• RUB:
    5.17
  • USD:
    529.7
  • EUR:
    545.96
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:48

ҰБТ басталды

19 рет
көрсетілді

Осы аптаның басынан қаңтар айында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды, бұл 10 ақпанға дейін жалғасады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 167 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,7%-ы қазақ тілінде, 23,2%-ы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге ниет білдірді.

Қаңтар ҰБТ-сын өткізудің бірінші күні Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласындағы тес­тілеу орталықтарының бі­рін­де болды. Ол ҰБТ-ның өту бары­сымен танысып, болашақ сту­денттерге сәттілік тіледі.

«Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 2277 адам, оның ішінде елордада 155 талапкер ҰБТ тапсырады. Ең көп таңдалатын бейінді пәндер комбинациясы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлердің 17,5%-ы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаған. Яғни бұл – болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 17,3%-ы «Биология-Химия», 10,3%-ы «Математика-Инфор­матика» пән­дерін таңдады. Олар – ертеңгі медицина қыз­мет­керлері мен IT мамандары», деді министр С.Нұрбек.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгермеді, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша пәндер. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Ең жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қо­сымша 40 минут уақыт сақта­латынын айта кету керек.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педа­гогикалық бағытқа ақылы не­гіз­де ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін тү­лектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қаты­сады.