• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАЖЕТТІ ЗАҢДАР ҚАБЫЛДАНДЫ

511 рет
көрсетілді

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның пленарлық отырысында онға тарта Кеден одағы жұмысын жүйелейтін заңдық құжаттар қаралды. Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндап берген заң жобалары депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.Сондай-ақ кешегі отырыста де­путаттар назарына Экономика­лық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова бес заңдық құжат ұсын­ды. Атап айтқанда, “Қа­зақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағын қа­лып­тастыру шең­берінде халықаралық шарттарды қолдану туралы шартты ра­тифи­ка­циялау туралы” және “2010 жылғы 28 мамырдағы Қа­зақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясы арасындағы Кеден одағын қалыптастыру шеңберінде халықаралық шарттарды қолдану туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы”, сондай-ақ жеке тұл­ға­­лар­дың жеке пайдалануға арнал­ған тауарларды Кеден одағының кеден­дік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байла­ныс­ты ке­дендік операцияларды жасау тәртібі туралы; Кеден одағының кедендік аумағында еркін (ар­найы, ерекше) экономикалық ай­мақтар және ер­кін кедендік ай­мақтың кедендік рә­сімі мәселелері жөніндегі және ер­кін қоймалар мен еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімдерді ра­тификациялау туралы заң жоба­лары ұсынылды. Министр өз сөзінде келісім баж салығын төлемей өткізудің құндық, сандық және салмақтық нормала­рын бекітетінін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда баж са­лы­ғын төлемей 50 килограмм және 1 мың АҚШ дол­ларына дейін тауарды тегін алып өтуге болады. Келісімге сәйкес, қазақстандық мөлшер 50 кил­лограмм деп алы­нып, баж салы­ғы Ресейдікіндей 1500 еуроға көте­ріліп отыр. Яғни, бірыңғай ставкаға сәйкес, кеден құнынан 30 пайызға дейін, осы ретте әрбір артық ки­лограмм үшін 4 еуродан кем емес сома төленуі тиіс. “Кеден одағы тауары” деген түсінік те енгізіліп, тауарлардың қайдан шыққаны айқындалатыны да белгілі болды. Хаттаманы ра­ти­фикациялау еліміз­дің халықара­лық міндеттемеле­рін орындау үшін құқықтық негіз қалайды. Соңғы келісімдер импорт­тық тауарларды елдің экономи­ка­лық аймақтарында немесе еркін қой­маларда орналастыру мен пайда­лануға мүмкіндік туғызады. Сенатор Ғарифолла Есімнің сұрағына орай жауабында ми­нистр кедендік баж салығының тө­ленуін еліміздің сыртқы сауда­сының үш­тен бір бөлігі Еуро­па­лық Одақ елдерімен байланысты екендігімен түсіндірді. Жеке тұл­ғалардың сырт­тан жеңіл автокөлік әкелуіне же­ңіл­діктер қарастырыл­ғанына бай­ланысты түсінік беруін сұраған Бауыржан Мұхамеджанов мұндай жеңілдіктер жаңа авто­көліктер әке­лушілерге жүрмей ме, деген сауал қой­ды. Министрдің айтуынша, үсті­міздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 3-5 жыл пайдалануда болған жеңіл автокөліктер үшін салық 35 пайызды құраған. Бұл қозғалт­қыш­тың әрбір сантиметріне 1,2-2,8 еуро болады екен. Ал 5 жылдан асқан автокөліктерге 2,5-5 немесе 8 еуро деп бекітіліпті. Жаңа ережеге сәй­кес, енді қазақстандықтар жылына бір рет жеңілдік бойынша 1 авто­көлік әкелуге құқылы. 3-10 жыл пай­далануда болған көліктерге са­лықтық ставка 0-0,35-тен 0,6 еуроға дейін белгіленіп, салықтық төлем 5-6 есеге дейін төмендемек. Осы­лайша заң жобаларын жан-жақты талқылаған сенаторлар оларды қабылдауды ұйғарды. Жалпысында, сенаторлар күн тәртібіне енгізілген 26 мәселені қарап, олар бойынша тиісті ше­шім­­дер қабылдады. Олардың қата­рын­да жерді қашықтықтан зондтау, “Байқоңыр” кешеніне бару тәртібі, Қазақ-неміс универ­ситетін дамыту, Қытай газ құбы­рын салу мен пай­далану сияқты маңызды заңдық құ­жаттар да бар. Аталған пленарлық отырыс Се­нат­тың жазғы демалыс алдындағы соңғы отырысы болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.