Қоғам 03 Сәуір, 2025

Жалақыдан қанша пайыз ұсталады?

185 рет
көрсетілді

– Еңбек етіп, табыс табатын әрбір адам өзінің жалақысынан қандай да бір төлемдер ұсталып жатқанын әрі бұл төлемдердің не үшін алынатынын түсінуі керек.

Балжан Бақытқалиқызы,

салық маманы:

Заңнама талаптарына сәйкес әрбір қызметкердің жалақысынан белгілі бір салық пен әлеуметтік төлем ұсталады. Бұл жүйе қызметкерлердің әлеу­мет­тік қорғалуын қамтамасыз етіп, олар­­дың болашақтағы зейнетақысы, ме­ди­циналық қызметтері мен сақтан­дыру төлемдерін кепілдендіруге ба­ғыт­талған. Заңнамаға сәйкес жұ­мыс беруші жалақыдан келе­сі төлемдерді ұстап, мемлекеттік қор­ларға аударады: міндетті зейнет­ақы жарнасы (МЗЖ) – 10%. Бұл бо­лашақта алатын зейнетақыға жи­нақ­талатын қаражат. Яғни бүгін­гі ең­бегіңіздің белгілі бір бөлігі ер­тең­гі қар­жылық қауіпсіздігіңізге сақ­­талады. Бұл ақша Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады, ал зейнетақы жеке шо­тта жинала береді. Келесі – жеке табыс салығы (ЖТС) – 10%. Мем­лекет табыстан салық алуды міндеттейді. Бірақ бір қызығы – барлық табысқа бірдей 10% салық салынбайды. Елімізде ең төменгі жалақы мөлшерінде (2024 жылы – 85 000 теңге) табыс салығынан босату қарастырылған. Бұл дегені­міз нақты төленетін салықтан са­лық шегерімдерін ескергеннен кейін ғана есептеледі. Сосын – мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) – 2%. Бұл те­гін медициналық қызметтер мен ем­деу мүмкіндіктерін алуға кө­мек­тесетін қорға аударылады. Осы аударымдардың арқасында жоспарлы емделуге, тегін дәрі-дәрмекке және басқа да медициналық қыз­меттерге қол жеткізе аламыз.

Бір ғана жалақы – ал одан осыншама төлем ұсталады ма? Иә, бірақ осы төлемдердің барлығы сіздің әлеу­меттік жағдайыңызды қорғауға бағыт­талған. Олар болмаса, сіз жұмыс­сыз қалған жағдайда жәр­дем­­ақы ала алмайсыз, зейнетке шық­қанда мемлекеттік қолдау­дан тыс қаласыз немесе тегін медици­налық көмекке үміттене алмайсыз.

Жұмыс беруші не төлейді? Көп­шілік қызметкерлер жалақыдан тек өздері төлем жасайды деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Жұ­мыс берушінің де мойнында бір­қатар міндетті төлемдер бар. Олар да сіз үшін ақша төлейді. Мы­салы, әлеуметтік аударым – 5%. Бұл төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорына (МӘСҚ) түседі. Егер сіз еңбекке жарамсыз болып қал­саңыз, декретке шықсаңыз немесе жұмыс­сыз қалсаңыз, осы аударымдар сіздің жәрдемақыңыздың негізін құ­райды. Екінші – әлеуметтік салық (ӘС) – 11%. Бұл салық мемлекетке төленеді әрі бюджеттік әлеуметтік бағ­дар­ламаларды қаржыландыруға ба­ғыт­талады. Үшінші – жұмыс беру­ші есебі­нен төленетін міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) – 2,5%. Бұл 2024 жылдан бастап енгізілген жаңа төлем. Бұл жүйе жұмысшының зейнетақы жинақтарына қосымша қаржы жи­нақ­тауға бағытталған. Төртінші – кәсі­би міндетті зей­нет­­ақы жарнасы (КМЗЖ) – 5%. Егер сіз зиянды өндірісте жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші сіздің болашақ зейнетақыңызды қорғау үшін қосымша 5% аударады. Бұл сіздің денсаулығыңызға қауіп төндіретін жұмыстарда еңбек ететін­дерге қарастырылған. Мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру (МӘМС) – 3%. Жұмыс беруші сіздің медициналық қордағы жағдайыңызды жақсарту үшін де қосымша 3% аударады.

Егер жалақы кешіктірілсе не істеу керек? Сіз еңбегіңіз үшін белгіленген мерзімде төлем алуға міндеттісіз. Егер жалақы кешіктірілсе, жұмыс берушіден ресми түсініктеме талап етіңіз. Еңбек инспекциясына немесе сотқа шағымдануға құқығыңыз бар. Әр кешіккен күнге өсімпұл талап етуге толық заңды негізіңіз бар.

Жұмыссыз қалсаңыз, мемлекеттен қандай төлемдер аласыз? Егер сіз ресми жұмыс істеген болсаңыз және сіздің жалақыңыздан тиісті әлеу­меттік аударымдар жүргізілген болса, жұмыссыз қалған жағдайда Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қо­ры­нан жәрдемақы ала аласыз. Оның мөл­шері сіздің соңғы ­24 ай­дағы орташа жалақыңызға және қор­ға аударылған төлемдерге байланысты есептеледі. Біз көбіне «Неге жалақымның бір бөлігі салыққа кетіп жатыр?» деп ойлаймыз. Бірақ бұл төлемдер – сіздің қар­жылық қауіпсіздігіңіздің кепілі. Жалақыңыздан ұсталған әрбір тиын сіздің болашағыңызға инвести­ция.

 

Сұрақ қойған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»