Мирас 23 Қаңтар, 2025

Мерейтой аясындағы жобалар

81 рет
көрсетілді

Биыл Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің 90 жылдық мерейтойы. Осыған орай музейдің бай тарихы мен көпқырлы қызметін айшықтайтын кең ауқымды бағдарлама әзірленді.

Ә.Қастеев музейі – еліміздегі тарихы тағылымды, мазмұны бай өнер ордасының бірі. Музейде 26 мыңнан астам өнер туындысы бар. Онда қа­­зақ халқының өнері мен рухани мұра­сы қамтылған. Теңдессіз ­туындылар қатарында кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер жау­­һарлары ұсынылған. Олар­дың ішінде Қазақстан өнерінің алтын қорына енген түпнұсқа экспонаттар да бар.

Енді, міне, музейдің 90 жылдығы қарсаңында айтулы өнер ордасының ауқымды шығармашылық жоспарлары жүйеленді. Сондай айтулы оқиғалардың бірі – «Қазақстанның зама­науи өнері» атты жаңа зал­дың ашылуы. Бұл экспозиция еліміздің жетекші суретшілерінің шығармаларын қамтиды. Қазақ­станның сәндік-қолданбалы өнері – ежелгі дәуірден келе жатқан және біздің заманымызға дейін сақталған руханият пен дәстүрдің ұлттық бас­тауы саналатын маңызды бөлімді ұсынады.

Сондай-ақ биыл музей тари­хы мен өркендеуіне арналған рет­ро­спективті фотокөрме өткізу жос­парлануда. Музейдің бүгінге дейінгі тарихы мен өркендеу жолы жан-жақты қамтылатын көрмеде бірегей мұрағаттық құ­жаттар көшірмесі, фотосурет­тер ұсынылады.1935 жылдан бас­талған ғылыми, қор сақтау, көрме ұйымдастыру және экскурсиялық қызметтерге ерекше назар аударылып, осы күнге дейін өткізіліп келе жатқан көптеген көрме жобасы мен ауқымды іс-шараның фотосуреттері көрсетіледі.

Бұдан бөлек, ұжым Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен «Қазақстанның заманауи сәндік-қолданбалы өнері» атты екі томдық каталог шығаруды жоспарлап отыр. Каталогте металдан, тас­тан, ағаштан, былғарыдан жасал­ған бұйымдар, зергерлік бұйымдар, керамика, фарфор, шыны, гобелендер, киізден, жүннен және шиден жасалған сәндік панельдер бар. Туындылар 1938–2020 жылдар аралығын қамтиды.

Ал «Жанданған жауһарлар» көрмесінде 100-ге жуық реставра­цияланған туынды ұсынылады. Кескіндеме, графика, мүсін және қолөнер, тоқу, зергерлік, киізден жасалған бұйымдар және т.б. рес­таврация жұмыстары сипатталған төл­құ­жаттарымен, «дейін» және «кейін» фотосуреттерімен бірге жүреді. Көрмеге көптеген жұмысқа экспозициялық көрініс беріп, көп күш жұмсаған, елеулі еңбек сіңірген аға буын реставраторлары шақырылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар мерейтой­лық жылда Қазақстан мен әлем ара­сын­дағы мәдени диалогті ны­ғай­туға ба­ғытталған бірқатар ірі ха­лық­ара­лық жоба жүзеге асырылады. Атап айтсақ, жылдың маңызды жоба­ла­­рының бірі – Мәскеудегі атақты Третьяков галереясында өтетін музей қорындағы Әбілхан Қастеев жұмыстарының көшпелі көрмесі. Онда шебердің 50 графика және акварель жұмыстары ұсынылады. Ретроспективалық көрмеде ресей­лік көрермен суретшінің шығар­машылық дамуының барлық кезең­дерін тамашалай алады. Ал Орал Таң­сық­баевтың 120 жылдығына ар­нал­ған Өзбекстан мәдениет және өнер­­ді дамыту қоры ұйымдастыр­ған халық­аралық жоба Қазақстан мен Өзбек­станның жетекші музейлері­нің коллекцияларын біріктіреді. Сон­дай-ақ Қытай Ұлттық музейі­нің халықаралық көрмесінде қытай­лық ерекше кескіндеме, мүсін, гравюра, композициялық материал, акварель, гуашь және лак кескінде­месі секілді 50-ден астам туынды ұсынылады. Музей ауқымындағы тағы бір маңызды ғылыми оқиға – жыл сайынғы «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конферен­ция­сы. Дәстүрлі іс-шарада музей ісін зерттеушілер мен өнертанушылар бас қосып, музей жұмысының маңызды мәселелері талқыланады деп күтіліп отыр.