Облыста өткен көктемгі егіске дайындыққа арналған семинар-кеңесте егіс жұмыстарын дер кезінде әрі табысты аяқтау мәселесі сөз болды. Расында, көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы аяқтау – күзгі табыстың кепілі. Осы талапты ескерген мемлекет өз тарапынан диқандарды қолдауға жасалатын жұмыстарды қазір қызу жүргізіп жатыр. «Солтүстік» ӘКК және «ҚазАгроҚаржы» арқылы дер кезінде берілген 60 млрд теңге шаруаларға тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай, қосалқы бөлшек алуға мүмкіндік берді.

Жиында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өткен жылы жиналған рекордтық өнім ел экономикасының басқа салалары арасында ауыл шаруашылығының бәсін биіктететінін айтты.
«Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 113,7%-ды құрады. Мұнда 6,5 млн тонна бидай жинаған Солтүстік Қазақстан облысы шаруаларының үлесін айрықша атап өту керек. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету – фермерлердің табысты жұмысының маңызды факторы. Сондықтан алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы өндірісін жеңілдетілген несиелеумен қамтамасыз ету жалғаса береді», деді министр.
Несие алуға берілген өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың қарашасында басталған.
«Жалпы, 2025 жылғы көктемгі егіс және орақ науқанын мемлекет тарапынан қолдау сомасы 900 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 200 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг беру бағдарламасына жұмсалады. Минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға Үкімет резервінен 48,4 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылы қайта өңдеуге 35 млрд теңге көлемінде айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру іске қосылды. Биыл осы мақсаттарға 48 млрд теңге бағыттау жоспарланған», деді министр.
Сондай-ақ министрлік тарапынан бордақылау алаңдары мен құс фабрикалары үшін қысқамерзімді кредиттік ресурстар тартылмақ. Мұны іске асыру Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі шеңберінде белсенді жүргізіліп келеді. Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов биыл өңірдегі агроөнеркәсіп кешеніне құйылатын инвестиция туралы баяндады.
«Былтыр салаға 163,6 млрд теңге тартылған еді, биыл 147,8 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Қаңтар мен ақпан айларының қорытындысында соның 12,5%-ы, яғни 18,5 млрд теңгесі салаға құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 93,3%-ды құрайды», деді.
Осының өзі аталған екі айдағы көрсеткіш бойынша республикадағы алдыңғы орындардың бірін еншілеуге мүмкіндік береді. Тіпті осы екі айда салаға құйылған барлық инвестицияның 35,6%-ы Солтүстік Қазақстанның үлесіне тиесілі болыпты.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы құны 72,6 млрд теңгені құрайтын барлығы 35 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның ішінде 38,7 млрд теңгенің 11 жобасы бойынша облыста тағы да 11 тауарлы-сүт фермалары бой көтереді. 5,9 млрд теңгенің 7 жобасы суландыру жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр.
Құс шаруашылығын дамытуды мақсат еткен 1 жобаға 3,5 млрд теңге инвестиция құйылмақшы. Мал шаруашылығын асылдандыруды көздеген 3 жобаға 2,4 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, биыл сырттан 3,5 млрд теңгеге 2 300 тұяқ асыл тұқымды мал жеткізу жоспарланған. Ал 19 млрд теңгенің 7 жобасы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған. Басқа жобалардың үлес салмағы аз болғанымен олардың да өзіндік маңызы бар. Атап айтқанда, 800 млн теңгелік бір жоба қойма салуды іске асыруға жұмсалады. 150 млн теңгелік бір жоба балық өсіруді қамтыған. 600 млн теңгелік бір жоба жылқы шаруашылығын дамытуды қамтиды. Сондай-ақ биыл облыс диқандары 87,6 млрд теңгенің 3 150 ауыл шаруашылығы техникасын алады.
Биыл облыс диқандары 2,5 млн гектар жерге тұқым сіңіруді жоспарлап отыр. Табысы зор болғандықтан майлы дақылдар үлесін еселеп арттырып, былтырғы 86 мың гектардың орнына 760 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Жерді тыңайту жұмыстарына диқандар құлшына кіріскен. Былтырғыға қарағанда оның көлемін 30%-ға арттырып, егіс даласына 333 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізуді жоспарлаған.
Бірер ай шамасында Қызылжар өңірінің егіс алқаптарына 4 мыңнан астам трактор мен 1,5 мың егіс кешені лап қояды. Олар 470 мың тонна тұқымды жерге сіңіруге ұмтылады.
Солтүстік Қазақстан облысы