Соңғы бес жылда Атырауда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы индустрияландыру картасымен 35 инвестициялық жоба іске асырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 76 миллиард теңгені құрап, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осы кезеңде индустрияландыру картасы шеңберінде кәсіпорындар 33 миллиард теңгенің отандық өнімін өндіріп, қызметін көрсетіпті. Алайда, іске қосылған кәсіпорындардың арасынан екеуі ғана жобалық қуатына жете қоймаған. Әрине, мұның себептері алға тартылады.
Ал биыл 14 кәсіпорынның жобалық қуатына жетуіне байланысты индустрияландыру картасынан шығарылатындығы күтіліп отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жылы 11 инвестициялық жобаны іске қосу жобаланыпты. Бұларға салынған инвестициялық қаржы – 226 миллиард теңге. Осы жобалар іске қосылғанда жаңадан 1300-ден аса жұмыс орнын құрудың мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұған қоса, 210 гектарлық индустриялық аймақ құру жоспары бар. Мұнда экономиканы әртараптандыруға байланысты, әсіресе, мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге қолайлы жағдай жасалмақ.
Дегенмен, шағын өндіріс орнын ірі кәсіпорынға айналдырған кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына жүгінуден әлі бас тартпайды. Мемлекет оларға қандай қолдау көрсете алады? Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Энергетика министрі Владимир Школьниктің Атырау облысына сапары барысында нақ осы мәселеге екпін түсірілді. Өйткені, Атыраудағы ірі кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, өңірдегі кәсіпорындарда тендер өткізудің ашықтығы әлі көңілге қона қоймайды. Ал «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасымен тұрғын үй құрылысын жүргізетін кәсіпорындар үшін тұрғын үй шаршы метрінің бағасына өзгеріс енгізілгенін қалайды.
Өңірдегі отандық кәсіпорындар тынысымен кеңірек танысып, олардың басшыларымен жүздескен министрлер мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындарға ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. «Жұмыс берушілердің басты мақсаты – жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу, сонымен бірге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау», деген ұйғарым жасады министрлер. Осыған өңірдегі 82 жұмыс берушімен арада меморандумға қол қойылды. Дәл қазіргі уақытта бұларда 38 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Мақсат – жұмыс орындарын қысқартпау және отандық тауар өндірушілерді қолдау.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.