Осы жыл оқыту жүйесінде «Білімді ұлт» ұлттық жобасының тәмамдалатынымен маңызды болғалы тұр. Аталған жобаны 2021–2025 жылдары барлық деңгейде (мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық, жоғары, қосымша және инклюзивті білім) сапасын арттыруды көздейтін ауқымды жоспарлар жиынтығы деуге келер. Саланы алда не күтіп тұрғанын сол «Білімді ұлт» жобасынан болжауға болатындай. Осыдан өзге қандай мақсат, нендей меже көзделген? Діттеген мұратқа жеткізетін нақты міндеттер қайсы? Бағамдап көрейік.
Балабақшалар лицензияланады
«Білімді ұлт» ұлттық жобасындағы бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «қаражат балаға» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады. Нәтижесінде, биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, осы жылы бірқатар меже белгіленген. Атап айтқанда, барлық өңірде «Ақша – балаға» қағидатымен жолдамаларды есепке алудың, берудің, кезекке қоюдың бірыңғай базасын енгізу, мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісін 388 бірлікке дейін кеңейту, 260 мемлекеттік балабақшаны жаңарту, «Тілге бойлау» қазақ тіліне ену жобасымен 500 мың баланы қамту, сонымен қатар балабақшалардың қызметін лицензиялауды енгізу көзделген.
1300 ауыл мектебі жаңарады
Сапалы білім беруге бағытталған «Білімді ұлт» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білімнің сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын азайтуға (PISA) негізделген. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданбақ.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін биыл 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту көзделген. Аталған ұлттық жоба негізінде осы жылы шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасау қарастырылған.
Министрліктің бізге берген ақпаратына қарағанда, жоғарыдағы міндеттерге қоса 2025 жылы 329 мың оқушыға жаңа орын ашу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен 100% қамту, мектептерде интернет жылдамдығын 100%-ға арттыру, қосымша біліммен қамтуды 90-ға дейін ұлғайту, 1000 заманауи физика, химия, биология, роботтехника, STEAM пәндік кабинеттерін сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ 1300 ауыл мектебін жаңарту жобасы да биыл басталады.
Жұмысшы мамандықтары жылы
Қолжетімді, сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету «Білімді ұлт» ұлттық жобасының төртінші міндеті саналады. Осы жылы жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Бұл 9 сыныпты бітірушілерге қатысты болмақ. Бүгінде техникалық және кәсіптік біліммен қамту көрсеткіші 90%-ды құрайды. Осы оқу жылында мемлекеттік тапсырысқа 143 мың студент қабылданды. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесін төмендету жоспарланған.
Білім жүйесінің бұл бағытында биыл айтулы жыл болатын секілді. Себебі бұған дейін де айтылғандай, биыл Президенттің бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Осыған орай министрлік осы жылы техникалық және кәсіптік білімге қарастырылатын мақсатты тапсырысты 10 мың орынға ұлғайтпақ. Қазір 30 мың студент түлектердің тәжірибе жинау мен жұмысқа орналасуын ұйымдастыратын кәсіпорындардың өтінімдері бойынша оқиды. Биыл олардың жалпы саны 40 мың адамға дейін артады. Сонымен қатар Үкімет мемлекеттік білім беру тапсырысының құнын 2 есеге арттыруды, шағын бизнес қаражаты есебінен 120 колледждің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру және нығайтуды, колледж базасында 50 шағын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Қазір колледждерде студенттер практикадан өтетін 40 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Келесі жылы тағы 10 шағын кәсіпорын ашылады.
Негізі Жұмысшы мамандықтары жылындағы міндеттер межесі мұнымен бітпек емес. Өйткені жұмысшы мамандарды колледждер дайындайтындықтан, дәл осы техникалық және кәсіптік білім саласына салмақ түскелі тұр. Оқу-ағарту министрлігі жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды, «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидаты бойынша еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеуді мақсат етіп отыр. Бұл ретте белсенді кәсіптік бағдар беру жұмысын, жұмысшы кадрларды даярлау ісін жетілдіру, техникалық және кәсіптік білімнің тартымдылығын арттыру, жұмыс берушілердің жұмысшы кадрларды даярлауға және қолдауға қатысуын кеңейту, жұмысшы кәсіптерінің имиджін ілгерілету, жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейту, жұмысшы жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру міндеті тұр. Бұл бастамалар еңбекке деген құрметті қалыптастыруға, жоғары білікті кадрлар даярлауға, ел экономикасын дамытудағы жұмысшы мамандықтарының рөлін нығайтуға бағытталмақ.