• RUB:
    6.13
  • USD:
    514.94
  • EUR:
    583.74
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2025

Ертіс бойын мол ырыздық күтіп тұр

26 рет
көрсетілді

«Ертіс» бассейндік инспекциясының мамандары Шығыс Қазақстандағы суқоймаларынан жіберілетін судың көлемі өткен жылғыдан кем болмайтынын айтып отыр. Бұл өзен бойындағы табиғи теңгерімді сақтап қалуға ауадай қажет.

Өзеннің Павлодар об­лысындағы аумағы ежелден еліміздің шы­ғысынан келетін мол суға тәуелді. Ол өткен ғасырдың ортасынан кас­кадты суқоймаларымен реттеліп, негізгі су босату жылына бір рет қана жүргізіліп келеді. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы Бұқтырма, Шүлбі суқоймаларында ылғал көп жиналса, Ертіс-Баян өңіріне де мол ырыздық келеді деген сөз.

– Былтыр өзенге жалпы көлемі 6,7 текше метр су босатылғаны мәлім. Бұл Ертіс жайылмаларының 80%-дан астамын суландыруға мүмкіндік берді. Биыл босатылатын судың көлемін республикалық ведомствоаралық комиссия қарап, шешімін айтады. Көлемі өткен жылғыдан кем болмайды деген ойдамыз. Себебі биыл Бұқтырма мен Шүлбі қоймаларында жиналған су мен әлі де келетін ылғалдың мол мөлшері бар, – дейді Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров.

Жалпы, Шүлбі суқоймасынан өзенге су жіберу шарасы жылдың төрт мезгілінде де тоқтамайтын құбылыс. Бұл қоймадағы судың деңгейін ұстап тұру үшін қа­жет. Мысалы, былтыр жазда­ Ертіс өзенінің деңгейі көте­ріл­­гені байқалды. Мамандар оны мәжбүрліктен туындаған ке­зекті қадам деп атады. Алтай тауларының биік қатпарларына түскен қар сәуір-мамыр айларында жібіп, төменге құйыла бастайды. Осы кезде сай-саламен ағып келген мол су Шүлбіні толтырады. Судың деңгейі тым жоғарылап кетсе, қоймадан шығатын ағыстың көлемі артады. Бұл өз кезегінде Ертістің суын біраз шамаға көтереді.

Шүлбі суқоймасы қазіргі күні 75%-ға толған. Cу босату іс-шарасын жүргізу үшін деңгейі 100%-ға жақындауы керек. Жалпы көлемі 2,39 текше шақырым болатын гидротехникалық құрылыс өзенге су босату кезінде маңызды рөл ойнайды. Себебі бұл уақытта ағыстың жылдамдығы секундына 3,5 мың текше метрге жетуі керек. Бұқтырмада ағып шығатын судың екпіні одан бәсең, шамамен 1000 текше метрдей болып қалады. Екеуі қосылғанда өзен бетінде үлкен толқындар туындап, қатты екпінмен келген су өзеннің ой жерлеріне бірден шығып кетеді. Айта кетелік, Павлодар облысы ой жерде орналасқан.

Е. Қамбаровтың айтуынша, жалпы су жіберудің жеткілікті жүруіне бірнеше фактор әсер етеді. Ең әуелі шығыстың таулы жерлеріндегі қардың дені еріп үлгеруі керек. Екіншіден, топырақ тоңының қалың болуы пайдалы. Биыл Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы топырақтың тоңдану тереңдігі былтырғыға қарағанда екі есе кем, шамамен бір метрге жуық. Бұл жағдай Шүлбідегі судың жиналуына айтарлықтай теріс әсер етуі мүмкін. Еріген қар суы жер жібісе топыраққа тез сіңіп, жолай жоғалып кетеді. Салдарынан қойманың толмай қалуы ықтимал. Үшіншіден, алдағы күндердің ауа райы да әсер етеді. Егер түнгі ызғар сәуір айының басында да сақталатын болса, сай-саймен жүгіретін су да жерге сіңіп үлгермей, ырыздықты молынан жинап үлгереміз.

«Негізгі су босату іс-шарасы өзенде сең жүріп өткен соң барып қана қолға алынады. Ол шамамен сәуір айының алғашқы онкүндігінде басталып, бір айға жуық уақыт жалғасады. Жоғарыда аталған факторлардан бөлек, бүйірлік ағыстар, әсіресе, Бұқтырмадан келетін ағыстың да жоғары болғаны маңызды. Павлодар облысының билігі сәуір айының соңы – мамыр айының басында шыбын-шіркейді улауға асыға бастайтыны мәлім. Ғалымдар қансорғыш жәндіктер ерте қанаттанып кетпеуі үшін оларды ерте бастан жою керек дейді. Кейбір жағдайда суды ертерек жіберіңдер деп асықтыратыны бар. Бірақ бұл жерде табиғат заңына бағынбасқа тағы болмайды. Жайылмалардың көбі тоңданып жатуы немесе кей жерлерде мұз жүрмей қалуы ықтимал. Осы факторлардың барлығын назарға ала отырып, шешім қабылданады», деп түсіндірді маман.

Ертіс өзенінің Павлодар облысындағы жайылмасы 377 мың гектардай. Жайылма су артериясының бойын жайлаған халыққа экономикалық, эко­логиялық тұрғыдан аса маңызды. Бұл жерлерде мыңдаған шаруа­шылық мал азығын дайындап, бау-бақша салады. Экологтер судың жеткілікті жайылуы балықтардың уылдырық шашу кезеңіне де игі әсерін тигізетінін айтады.

 

Павлодар облысы