2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері туралы бірер сөз
Қазақстан Республикасы Парламентінде қаралған Үкіметтің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі осының алдындағы есептерден едәуір ерекшелігі бар. Ол Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің негізінде әзірленген, 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджет шеңберінде орындалған бірінші есеп болып табылады. Онда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері көрсетіліп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған іс-шараларды іске асыру қамтамасыз етілген. Бұл ретте оның қалыптасуы нәтижеге бағытталған бюджет жасауды енгізуді көздейтін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес жүзеге асырылғанын атап өткеннің артықтығы жоқ.
Жаңа бюджет саясатын енгізу стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлауды үйлестіруге бағытталған болатын. Осыған байланысты бірінші атқарылған бюджеттің қорытындылары депутаттардың үлкен қызығушылығын тудырды, өйткені, бұл жаңа бюджет саясатын енгізудің алғашқы нақты нәтижелерін көру мүмкіндігін туғызды, сондай-ақ бюджет жасаудың жаңа тәсілдерінің тиімділігін айқындауға мүмкіндік берді.
2009 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептің маңыздылығын ескере отырып, депутаттар оны жан-жақты қарап, жұмыс тобының отырыстарында, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тұрақты комитеттерінде талқылады.
2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Есеп комитетінің есептерін қарау шеңберінде орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдар тыңдалды. Сонымен бірге, 2009 жылы дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттың пайдалануы туралы ақпаратпен “Самұрық” ҰӘҚ” АҚ және “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-тың есебі тыңдалды.
2009 жылғы есепті талқылау нәтижелері бойынша Үкімет тұтастай алға қойған мақсаттарды атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз еткенін атап өткен жөн.
Үкімет уақтылы қабылдаған шаралар оң нәтижелер берді: Қазақстан экономикасы құлдырауды болдырмай, өзінің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап қалды; қаржы жүйесінің тұрақтылығы қамтамасыз етілді; халықаралық жалпы резервтер мен Ұлттық қордың активтері тұрақты деңгейде; экономиканың белгілі бір деңгейде өсуі қамтамасыз етілді.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2009 жылы республикадағы ІЖӨ-нің жалпы көлемінің индексі 15 887,8 млрд. теңгені құрады. 2009 жылы инфляция деңгейі 6,2 % болды. Ел экономикасының негізі болып отырған кейбір салаларда оң үрдіс сақталды.
Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда (24,4 млрд. АҚШ доллары), елдің халықаралық резервтері 2010 жылғы 1 қаңтарда 47,6 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2009 жылғы 1 қаңтарға қарағанда 1,9 %-ға артық.
Екінші деңгейдегі банктердің экономика саласындағы кредиттік салымдары 2010 жылғы 1 қаңтардағы ахуал бойынша 7 644,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 2,5 %-ға көп болып отыр.
Халықтың депозиттері 28,5 %-ға өсіп, 1 893,1 млрд. теңге болды.
Бюджеттің атқарылуын қарап отырып, кіріс бөлігінде 2008 жылмен салыстырғанда оң серпіннің бар екенін атап өткен жөн. Егер 2008 жылы бюджет кірісі тек 99,6 %-ға ғана атқарылып, бюджетке 12,1 млрд. теңге түссе, 2009 жылы кіріс бөлігі 100,4 %-ға атқарылып, 2 779, 2 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте кірістердің орындалуы салықтық (1 451,0 млрд. теңге немесе 105,0 %) және салықтық емес (114,3 млрд. теңге немесе 127,5 %) түсімдер есебінен қамтамасыз етілді.
Әрине, оң үрдістердің болуына қарамастан, 2009 жылы жекелеген позициялар бойынша түсімдердің төмендеуі орын алды. Мысалы, КТС бойынша 16,1 млрд. теңгеге, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша және трансферттердің түсімдері бойынша төмендеу байқалды.
Бюджеттің шығыс бөлігін динамика бойынша қарап отырып, бюджеттің осы бөлігінің ең жақсы атқарылу көрсеткіші 2008 жылы болғанын, ал ең нашар көрсеткіші 2009 жылы болғанын айту керек. Осылайша 2007 жылы шығыстар 98,8 %-ға орындалып, игерілмеген қаражат сомасы 26,1 млрд. теңгені; 2008 жылы 99,5 %-ға орындалып, ал орындалмау сомасы 12,5 млрд. теңгені құрады. Ал 2009 жылы шығыстар бойынша орындалуы 98,1 %-ды құрап, игерілмеген қаражат сомасы 59,4 млрд. теңге деңгейіне жетті, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,7 есеге көп.
Бұл ретте бюджеттің шығыс бөлігіне жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін атап өту қажет. Мысалы, 2007 жылы шығыстар 2 094 459,3 млрд. теңгені, 2008 жылы, ол 621 579,5 млрд. теңгеге өсіп, 2 716 038,8 млрд. теңгені құраса, 2009 жылы олар 3 178 048,4 млрд. теңгені құрады. Бұл 2008 жылға қарағанда, 462 009,6 млрд. теңгеге артық. Бұдан біз республикалық бюджеттің шығысына бөлінетін қаражат динамика бойынша тұрақты түрде өсу үрдісінде екенін және негізінен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін шешуге бағытталғанын көреміз.
Мемлекет басшысының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын іске асыру үшін Үкімет барлық шараларды қабылдаған 2009 жылдың бюджеті де осындай. Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың ең басты мақсаты” атты Жолдауын негізге ала отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 9 875 теңгеге дейін, базалық зейнетақы төлемдер 5 388 теңгеге дейін көтерілді. Зейнетақының орташа мөлшері 17 366 теңгеге жетті.
Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде республика бюджетінен халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің елеулі өсуін болдырмау мақсатында 134,7 млрд. теңге бөліп, ол “Жол картасын” іске асыру шеңберінде пайдаланылды.
Жол картасының инвестициялық жобаларын іске асыру басталғалы бері 258 585 жұмыс орны ашылып, 247 822 адам жұмыспен қамтылды.
Алайда, Үкіметке және оның дағдарысқа қарсы шараларына оң баға бере отырып, біз депутаттар, Үкімет есебін қарау барысында қозғалған және талқыланған проблемалық мәселелерді айналып өте алмаймыз.
Есепті талқылаған кезде дамуға арналған нысаналы трансферттерді бөлуге қатысты мәселелерге баса назар аударылды. Бұл ретте, бюджет қаражатының едәуір игерілмеуі нысаналы трансферттерге келетінін атап өткен жөн. Бүгінгі күні 16 өңірдің тек қана төртеуі өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал 12 өңір дотациялық болып табылады. Депутаттар қазіргі таңда дотациялық өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуіне қол жеткізу жөнінде қандай да бір саясаттың жоқ екендігін әділ атап өтті. Осы мәселеде, мүмкін, Үкімет өңірлерді субвенциялық санаттан шығу үшін көтермелейтін нақты шараларды пысықтауы қажет шығар. Бұл мәселені шешуде өңірлерге орталықтан дайын қаражатты күтпей-ақ, өздерінің ішкі қорларын барынша пайдалануға мүмкіндік беретін жүйелік көзқарас қажет.
Есепті талқылаған кезде көптеген мәселелер дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде Ұлттық қордан 120 млрд. теңге алған “ҰБХ “ҚазАгро” қызметіне байланысты болды. Депутаттар бұл мемлекеттік қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланылғанына, қандай нәтижелерге қол жеткізілгеніне, қанша жоба іске асырылғанына, сондай-ақ не іске асырылмады және себебі не екендігіне ықылас қойды.
Неғұрлым көп талқыланған және депутаттар көбірек кінә қойған мәселе бюджет қаражатының 60,1 млрд. теңге сомасында игерілмеуіне қатысты болды: оның ішінде 59,4 млрд. теңге бюджеттің шығыс бөлігін іске асырған кезде орын алса, 0,7 млрд. теңге бюджет кредиттері бойынша қалыптасты.
Әрине, игерілмеген қаражаттың белгілі бір бөлігі объективті себептерге байланысты: мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша үнемдеу, бағамдық айырманың өзгеруі, өкілдік және іссапар шығыстарын қысқарту және т.б. Бірақ, көптеген жағдайларда бұл әкімшілердің өз кінәсінен болғанын айтқан жөн.
Өңірлерге барған уақытта депутаттар алдында шешуі республикалық қаражаты есебінен қаржыландыруды талап ететін проблемалық мәселелер қойылады. Алайда, бюджетті бекіткен кезде халықтың әлеуметтік елеулі проблемаларын шешуге бағытталған көптеген депутаттардың ұсыныстары Үкіметтің қолдауынсыз қалды және оларға бюджеттен қаражат бөлінбеді. Сонымен бірге бюджеттің орындалу нәтижесін қараған кезде біз бюджет қаражатының айтарлықтай игерілмей қалу жағдайларымен кездесеміз және осы орайда бұл үшін ешкім жауап бермейді, бұл өз кезегінде қаржы тәртібіне әсер етеді. Осыған орай, депутаттар бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін заңнамалық деңгейде дербес жауапкершілік белгілеуді ұсынды.
Нәтижеге бағдарланған бюджет жасауды енгізген кезде мемлекеттік органдар өз жұмысын түбегейлі қайта құрады және өз ісінің мақсатына және нәтижесіне баса назар аударады, бюджет бағдарламалары дамудың стратегиялық мақсатымен қатаң байланысты болады, ал бюджет ресурстары тиімді және сапалы нәтижелерге қол жеткізуге бөлінеді деп болжанды.
Жоғарыда айтылғандардан көріп отырғанымыздай, бюджет жүйесін реформалауды жүргізе отырып, біз әлі жаңаша жұмыс істеуді үйрене алмадық. Сонымен қатар, 2009 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындылары үш жылдық бюджетті іске асырған кезде бюджет бағдарламаларының әкімшілері жаңа көзқарастарды пайдалана алмағанын көрсетті және тиісінше тиімді және сапалы нәтижені қамтамасыз ету жөніндегі түпкі мақсатқа әлі қол жеткізілген жоқ.
Мүмкін, бюджетті орындауға байланысты мұндай жағдайдың себебін бюджетті жоспарлау қателіктерінен іздеген жөн болар. Осы мәселеде бюджеттің атқарылуы төрт кезеңнің: жоспарлаудың, орындаудың, тексерулер мен түзетуші іс-қимылдардың бірлігін қамтамасыз ететін жүйелі көзқарас қажет. Осындай көзқарас шеңберінде әрбір бюджеттік цикл алдыңғы бюджеттік циклде алдын-ала мақұлданған тиісті жылға арналған орта мерзімді қаржы жоспарының негізгі өлшемдерін қараудан, сыртқы факторлар мен жағдайларына талдау жасаудан, жоспар жасалып отырған жылдағы негізгі бюджеттік көрсеткіштерге енгізілетін өзгерістерді негіздеуден, сондай-ақ келесі жылдарға арналған бюджеттік жобалауларға түзету енгізуден немесе оларды әзірлеуден басталуы қажет. Бюджетті мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен жоспарланатын нәтижелерін негізге ала отырып қалыптастыру қажет, ал бюджет шығыстары бюджеттік бағдарламалар шеңберінде түпкі нәтижелерге қол жеткізуге қызмет етуі тиіс.
Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.