• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2015

Ізгілік іздері

407 рет
көрсетілді

Шығыс медицинасының атасы Әбу Әли Ибн-Сина бір замандары: «Дәрігерде қыранның өткір көзі, бойжеткеннің нәзік қолы және арыстанның жүрегі болуы тиіс», деген екен. Осы жерде әйгілі емшінің: «Дәрігердің сөз, өсімдік, пышақ деген үш қаруы бар» дейтіні де еске түседі. Он ғасырдың арғы қапталынан бүгінгі күнге дейін арымай жеткен бұл қағида қазір де өзінің құнын жойған жоқ. Ал осы талаптар мен сипаттардың бәрі бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап келе жатқан хирург-дәрігер Сағындық Шәмшиевтің ­бойынан табылар еді. Қазір қарап тұрсам, әріптес ағамызбен аралас-құралас болып келе жатқанымызға қырық жылдың үстіне шығып кетіпті. Ол облыстың медицина саласына 1968 жылы келді. Араға 4-5 жыл салып, осы сүрлеуге біз де түстік. Екеуміз де қызметті дәрігер-анестезиолог ретінде бастап, көп ұзамай дәрігер-хирург болып біржола бекідік. Содан бері оны өз ісін жанындай жақсы көретін майталман маман, кісілігі мен кішілігі тең түскен абзал азамат, жүрегі жылылыққа толы жомарт жан ретінде жақсы білемін. Осы жылдарда Сәкеңнің сырбаздық, сыршылдық, байсалдылық, бірсөзділік, уәдеге беріктілік, тиянақтылық, ұқыптылық, ыждағаттылық, еңбекқорлық, ізденімпаздық сияқты абзал қасиеттерінің біз секілді ізінен ерген көптеген інілеріне үнемі үлгі-өнеге болып келгені тағы анық. Біз сөз етіп отырған Сағындық аға 1945 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданындағы Карл Маркс атындағы (бүгінде Нағи Ілиясов) ауылда туған. Соған дейін Қалима анамыз 13 құрсақ көтерген екен, бәрі туылар-туылмаста шетіней беріпті. Көретін жарығының болғаны шығар, 14-ші перзент болып дүниеге келген ағамыз ғана аман қалыпты. Бірақ, оған әлемнің жарығын сыйлаған анасы осыдан кейін денсаулығын түзей алмай, қарашаның қара суығында өмірден өтіп кетіп­ті. Бұған бір жағы ауылдағы фельд­шердің немкеттілігі мен шалағайлығы да себеп болған сияқты. Сағындық ес білгелі жұрттан анасының ақжарқын, қарулы, еңбекққор, адал адам болғанын естіп өседі. Осының бәрі оның анаға деген сағынышын жыл асқан сайын арттыра түседі. Бұл сағыныш желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектің көкейінде адам жанына араша түсетін дәрігер болу арманын бүршік жарғызып, шешек атқыза бастайды. Сол арманның әлдилеуімен мектеп бітірген ол Алматы медициналық институтына келіп, оқуға түседі. Оқу орнын, жоғарыда айтқанымыздай, емдеу факультеті бойынша бітірген жас түлек 1968 жылы Қызылорда қалалық ауруханасына жұмысқа тұрады. Бастапқыда анестезиолог болып қызметін бастаған ол бірқатар уақыттардан соң хирургтік мансабын да ­бастайды. Содан бері өткен жылдардың бедерінде Сағындық ағамыз 5 мыңнан астам күрделі операциялар жасап, көптеген аурулардың өмірін сақтап қалды. Осы жылдарда 15-тен аса ғылыми-әдістемелік жаңалықтар енгізіп, өзінің ғылымға деген қабілет-қарымын да таныта білді. Сонымен бірге, анестезиолог-реаниматор мамандығын жақсы меңгеріп шықты. 1976 жыл Сағындық Шәмші­ұлының дәрігерлік қызмет жо­лындағы белесінде күрт бұрылыс орын алған кезең болды. Ол осы жылы қалалық дәрігерлік жедел жәрдем бөлімшесіне бөлім меңгерушісі болып ауысты. Міне, содан бастап белсенді дәрігерлік қызметін біржола осы салаға арнады. Ол арада екі жыл өткенде, 1978 жылы станса бас дәрігерінің орынбасары болып тағайындалды. Ал 1982 жылдан 2012 жылы зейнетке шыққанға дейінгі тура 30 жыл бойына осы стансаның үзіліссіз бас дәрігері болып қызмет атқарды. Жай басқарып қана қоя салған жоқ, жыл-жылдап үлкен абырой мен құрметке кенелді. Ол басшылық жасаған жылдарда қалалық аурухананың жедел жәрдем бөлімшесі өз алдына дербес құрылым болып қайта құрылды. Енді «станса» деген статус алған мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Қала ­бойынша 3 жедел жәрдем бөлімшесі мен зарарсыздандыру орталығы ашылды. Стансада кардиология, үдемелі терапия, акушерлік, ­балалар дәрігерлері шақыру топтары қатарға қосылды. Бастапқыдағы 3 бригада саны 20-ға, дәрігерлер сапы 5-тен 103-ке дейін артты. Құрылымдағы барлық қызметкерлердің қатары 600-ден асып түсті. Дәрігерлердің санаттылық дәрежесі 87,5 ­пайызды, ал орта буын кадр­лар 83,6 пайызды құрады. Станса қаладағы 250 мыңнан астам жұртшылық пен Тасбөгет, Талдыарал, Махамбет, Абай, Қаракөл, Қарауылтөбе, МИС, Белкөл, Бірқазан секілді елді мекендер тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Әдетте басшылық қызметте ұзақ уақыт отырған адамдарда пенделік менмендік, өктемдік пайда болып жатады. Біздің Сағындық ағамыз керісінше «ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты қағиданы берік ұстанып, жасы ұлғайған сайын инабатты да ғибратты бола түсті. Сондығынан болар, жалған сөйлеуді, көлгірсуді білмейтін, әңгіменің ашығы мен адалдығын айтатын қалпынан бір танған емес. Бұған қоса, адам тәрбиесіне, шәкірт тәрбиелеуге көп көңіл бөлді. Кез келген дәрігердің кәсіби маман болудан бұрын ең алдымен нағыз адам болуы керектігін қарамағындағы медицина қызметкерлерінің саналарына сіңірумен келді. Осы адамдық биік қасиеттерді жоғары ұстағаны шығар, өзіне еңбек жолын жаңа бастаған кезде жанашыр болып, қамқорлық көрсеткен Ернияз Омаров, Тұрғанбай Маханов, Базарбай Атабай секілді әріптес ағаларын үнемі ерекше атап ­отырады. Бүгінде жоғары санатты дә­рігер-ұйымдастырушы, І санатты дәрігер-хирург дәрежесіне жетіп отырған Сағындық Шәм­шиевтің осы жылдардағы қалт­қысыз қызметі елеусіз де қалған емес. Ол – «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», бұдан басқа «Ша­пағат» және «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіз­дігіне – 10 жыл» медаль­дары­мен, «Денсаулық сақтау ісіне қос­қан үлесі үшін» төсбел­гі­сімен наградтал­ған. Сондай-ақ, ол «Қызылорда қала­сының үз­дік дәрігері». Сонымен қатар, Қа­зақ­стан Республикасы Прези­ден­тінің Алғыс хатына ие болды. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының қалалық жедел жәрдем станса­сындағы ұйымын, сондай-ақ осы мекеме ардагерлер кеңесін басқарады. Абдулла ШҮЛЕНБАЕВ. ҚЫЗЫЛОРДА.