• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2010

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛДЫҢ ЖЕМІСІ

785 рет
көрсетілді

Алматы облысы Қарасай ауданының Алмалы бақ ауылында  Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына (ҚазЕӨШҒЗИ) 75 жыл толуына арналған “Егіншіліктің, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен биологиясының жетістіктері және болашағы” атты екі күндік халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Бүгінде аталмыш ҒЗИ Қазақстанның агрономиялық ғылымын және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мақсатында егіншілік, өсімдік шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, агрохимия, агротопырақтану және агроэкология салаларын қалыптастыруда жетекші рөл атқарып келеді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, “Егемен Қазақстан”. Негізін сонау 1934 жылы қала­ған В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу инсти­туты кезінде республика көлемінде жүргізілген егіншілік және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша барлық ғылыми-зерттеу жұмыста­рын біріктіруші ғылыми-әдісте­ме­лік орталық болып құрылған-ды. Ал одан кейінгі жылдары респуб­ли­кадағы ауыл шаруашылығы ғы­лы­мымен айналысатын мекемелер­дің жүйелі жұмыстарын ұйым­дас­тыруда да үлкен рөл атқарды. Бү­гінде ҚазЕӨШҒЗИ шығарған сорт­тар мен будандар Қазақстанда және таяу шетелдерде 2,5 млн. га егістік алқапта өсірілуде. Бұған қосымша соңғы 10 жыл ішінде институт ға­лым­дары 57447 үлгіге талдау жүргі­зіп, астық, дәнді бұршақ, техни­ка­лық, майлы, жарма және мал азық­тық дақылдардың ұлттық генетика­лық қорын қалыптастырды. Мә­се­лен, осындай көпжылдық жұмыс­тардың нәтижесінде институтта жоғары өнімді әрі өнімі сапалы, қоршаған ортаның абиотикалық және биотикалық факторларына төзімді ауыл шаруашылығы дақыл­дарының 400-ден астам сорты мен буданын шығарды. Олардың 135-і өндіріске пайдалануға рұқсат етіл­ген. Институт жыл сайын астық дақылдарын – 450, жемдік дәннен – 130, дәнді бұршақтан – 120, мақсарыдан – 60, жүгеріден – 50, мал азықтық дақылдан 10 тоннадан жоғары сапалы кондициялық тұқым өндіреді. Кез келген мекеменің табысты жұмыс атқаруы оны басқарушы тұлғаға тікелей байланысты. Инс­ти­тут құрылғалы ғылыми мекемені 14 директор: А.Х.Авсаров (1935-1938), К.Б. Бабаев (1942-1948), А.Ж. Жанғалиев (1949-1952), А.И. Бараев (1953-1957), Х.А.Арыстан­бе­ков (1957-1958), Н.Н. Нечипоренко (1958-1959), М.Н. Ерлепесов (1959-1975), І.Ә. Әбуғалиев (1975-1995), Р.А. Оразалиев (1995-2003), А.І. Әбуғалиева (2003-2004), С.Б. Ке­ненбаев (2004-2009) сияқты елімізге белгілі ғалымдар басқарып, мекеме­нің материалдық-техникалық база­сын құруда, алға қойылған міндет­терді шешуде, жалпы еліміздегі агрономия ғылымының дамуына және ғылым жетістіктерін өндіріске енгізудегі іс-шараларына көптеген еңбек сіңірді. – Мемлекет тарапынан инсти­туттың материалдық-техникалық базасын жасақтауға, онда жүргізіле­тін ғылыми жұмыстарға, ғалым­дар­дың жағдайы мен жалақысын көтеру­де игі қадамдар жасалды, – деді бізге ҚазЕӨШҒЗИ директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Исатай Нұрпейісов. – Биыл бас ғимаратты күрделі жөн­деуге 373 млн. теңге ақша бөлініп, екі ай бойы құрылыс жұмысы тоқ­тамай жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа жобадағы зертхананы ашып, оған ең заманауи кең таралған жаңа құ­рал-жабдықтармен жарақтандыруға Үкімет 200 млн. теңге бөліп отыр. Жақында селекциялық жылыжай пайдалануға берілді. Оның мақсаты – селекциялық жұмыстарды жылдамдату. Егер біз бұған дейін классикалық әдісті пайдаланып, сорт шығаруға 14-15 жылымыз кет­се, енді жылыжай арқылы уақытты екі есеге дейін қысқарта аламыз. Яғни, 7-8 жылда жаңа сорт шы­ғару­ға болады. Сосын астық таза­ла­ғыш жүйе – тұқым шаруашылы­ғын­да өте бір қажетті агрегат. Ол да жақында пайдалануға берілді. Биыл машина-трактор паркін 85 пайызға жаңаладық. Мұның бәрі ғылыми жұмыстарды жақсартып, сапалы жүргізуге мүмкін бермек. Қазіргі таңда институттың 7 ғылыми бөлімшесіндегі 212 қыз­мет­кердің 2-уі ҚР ҰҒА академигі, 4-уі ҚР АШҒА академигі, 17 ғы­лым докторы, 40 кандидат, қалған 87-сі ғылыми қызметкер. Соңғы жыл­дары ауыл шаруашылығы да­қыл­дары сорттары мен будандары 44 куәлік пен авторлық куәлікке қол жеткізген. ҚР патентін алуға селекциялық жетістіктер мен өнертабыстарға 114 өтінім беріп, селекциялық жетістіктер 20, өнертапқыш әдістік бойынша 5 инновациялық патент иеленген. Институттың жалпы тарихында 700-ден астам диссертациялық жұмыс қорғалса, жыл сайын 30 аспирант пен докторант оқиды. Институт бірқатар халықаралық ғылыми орталықтар мен Ресейдің ғылыми-зерттеу мекемелерімен тығыз байланыста. Конференцияға қатысушылар алдымен жаңадан ашылған жылы­жайды, танаптық стационар, көрме және аналитикалық зертханалармен танысып шықты. Егіс алқабында бірқатар ғалымдармен сұхбаттасу­дың реті келген-ді. Майлы жем-шөпті дақылдар бөлімінің меңгерушісі, ҚазҰҒА-ның академигі Мейірман ҒАЛИОЛЛА: – Бүгін ғалымдар үшін үлкен мей­рам. Кезінде мұнда ірі-ірі ға­лымдар қызмет істесе, қазір де сол дәстүр жалғасуда. Қазақ негізінен мал өсірген ел. Мал өсімінің 60-70 пайызы оның тамақтануына бай­ла­нысты болғандықтан, мал азығын­дық жем-шөп дақылдарына көп көңіл бөлінеді. Еліміз былтыр ас­тық­тан мол өнімге қол жеткізді. Кейін сату мәселесінде қиын­дық­тар болып, біршама астық өтпей қалды. Егер осындай жағдайда елімізде мал шаруашылығы дамы­ғанда, астықтың өзін мал азығына пайдаланып, ет, сүт өндіруге пай­даланар едік. Кезінде суармалы егіншілік бөлі­мін 32 жыл басқарған а.ш.ғ. д., про­фес­сор Орынбек ТӨРЕШЕВ: – Институт егін шаруашылы­ғы­ның жаңа сорттарын шығарып, мә­дениетін көтеруде орасан еңбек сі­ңірді. Тіпті оның ғылыми жұмы­сын­дағы маңыздылығына байла­ныс­ты Ауыл шаруашылығы акаде­мия­сының функциясын да атқар­ған үл­кен қара шаңырақ. Бұл қара шаңы­рақ­тан қазіргі Өсімдік қорғау, Меха­низация, т.б. бұрын бөлім­ше­лері болған ҒЗИ-лар отау болып шықты. Мал азықтық дақыл және жүгері бөлімінің ғылыми қызметкері, а.ш.ғ.к. Бөгенбай ӘЛМАХАНОВ: – Бүгінде біздер шығарған жү­герінің 25 сорты бар. Қазақстанның ауа райына байланысты оңтүстікке 140 күндік, солтүстікте дән алу үшін 85-90 күнге лайықталған сорт­тарға қол жеткіздік. Солтүстік ай­мақ­тарда жүгеріден дән алуға болмайды деген қағида қалыптасып келсе, ал біздің гибрит сорттан ауа райының қолайсыздығына қарамай 40-60 центнерге дейін дән аласыз. Ал оңтүстікте мың центнерге дейін сүрлем, 140 центнерге дейін дән беретін будандарымыз бар. Кеңес Одағы кезінде 1,5-1,7 млн. гектарға біздің жүгері сорттары егілсе, бүгінде мүлдем аз. Қазір мал басының, құс өсірудің көбеюіне қарай, сұраныс артып келеді. Бүкілресейлік селекциялық-технологиялық институты МҒМ-сі директорының генетикалық ресурс­тар жөніндегі орынбасары және зертхана меңгерушісі, Ресей а.ш.ғ. д., профессор, Тимирязев атындағы алтын медальдің иегері Сұлухан ТЕМІРБЕКОВА: – Аталмыш институт КСРО ке­зінде танымал және атақты инс­титуттың бірі болды. Әрине, Кеңес Одағының ыдырауына байланысты байланыстарымыз үзіліп, қаржы­лық жағы қысқарған соң алыс-келіс азайып, араласа алмасақ, осы жолы сол әріптестікті жалғастыру мақсатында селекциялық өсімдік­тер, генетикалық материалдар, мамандармен ғылыми ақпараттық және ғылыми жұмыстармен тәжі­ри­бе алмасу, бірігіп конферен­ция­лар өткізу жөнінде келісім-шартқа отырмақпыз. Мені Қазақстан Республика­сы­ның тек өз елінде ғана емес, бұ­рын­ғы Кеңес Одағына танымал бол­ған ғылыми-зерттеу институтына де­ген көзқарасы, институттың мате­риалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі қуантып отыр. Ал 700 ғылым докторы мен бір­неше ондаған ғылым кандидатын дайындап шығаруы, ол институт­тың бүгінгі әлеуетін, оның осы жыл­дары қаншалықты жемісті жұмыс ат­қарған еңбегінің өлшемін көрсетсе керек. Өсімдік қорғау зертханасының меңгерушісі, а.ш.ғ.д., профессор Амангелді САРЫБАЕВ: – Баршаға белгілі зиянкес­тер­ден, арамшөптерден, аурулардан егістікке жылына 25-30 пайыз зиян келеді. Соған байланысты біздің зерттеу бағыттарымыз – ауруларға төзімді сорттар шығару, солардың жа­санды індет аясын жасап, соны бағалау, сұрыптау, сосын селек­цио­нерлерге басты материал ретінде ұсы­ну. 25 жылдай жасаған еңбегі­міз­дің нәтижесінде ауруларға тө­зімді сорттар шығаруға қол жет­кіз­дік. Олар өнімділігін жоғалтпайды, ол сорттарға егістікте улы хими­кат­тарды пайдаланудың қажеті жоқ. Конференцияның одан кейінгі жұмысы “Алтын Қарғалы” кешенді қонақ үйінде пленарлық отырыс­пен жалғасып, екінші күні жиын жұмысы қорытындыланып, деле­гат­тар Алматы қаласы мен аудан­дарын аралады.