• RUB:
    5.96
  • USD:
    499.04
  • EUR:
    544.45
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:55

Болмысымыздың ерекше бедері

43 рет
көрсетілді

Тек Наурыз мерекесі ғана емес, бүгінде ұлттық киімді күнделікті өмірде киюге деген көпшіліктің сұра­нысы көз сүйсінтеді. Сауда орталықтарының әр бұрышынан ашылып жатқан дүкендердегі таң­дау мүмкіндігіне де таңдай қаға қарайсыз. Ал аптаның басқа күнін айтпағанда, жұма күнгі жаса­нып шыға келген халықтың ажарына «аһ» демеу мүмкін емес. Бұл да болса кезіндегі «ұлттық киім­деріміз ұмыт қалып бара жатыр» деген алаңымыздың алыста қалғандығының айғағы болса керек.

Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріп­теуіміз керек», деп Ұлттық құрыл­тай­да сөйлеген сөзінде айрықша атап өтті.

Шынымен де қазір көптің арасынан шапан киіп шалқып, камзол киіп құлпырған жұрттың көркі алыстан көз тойдырады. Тіпті кейінгі бірнешежылдықта қыздар қауымы арасында оқалы тақия трендке айналып, келісті сән үлгісі біраз бұрымдының ажарын асырып жібергені және рас. Қалай десек те қазақылық қанында бар халықтың көркі ұлт­тық киімдермен тіпті құл­пы­ра түскендей. Күн санап ұлттық киімді күнделікті қолданысқа лайық­тап тігуге талпынып жүр­ген этнодизайнерлердің қатары көбейіп келеді. Соның нәтижесінде ұлттық киім тек Наурызда ғана киетін атрибуттан той-томалақта тұтынатын образға ойысып еді, қазір күнделікті сән үлгісі санатына көшіп үлгерді. Оған ұлттық киім өндірушілерінің ою-өрнек бедерленген киімді кеңседе, көшеде киіп жүруге ыңғайлы, жеңіл етіп ұсынып жатқаны да септесіп отыр.

Халық сұранысына сай сондай сапалы киім ұсынып, көптің батасын алып жүрген талғампаз суреткердің бірі – Тәрбия Айдымбаева. Ол – отандық ұлттық киім брен­дін қалыптастыруда оюды моншақпен көмкерген, одан қала берді заманауи ұлттық киім үлгілеріне ою-өрнекті принт арқылы басу ісін бастаған алғашқы дизайнер. Тәрбияның талғаммен тігілген сәнді киімін киіп, маңайына сұлулық сыйлап жүрген көптің арасынан жақсы мен жайсаңды жиі көреміз. Оның айқын бір мысалы – Димаш Құдайберген сынды танымал өнер иелері «Tarbiya Ulttyq kıim» сән үйінің шапанын киіп, әлемдік сахналарда ән шырқап жүр. Ай­тыскер ақындардың ажарын ашқан сәнді киімдердің көпшілігі де – осы Тәрбия ханымның төл туындысы.

«Мен өз жұмысыма, шығар­ма­шылығыма «көне мен жаңаның тоғысуы» деп анықтама беремін. Неге? Өйткені әрбір киім үлкен ізденіс, тарихи терең білімге негізделіп тігіледі. Сөйте тұра көне стильде, ескі сарында қалып қоймай, оны бүгінгі заманға сай, күнделікті қолданысқа ыңғайлы етіп жасауды да қаперден шығармаймыз. Жеңіл принтті жасалған ою-өрнектер әлемдік трендтерге лайықты болғандықтан, сол арқылы ұлттық киімдерді күнделікті қолданысқа енгізу жеңілірек екендігін ескеріп, болмыс пен заманды ұтымды үйлестіруге ұмтылып келеміз. Бүгінгі заман талабына сай сәнді киімдер тігуге басымдық беріп жүрміз. Бағасын да нарыққа сай ұстауға тырысамыз. Біздің киімдерді қалта көтереді. Шүкір, қазір ұлттық киімдерге деген сұраныс жоғары. Мені сол қуантады. Табысым жүреді дегендіктен емес, қазақтың өзінің табиғатына, құндылығына жақындап келе жатқандығына жаным жадырайды. Себебі ұлттық киім – ұлттық рухымыздың айнасы. Қазақтың қанында табиғи, жоғары талғам бар. Дүкенге келушілердің таңдауынан осыны оңай аңғарамын. Ұлттық киімді киіп шыққанда адам жігер­­ленеді. Себебі ол – өзінің та­рихы, бет-бейнесі, ата-бабадан қал­ған мұрасы, төл табиғаты. Біз оны сол миссиясына жеткізу үшін еңбектенеміз. Талғамына, түр-сипатына сай ұлттық киім таңдап беру, ұсыну – міндетіміз, дейді дизайнер.

Иә, ширек ғасырдан аса ғұ­мырын қазақтың ұлттық киі­мін ұлықтауға арнаған Тәрбия Айдымбаеваны бүгінде қазақты айтпағанда, алыс-жақын шетел­дік сәнсүйер қауымның бәрі біледі, тегіс таниды. Соның ішін­де, әсіресе қолтаңбасы талға­мымен дараланған дарынды дизайнердің атағын аспандатқан жарқын оқиға – осыдан бірер жыл бұрын әнші Димаш Құдай­бергеннің Тәрбия ханым қолы­нан шыққан қазақы оюмен бедерленген сәнді шапанды киіп, өзінің әлемдік жанкүйерлерімен кездесуге шыққан сәті болатын. Айтулы оқиғадан кейін ұлттық киімдерге заманауи бағытта жаңаша сән беріп жүрген дизайнер жұмысына жаһан назары ауды.

«Димаштың біздің шапанды киіп осындай маңызды кездесуге шыққаны мен үшін үлкен мәртебе, ұлт үшін абырой деп білемін. Өйткені ел алдында жүрген, хал­қымыздың мақтанышына ай­налған дарынды әншінің ғалам көз тігетін мұндай маңызды жиындарда өзін ғана көрсетпей, өзімен бірге ұлттық құндылықтарын да қатар алып шығып, сол арқы­лы қазағын шартарапқа танытуы – оның даналығы, нағыз ұлтжандылығы, биік болмысын айғақтаса керек. Әйтпесе Димашқа небір танымал брендтердің қымбат киімдерін қалай кигізсе де жарасады ғой. Бірақ Димаштың таңдауы – ұлттық киімге, оның ішінде біздің брендке түскен екен. Бұл – оның отба­сында алған тәрбиесінің, боя­масыз болмысының көрінісі», деп тебірене тіл қатқан дизайнер: «Қазақтың ұлттық ою-өрнегі – тек сәнді сурет қана емес, мәнді функциясы бар маңызды штрих. Этнографтар: «Бозбала қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін ұғынған. Жас келіншек тұрмыс құрғаннан кейінгі ахуалын ою-өрнекпен бейнелеп жіберген. «Құсмұрын» сәлемдемесі жіберілсе, құстай ерікті екенін ұғынып, уайымдамайтын болған. Ал бойы ұзын, талдырмаш жан бедерленіп, жанында дөп-дөңгелек адамның бейнесі салынса жағдайының мүшкіл екенін сөзсіз-ақ ұғы­нып­ты», деген дерек келтіреді. Бұл қазақтың ою-өрнегінде зор мән-мағына жатқанын айғақтаса керек», деп сөзін түйіндеді.

Иә, ою-өрнек – қазақ болмы­сының айнымас бөлшегі. Ол тура­лы кезінде әйгілі археолог-академик Әлкей Марғұлан: «Қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүреді» деп тап басып суреттеген болатын. Қазақтың қанындағы осы бір бұлтартпас қасиеттің қайта айналып қазы­ғына оралып, жаңа ғасырмен бірге жаңаша түрленіп, тынысын ашып, көкжиегін кеңейтіп жатқаны қуантады. Әсіресе жастардың қазақы қолтаңбаны өзінің киіну стиліне сіңіргісі келетіні де көз тойдырып, көңіл марқайтады.