Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 69-сессиясына қатысып жатыр. Бұл жиын гендерлік теңдік жөнінен халықаралық тәжірибе алмасудан бөлек, «Әділетті Қазақстан» құруға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформаларды әлемдік қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік берді.
БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтіп жатқан сессия 10 наурызда басталған. Отырыстың негізгі тақырыбы – Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасын іске асырудағы үдерісті бағалау. 1995 жылы Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференцияда қабылданған құжат бүкіл әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізуде 12 басым бағытты айқындайды.
Дания Еспаева сессияның жалпы пікірталастарында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның гендерлік теңдік саласындағы міндеттемелерді орындауға бейілді екенін және елдің «орта держава» ретіндегі мақсаттарына қол жеткізу үшін әйел әлеуетін пайдалануға мән беретінін атап өтті. Ол Қазақстанның осы саладағы прогресін, әйел құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі алдағы шаралары туралы кеңінен айтып берді. Сондай-ақ 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматыда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі орталығын құру туралы қарарының қабылданғанын еске салды.
Бейжің конференциясының 30 жылдығына арналған министрлердің дөңгелек үстелінде Қазақстан делегациясының басшысы еліміздің Бейжің декларациясын іске асырудағы жетістіктері, атап айтқанда, әйелдер үшін тыйым салынған кәсіптер тізімінің жойылғаны, көпбалалы кәсіпкер нәзік жандарға арналған гранттар жүйесі, отбасының цифрлық картасы және Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер жөнінен деректер келтірді.
Ал Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Снежанна Имашева «Парламентаралық одақтың әйелдердің саясатқа қатысуын кеңейтудегі парламенттердің рөлі» атты сессияда арнайы сөз сөйлеп, ел билігіндегі гендерлікке бағдарланған бастамаларды тізбектеді. Депутат заң шығару мәселелері бойынша басқа елдерден келген әріптестермен тәжірибе алмасып, әйел құқығы және оларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері төңірегінде ұлттық заңнамаға озық әлемдік тәжірибені енгізіп жатқанын атап өтті.
Жалпы, еліміз кейінгі жылдары гендерлік теңдік саласындағы халықаралық рейтингтерде айтарлықтай прогресс көрсетіп келеді. Мәселен, дүниежүзілік экономикалық форумның 2023 жылғы «Global Gender Gap Report» есебіне сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік индексінде 146 елдің ішінде 62-орынға жайғасқан. Осылайша, бірауыздан Орталық Азия аймағында көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш негізінен білім беру, денсаулық сақтау және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту салаларындағы жетістіктерге негізделіпті.
Бүгінде еліміздің қоғамдық саяси өмірінде әйелдердің белсенділігі артқаны байқалады. Мемлекеттік қызметкерлер арасында қыз-келіншектердің үлесі 56%-ға жуықтайды. Бірақ жоғары басшылық лауазымдарда олардың саны әлі де аз. Шамамен 9 мыңнан астам. 21 министрлікте 3 әйел министр, 8 вице-министр және 3 аппарат басшысы бар. Президентке тікелей бағынатын 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызмет атқарады. Сот жүйесінде 1 248 әйел-судья еңбек етеді. Қазақстан Парламентіндегі депутаттардың 28-і – нәзік жандар. Ал мәслихаттарда шамамен 3,5 мың әйел жұмыс істейді.
Осы деректерді негізге ала, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен Қазақстан делегациясы Өзбекстанмен бірлесе Орталық Азияда гендерлік теңдікті ілгерілетуге арналған тақырыптық отырыс өткізді. Іс-шараға мүше мемлекеттердің делегаттары, БҰҰ, үкіметтік емес ұйымдар мен академиялық ортаның, соның ішінде Қазақстан мен Орталық Азия өкілдері қатысты. Олар интерактивті пікірталаста Бейжің конференциясының мақсаттарын іске асыруда аймақ елдерінің жетістіктерін, жалпыға ортақ гендерлік теңдікке қол жеткізу жолындағы кедергілер мен сын-қатерлер турасында ой қозғады.
Айта кетейік, БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 69-сессиясы 21 наурызға дейін жалғасады.