем­дегі негізгі, беделді саяси күштер тара­пы­нан Қазақстанға қатысты әрдайым реформаны тұрақты қолдайтын шешім­дер қабылданып келеді. ҚР Президентінің ядролық қарудан бас тарту туралы аса маңызды шешімі – стратегиялық, көреген қадам. Соның ар­қа­сында біз өркениетті, таңдаулы мем­ле­кеттердің қатарынан ойып орын ал­дық. Әлемдік беделді мемлекеттер мен Қазақстанның арасындағы қарым-қаты­насқа мүлдем жаңа мазмұн берілді. Қауіп­сіздіктің тиімді кепілдіктерін алып, күллі мүмкіндіктерді ішкі құрылымды дамытуға шоғырландырдық. Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымы ұдайы ұлттық жобалауды жү­зе­ге асыруға, қазақстандық қоғамды жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған. Осындай көзқарастың тағы бір айқын мысалы – “Еуропаға жол” бағдар­ла­масы. “Еуропаға жол” бағдарламасында ұлттық экономиканың жаңару стратегия­сы да, саяси өзгерістердің нақты мін­дет­тері де көрініс тапты. Өкініштісі, кейбір сарапшылар бұл бағдарламаны қара­дүр­сін түсіндіреді. Оны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен байланыс­ты­рып қана қарастырады. Болмаса, тіпті бір өлшеммен – “қор көздерінің тех­но­логияға айырбасы” сияқтандырып қарайды. Әрине, бұл – қате ұстаным. Кез келген өркениетті қатынас, Шығыспен немесе Батыспен түйісу – бұл қашанда өзара пайдалы іс. Дамудың еуропалық тәсілі қоғамдық қызметтің барлық саласына, өмір сүру сапасына, тұрмыстық қалыпқа еркін таралып жа­тыр. Ең бастысы, Қазақстан үшін “Еуропаға жол” айқын да нақты тұжы­рымдалуы шарт. Бұл жаһандық міндеттер тұрғы­сынан да, қарапайым адамдар үшін де түсінікті әрі тартымды болуға тиіс. Бұл идеялардың барлығы да Н.Назар­баевтың стратегиялық жоспарларынан туындап жатыр. Маңызды мәселенің бірі – қазақ­стан­дық жаңғыру мен жаңарудың айқын идеологиясы. Ол қазіргі күннің өзінде жан-жақты сипат алған. Ол тек Қазақ­стан халқына арналмаған, біздің жақын серіктес-одақтастарымызға да арналған. Он алты жыл бұрын М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ-ситетінде сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев алғаш рет Еуразиялық одақ­тың идеясын айтты. Бұл жаңа, тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық әлеуетін біріктіру жолындағы алғашқы қадам болатын. Н.Назарбаев қисындаған еура­зиялық тұжырым өзінің өмірге қабілетті екенін дәлелдеді. Жаңа жақтаушылар тап­ты. Ізденіс пен дамудың, интегра-ция­лық үрдістердің идеологиясына айналды. Әрине, ТМД елдерінің базбір саяси топтары еуразиялық ықпалдастық идеясын бірден қабылдаған жоқ. Жақын одақтастар мен серіктестердің өзін өзара іс-қимыл үшін басқа баламаның жоқ­тығына сендіруге көп күш жұмсауға тура келді. Осы бір пайдалы да өткір идеяның іс жүзіне асуы үшін табандылық пен беріктік танытқан біздің Президент болды. “Еуразиялық экономикалық одақ: теория мен нақтылық” атты өз мақала­сында Н. Назарбаев “теңдік, еріктілік және прагматикалық мүддеге негізделген еуразиялық қауымдастық XXІ ғасырдың әлемдік экономикасы мен саясатында жаhандық фактор бола алады” деп атап көрсетті. Бұл әлдеқандай дерексіз концептке деген жай сенім емес, есті, парасатты саяси есептің қисыны болатын. Біз ХХІ ғасырдың басында-ақ халықаралық қарым-қатынастардағы бей-берекетсіз үрдістің, жаһандық диалогтағы сенімсіз-дік­тің, дау-шардың куәсі болдық. Ал Қазақстан Президенті бастамашы болған халықаралық ынтымақтастық тетіктері Еуразиядағы “кетістірудің емес, бітісті­рудің” құралына айналды. Осы ретте Еуразия идеясы орныққан “үш кит” – Еуразиялық қауымдастықтың, Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары бойынша кеңестің, және Шанхай Ынты­мақтастығы Ұйымының – еуразиялық ортақ идеяның шынайы көрінісі, маңыз­ды ықпалдастық құрылымдар болып табылады. Президент Н.Назарбаевтың олардың қалыптасуы мен дамуындағы рөлін екі ауыз сөзбен бағалау мүмкін емес. Осы бір ықпалдастық жобаларын алға жылжытуда Елбасының көсемдік әлеуеті анағұрлым айқын көрінді. Қазақстан Президентінің жеке беделі, сұңғыла саясаткерлігі мен әлемдік негізгі күштер орталықтарының арасындағы диалогты шебер ұйымдастыру қабілеті жоғарыдағы ұйымдардың да мәртебесін барынша өсірді. Көптеген сарапшылар­дың, мысалы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын “ХХІ ғасырдың, болашақтың ықпалдастық одағы” деп атайтыны кездейсоқ емес. Еуразиялық ықпалдастықтың тағы бір маңызды бағыты – Еуразиялық Эко­но­микалық Қауымдастық. Бұл да Мәс­кеу мемлекеттік университетінің қабыр-ғасында ҚР Президенті айтқан идеяның жүзеге асуының көрінісі. ЕурАзЭҚ-ты сомдаудың әдістемесі, оның бүгінгі қызметінің толығуы, даму болашағы мұның бәрі, қалай айтсақ та, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамаларымен тікелей байланысты. Мұнда еуразиялық эконо-микалық ынтымақтастықтың үш негізгі басымдығы талданған. Біріншіден, еура­зиялық кеңістікті мекендеген халық­тардың тарихи экономикалық бай­ланыстарының жаңғыруы. Екіншіден, мүше мемлекеттердің қазіргі заманғы әлеуетін тиімді үйлестіріп, ресурстық мүм­кіндіктерін өзара толықтыру. Сон­дай-ақ, бұл еуразиялык мемлекеттердің дағдарыстан кейінгі кезеңге алған тиімді “билеті”, жаңа жаңғыру, жаңару жоба-сының іргетасы болмақ. Қазақстан, Ресей, Беларусь мемле­кеттері арасындағы келісіммен құрылған Кеден одағы да жоғарыдағы ойларымыз-дың жарқын мысалы. Бұл ұйымның Қа­зақ­станға беретін пайдасы зор екенін озық, сарапшы экономистердің өзі мойындап отыр. Еуразиялық экономикалық жобаның жалпы бағыты Н.Назарбаевтың соңғы жұмыстарында нақты сызылған. Қазір бұл тиімді және экономикалық негізді құ­ры­лымға айналып қана қойған жоқ, әр деңгейдегі және әр түрлі жылдамдықтағы дамуды үйлестіріп, қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан еуразиялық кеңістіктегі елдердің саяси, экономикалық, мәдени ынтымағы, ұлтаралық келісім мен түсі­ністік, өзара жәрдем мен сыйластық осы кеңістіктегі мемлекеттердің еркін дамуы­на, бейбіт келешегіне кепілдік жасайды. Жалпы, Н.Назарбаев тұжырымдап берген ықпалдастық арқылы даму идео­логиясы осынау жаhандық идеяның түп негізі болып табылады. Назарбаевтың халықаралық бастамаларының көреген­дігі мен өміршеңдігін бүгінде дүниежүзі танып, мойындап отыр. Мұны үлкенді-кішілі мемлекеттер басшыларының, саяси, қоғам қайраткерлерінің біздің Президент туралы білдірген жылы лебіздері мен құрметтерінен-ақ аңғаруға болады. Басқасын айтпай-ақ қоялық, күні кеше ғана Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстан Президентін “түркі дүниесінің көшбасшысы” деп танимыз деуінің өзі Қазақстан мен оның Көшбасшысының орасан халықаралық беделінен хабар берсе керек. Дау жоқ, бүгінгі күнге дейін Қазақстан саяси және экономикалық жаңғыру жолында көп нәрсеге қол жеткізді. Алайда, біз тек жолдың бір бөлігін ғана жүріп өттік. Әлемдік қаржы дағдарысын еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсу үшін елдің алдында жаңа мақсат-міндеттер тұр. Егер қазіргі заманғы жаңғыртылған мәтінді ең ықшам түрде белгілесек, оны үш негізгі бөлікке бөлуге болатындай: адам капиталының ең жоғарғы деңгейі; өндірістік-инновация­лық стратегияны басшылыққа алу; экономикалық, саяси өзгерістердің бір мезгілде үйлестірілуі. Н.Назарбаев атап өткендей, жаңа даму жобасы бәрін тегіс қамтиды. Бұл міндеттер “Қазақстан-2030” Стратегиясы аясында әбден пысықталып, тұжырым-далған. Еліміздің стратегиялық даму ба­ғыт­тарымен үндес. Алайда, осы бағдар­лама жүзеге аса бастаған мезгілден бері жаңғыру, жаңару жобасының әр бөлі­гінде, ішкі-сыртқы мағынасында маңыз­ды өзгерістер болды. Жаңа қарсылық­тарды еңсеруге, жаңа тәуекелдерге баруға тура келеді. Оларға балама жауап табуымыз керек. Бүгінгі таңда Қазақстан басшылығы алдында тұрған басымдықтардың бірегейі инновациялық экономиканың іргетасын орнықтырып, жаңа техноло­гияларды дамыту болып табылады. Осыған орай Президент былай деп мәлімдеді: “Әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесіне белсенді кіріккен бүгінгі табысты елдер “ақылды эко­номикаға” бет бұрды. Ал оны жасау үшін ең алдымен өзіңнің жеке адам капи­та­лың­ды дамыту керек. Бұл енді біздің ортақ қазақстандық жобаның барлық қатысушыларының жауапкер­шілігі. Инновация – бұл еңбек өнімділігін айтарлықтай өсіретін нәрсе. Еңбек өнім­ділігі артса, біздің халықтың әл-ауқаты қоса өседі. Тұтастыра жұмыс істеу керек; ғылым, ғылымнан соң – тәжірибе, өндірістік-тәжірибелік нұсқау және өндіріске енгізу. Бұл бізде болған емес. “Самұрық-Қазына” корпорациясын құрғаннан кейін осындай мүмкіндік пайда болады”. Осылайша, жаңғырудың жаңа сапа­лық деңгейіне өту “2020 Стратегиясы­мен” тығыз байланысты, осы жоба ая­сында өндірістік-инновациялық дамудың бес жылдығы жүзеге асатын болады. Бұл жерде әңгіме жаңа технология туралы ғана емес. Біз алға қойған мақсатымызға мемлекетті, бизнесті, азаматтық қоғамды жұмылдыру арқылы ғана қол жеткіземіз. Мемлекет бизнес таңдаған техноло­гия­ның трансфертін қолдайды, ал ғылыми қауымдастық жетілдірілген жобалардың жүзеге асырылуын, сапасын қадаға­лайтын болады. Қазақстан Президенті инновация саласындағы бүгінгі ахуалдың мемле­кетке де, қоғамға да қолайсыз екендігін жасырмайды. Осы уақытқа дейін толық­қанды жүзеге аспаған әртараптан­дыру­дың – диверсификацияның жайы да сондай. Сондықтан Н. Назарбаев ұлттық эконо­миканың технологиялық тұрғыда дамуына назарымызды аударып отыр. Н. Назарбаев үшін экономикалық жаңғыруды технологиялық жағынан қамтамасыз ету – еңбек өнімділігін арт­тыру немесе макроэкономикалық көр­сет­кіштерді сан жағынан өзгерту мәсе­лесі ғана емес. Міндеттердің шынайы жиынтығы әлдеқайда ауқымды және маңызды болып көрінеді. Оның негізінде “жаңа экономиканы” қалыптастырудағы темірқазық фактор –инновация идеясы жатыр. Таңдаудың бәсі жоғары. Не жақын жылдарда біздің ел жоғарғы техноло­гиялы және бәсекеге қабілетті экономи­касы бар мемлекетке айналады. Болмаса күллі жұмсалған күш-қуатқа қарамастан Қазақстан шикізат өндіруге бейімделген ел ғана болып қала бермек. Ұлттық көшбасшы үшін ондай дилемма болмайды. Ендеше, соңғы Жолдауда айтылған міндеттерді (“Тек инновациялар ғана еңбек өнімділігін шұғыл арттыра алады”) басшылыққа алып, нақты іс-қимылға көшетін кез жетті. Қазақстан Президенті адам капи­талының бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін қаржы аямау керектігін (ең бірінші кезекте білім саласына); мемлекеттік – жеке серіктестік тетігін нығайтуды; аймақтарға қаржы құю саясатын мұқият пысықтауды және осы ретте аймақ бас­шыларының жауапкершілігін арттыруды сан мәрте айтты. Расында, жаңғырту, жетілдіру жобасының ең маңызды бөлігі адам капиталы болып табылады. Мұнсыз XXІ ғасыр экономикасына – білім экономикасына өту мүмкін емес. Қазақстанды қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, гүлденген мемлекетке айнал­дыруда негізгі рөлді әрдайым “бірінші адам” факторы – Елбасымыз, Прези­дент Н.Ә.Назарбаев атқарады. Қазақ­станның тәуелсіздігі, елдің бақуатты, бейбіт тұрмысы Президентпен тікелей бай­ланысты. Мұны халық та, Елбасы­ның тілеулестері де, қарсыластары да мойындайды. Күні кеше ғана қабылданған “Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы туралы” Конс­ти­туциялық заң да туған халқының, тарих пен уақыттың Нұрсұлтан Әбішұлына берген әділ бағасы, көрсеткен құрметі мен алғысы екені даусыз. Қазақ мем­лекетінің негізін қалаушы, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы – елдің жасампаз бүгіні мен жарқын болашағының кепілі. Біздің міндетіміз – Елдің, Елбасының аман­дығын тілеп, қолымыздан келгенше қолдау, көмек көрсету болуы тиіс. Дархан КӘЛЕТАЕВ, “Нұр Отан” ХДП Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарушы директоры.