Биыл Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Осыған орай, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Қонаев қалалық мәдениет үйінде өнер тарланының ғасыртойына арналған салтанатты шара шымылдық ашты.

Қазақ даласын күмбірлі күйімен тербеген дәулескер күйші, сайыпқыран сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тіленді арнайы қатысты. Сондай-ақ өңірдің барлық аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері мен өнер жанашырлары залдан орын алды. Өнерсүйер қауымның назарына Н.Тілендиевтің жеке заттарынан тұратын көшпелі көрме ұсынылды.
«Өнерді ұлт жанына балаған халқымыз қашанда мәдениетті ұлықтап, мәдени мұрасын көзінің қарашығындай сақтаған. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Енді міне, кең даланы күйімен күмбірлеткен ұлт перзенті Нұрғиса Атабайұлының мерейтойына арналған халықаралық іс-шаралар тізбегі жоспарланып отыр», деген өңір басшысы Алатаудың баурайында өмірге келген композитордың өмір дерегін ел есіне салды. Сондай-ақ облыс әкімі ЮНЕСКО көлемінде аталатын өнер қайраткерінің жүз жылдығы аясында іргесі жаңадан қаланған руханият ошақтарына Нұрғиса Тілендиев есімі берілетінін ерекше атады.
«Бүгін Қазақстан халқы үшін айтулы оқиға. Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының жалауын көтерген, қазақ күй өнерінің, музыкасының беделін, абыройын асқақтатқан құрметті тұлға. Ол бір ғана мектептің шығармашылығын арқалаған жоқ. Оның тұтас шығармашылығын қарап отырсақ, сонау Қорқыттан, Асанқайғыдан, Кербұғыдан, берісі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина сияқты күй саңлақтарынан бастау алатын күй өнерін ХХ ғасырда республика бойынша ұлттық деңгейге көтеріп, өзі де ұлттық тұлға ретінде қалыптасты. Және де ұлттық өнерімізді бүкіл әлемге паш етті», деген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев барша жұртқа Мемлекет басшысының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.
Салтанатты шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құттықтауы көпшілік назарына ұсынылды.
Еліміздің жарық жұлдызына айналған өнер қайраткері Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған музыкалы-поэтикалық кеш барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мадина Сәдуақасова, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова өнер көрсетті.
Салтанатты кешке «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары қатысып, ән мен күйден шашу шашты.
Еске салсақ, күй құдіретін санаға сіңіріп, жүрекке жеткізген әйгілі күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Атабайұлы асқақ Алатаудың саф ауа, мөлдір бұлағынан нәр алған. Халық Қаһарманы Іле ауданының Шилікемер ауылында 1925 жылдың 1-сәуірінде өмірге келген. Қазір бұл ауыл біртуар өнер тарланының, яғни Нұрғиса Тілендиевтің есімімен аталады.
Ұлттық өнер қорына мол мұра қалдырған ақиық өнер иесінің шығармашылығына келер болсақ, ол «Алтын таулар» операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен», поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. Мәселен, Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Айтматовтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдері әрқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.
Алматы облысы