Саясат 02 Сәуір, 2025

Сенім мен татулыққа негізделген Хожанд келісімі

88 рет
көрсетілді

Наурыз айының соңғы күні бүтін Орталық Азия үшін маңызы зор бейбітшілік келісімі жасалды. Тәжікстанның Хожанд қаласында бас қосқан Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері үшжақты саммит аясында мемлекеттік шекараларының түйісетін нүктесі туралы шартқа қол қойды. Мәңгілік достық туралы декларация қабылданды. Бұны кейбір сарапшылар «ғасыр келісімі» деп бағалап отыр.

Кеңес одағының шеңгелінен босаған ортаазиялық тәуелсіз мемлекеттер «жер дауы» деген жаңа заман қатерімен бетпе-бет келген еді. Оның ішінде біздің еліміз ғана уақыт оздырмай айналасындағы барлық көршісімен шекарасын шегендеп, бір-бірінің жеріне көз алартпау туралы келісімге қол жеткізді. Ал өзге көршілес елдерде әлі күнге шекара сызығы нақты белгіленбеген даулы аймақтары жетіп-артылады. Бұл – әсіресе Тәжікстан мен Қырғызстанға қатысты мәселе. Салдарынан ғасырлар бойы бір аймақта қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан бауырлас қос халық арасына жік түсіп, оның арты қарулы қақтығысқа дейін ұласты.

Ашық деректерге сүйенсек, кейінгі отыз жылдай уақыт ішінде тәжік-қырғыз шекарасында 300-ге жуық қарулы қақтығыс орын алған. Оның соңы 2022 жылдың қыркүйек айындағы ірі жанжалға әкеп соқтырды. Бұны тіпті жанжал емес, кішігірім соғыс деуге де болатындай. Екі жақ бір-бірін кінәлаған шекарадағы атыс-шабыс салдарынан қырғыз тарапынан 63 адам қаза тапса, тәжік тарапынан 83 адам оққа ұшты. Қырғызстан қауіпті аймақтан 136 мың тұрғынын, Тәжікстан 20 мың тұрғынын ішкері қарай эвакуациялауға мәжбүр болды. Осы жолы қырғыз әскерилерінің тәжік шекарашыларына қарсы түріктің әйгілі Bayraktar ұшқышсыз аппаратын қолдануы тіпті отқа май құйғандай еді.

Екі мемлекеттің шекарасындағы қақтығыстардың әрқайсысы неден басталғанын айту қиын болса да, жалпы жанжалға қозғау салып отырған мәселе бәріне мәлім. Ол – Тәжікстан мен Қырғызстан ше­кара­сы­ның шегенделмеуі. Араларын 984 шақырымға созылған ортақ шекара бөліп жатыр. Соның шамамен 30 па­йызы даулы жерлер еді. Тіпті кейбір жерлердің кімге тиесілі екенін нақты белгісіз болып келді.

Қырғызстан мен Тәжікстан – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер. Ұйымның жарғысы бойынша сырттан қандай да бір қауіп төнген жағдайда, бәрі күш біріктіріп, көмекке келеді. Ал егер ұйымға мүше елдер арасында өзара кикілжің туса, не істеу қажет? Бұл жағы жарғыда нақты жазылмаған. Содан да шығар, ұйымның өзге мүшелері қырғыз бен тәжік арасында болып жатқан жанжалға аса назар аудара қойған жоқ. Ресейдің жағдайы түсінікті, оның өз «қызығы» өзінде. Беларусь пен Арменияны да Алатаудың арғы бөктерінде болып жатқан оқиғалар аса алаңдатпаса керек. Тек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қана қырғыз-тәжік шекарасында жанжал болған сайын ба­уырлас халықтарды сабырға шақырып, мәселені бейбіт жолмен шешуге үндеп келгені белгілі.

«Берік достық пен тату көршілік қатынастарды сақтау – біздің ортақ әрі маңызды міндетіміз. Сондай-ақ өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, бейбіт өмір құру жолындағы Орталық Азиядағы барша бауырлас халықтың түбегейлі мүддесі. Қазақстан кез келген даулы мәселені тек бейбіт жолмен және саяси дипломатиялық әдістермен шешуді жақтайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Қырғызстан президентіне жолдаған хатында. Сонымен қатар Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға да хат жолдап, бауырлас және достас мемлекеттердегі бұл қайғылы оқиға Қазақ елін де қатты алаңдатқанын жеткізді.

Дегенмен қырғыз бен тәжік тараптары араларындағы дау-дамайды сырттан келіп ешкім шешіп бермейтінін, өз жараларын өздері жазуы керек екенін түсініп, кейінгі жылдары қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін нақты қадамдар жасай бастады. Мұның соңы алдымен 2023 жылдың қазан айында Қырғызстанның Баткен қаласында екі ел арнайы қызметтерінің құпия хаттамаға қол қоюына алып келді. Бұл құжаттың жай-жапсары жария­ланбаса да, шекара дауын шешуге бағытталған маңызды бастама екені айтылған еді.

Ал күні кеше Ескендір Зұлқар­найын заманында негізі қаланған, 2500 жылдық тарихы бар көне шахар – Хожандта қол қойылған «ғасыр келісімі» Орталық Азиядағы «жер дауына» түбегейлі нүкте қойғандай. Эмо­мали Рахмон, Шавкат Мирзиёев және Садыр Жапаров Үш мем­лекет­тің мемлекеттік шекара­лары­ның түйіскен нүктесі туралы келісім­ге және Мәңгілік достық туралы Хожанд декларациясына қол қойды. Кейбір деректерге жүгінсек, бүгін­де Қырғызстан мен Тәжікстан ара­сын­дағы шекараның 90 пайызы нақты айқындалып, шегенделіп үлгеріпті.

«Біз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен арадағы мыңдаған жылдық достыққа, тату көршілікке, тең құқылыққа, өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз», деген тәжік басшысы Э.Рахмон үш мемлекеттің ынтымақтастығын жан-жақты дамыту Тәжікстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі екенін айтты.

Біздің дәл іргемізде болып жатқан бұл тарихи оқиғаның Қазақ елі үшін қандай маңызы бар? Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының канди­даты, шығыстанушы Жанат Момын­құлов­тың айтуынша, Хожанд қала­сын­да болған бұл келісім – ай­мақ­тың тұрақтылығын нығайтып, мем­лекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Мәңгілік достық туралы дек­лара­ция аймақ елдерінің көпжақ­ты ынты­мақтастық пен өзара сыйлас­тыққа деген адал дайындығын көрсетеді.

«Бұл – географиялық фактор ғана емес, сонымен қатар бұрыннан келе жатқан шекара дауларын шешу­ге қол жеткізген саяси бірліктің, ұлт­ара­лық сенімнің және тату көршілік қаты­настары жаңа дәуірінің қуатты дәлелі. Келісімдер аймақтың ең күрделі шекара мәселелерін шешіп отыр. Әсіресе Ферғана алқабы – аса күрделі географиялық түйін ретінде кеңес кезеңінде «арнайы мақсаттармен» шимайланған анклавтарды қамтыған. Бір елдің шетте қалған аумағы басқа мемлекеттің аумағымен қоршалуы шекаралық шиеленіс туғызып келді. Аймақтағы сегіз анклавтың біразы Қырғызстан­да орна­ласып, Өзбекстан­ға тиесі­лі болды. Тәжікстанның Өзбек­стан аумағында үш анклавы, Қырғыз­станның Өзбекстанда бір анклавы бар. Ондаған жылдар бойы сарапшылар осы аумақтық мәселелерді қауіпті шиеленістің ошақтары ретінде қарастырды. Енді шекаралар құқықтық тұрғыда түбе­гейлі рәсім­деліп, достық және одақ­тастық қаты­настарды нығайтуға деген сая­си шешім, ресми ерік-жігер бол­­ған­дықтан, Орталық Азияның осы бөлігінің тұрақты дамуы мен өр­кен­­деуіне сенім ұялататын берік жағ­дай қалыптасты», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл достық келісімі бүкіл Орталық Азияда инте­гра­циялық жақындасу үрдістерін нығайтып, біз үшін осы елдер арқылы болашаққа жоспарланған Оңтүстік Азияға апаратын жолдарды ашу мүмкіндігін күшейтеді. Аймақта сая­си одақтарды нығайту – біздің елдің де тұрақтылығын, оңтүстік шекара­мызды бекемдеудің, аймақтық инте­гра­цияның болашағына мықты негіз.

«Бір айта кетерлігі, таяу күндері Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёевтің Алматыға келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен бейресми кездесу өткізуі атал­ған саммитке дайындықпен де бай­ланысты болуы мүмкін. Яғни 4 мем­лекет осындай ірі дипломатиялық үрдісті ілгері­летіп, аймақтық бірлік­ке қолдау­ды ашық көрсетіп отыр. Ал­дағы апта Самарқандта Орталық Азия-Еуропа одағы саммиті өтеді. Мамырда Араб шығанағы ел­дерімен аймақтық саммит, одан соң Орталық Азия елдері прези­дент­терінің кеңесу саммиті аймақта маңызды үдерістер­дің бас­талып жат­қанынан хабар бере­ді. Қазақстан­ды Орталық Азия­ның маңызды бөлігі ретін­де көрсету, ілгерілету ұлты­мыздың даму бола­шағы тұрғысынан өте маңызды таңдау әрі шешім болмақ», деп ойын түйіндеді Ж.Момынқұлов.