Банк 14 Сәуір, 2025

Банк секторын дамытудың жеті бағыты нақтыланды

0 рет
көрсетілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНДРА) басшысы Мәдина Әбілқасымова банктер туралы жаңа заң жобасының жеті негізгі бағыты туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚНДРА басшысы құттықтау сөзінде Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп жаңа заң жобасын әзірлегенін, сондай-ақ бірқатар аралас кодекстер мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер дайындағанын айтты. Жалпы алғанда, ұсынылған түзетулер Қазақстан Республикасының 7 кодексі мен 16 заңына қатысты.

Заңнамалық бастамалармен жұмыс Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ), Халықаралық валюта қорының (ХВҚ), сондай-ақ Oliver Wyman, KPMG және Dentons компанияларының өкілдерін қоса алғанда, халықаралық сарапшылармен тығыз байланыста жүргізілді. Осының арқасында қаржы нарығына қатысушылардың өзекті сын-қатерлері мен ұстанымдарын ескеріп қана қоймай, банк секторын реттеудің қазіргі заманғы халықаралық стандарттарын енгізуге мүмкіндік туды. Ол жеті негізгі бағытты бөліп көрсетті.

Бірінші бағыт лицензиялау жүйесін жетілдіруге және банк нарығына қол жеткізуді реттеуге арналған. Осы блок шеңберінде жаңа нысанды - нарыққа жаңа ойыншылардың шығу процесін жеңілдетуге және бәсекелестікті ынталандыруға арналған базалық банктік лицензияны енгізу ұсынылады. Әмбебап лицензиядан айырмашылығы, базалық лицензияда активтердің көлемі мен жүргізілетін операциялардың түрлері бойынша шектеулер болады, сондай-ақ ең төменгі капиталға (10 млрд теңгеге дейін), тәуекелдерді басқару жүйесіне және қадағалау жүктемесіне төмендетілген талаптар көзделеді. Бұл банк жүйесінің тұрақтылығын сақтай отырып, реттеудің неғұрлым бейімделген жағдайларын жасайды. Мұндай тәсіл шағын және орта бизнеспен, әсіресе өңірлерде жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары үшін әсіресе өзекті. Олардың көбі осындай лицензия алуға қызығушылық танытты.

Халыққа қаржылық қызмет көрсететін ұйымдарға қойылатын талаптар қосымша қатайтылатын болады. Комплаенс стандарттарын сақтауға, ақпараттық қауіпсіздікке және клиенттердің құқықтарын қорғауға баса назар аударылатын болады, бұл қаржы операцияларының ашықтығын арттыруға, азаматтар үшін тәуекелдерді төмендетуге және қаржы жүйесіне сенімді нығайтуға тиіс.

Сондай-ақ ислам банкингін дамыту үшін жағдайлар көзделген. Әмбебап банктер міндетті түрде бөлек есепке алу және шариғат нормаларын сақтау шартымен исламдық банк қызметін жүргізуге қосымша лицензия ала алады. Бұл операциялардың ашықтығын және клиенттердің мүдделерін қорғау кепілдіктерін қамтамасыз етеді.

Екінші бағыт мінез-құлықтық қадағалауды дамытуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Қолданыстағы пруденциялық қадағалаумен салыстыруға болатын бақылау жүйесін енгізу жоспарлануда. Реттеуге көзқарас қаржы өнімдерін әзірлеу, жылжыту, ұсыну және мониторингілеу кезіндегі жауапкершілікке негізделетін болады. Ақпаратты ашуға қойылатын талаптар артады, жосықсыз практикалар шектеледі, қаржы ұйымдарының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға жәрдемдесу міндеті енгізіледі. Сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау құрылымы қайта қаралуда: енді барлық өтініштер бірінші кезекте тікелей қаржы ұйымының өзінде, одан әрі - дауларды сотқа дейін шешудің негізгі органы болатын Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметінде қаралуға тиіс.

Үшінші бағыт төлем қабілеті жоқ банктердің қызметін реттеу тетіктеріне қатысты. Күшейтілген қадағалау, тұрақтылықты қалпына келтіру және тікелей реттеу кезеңдерін қамтитын үш сатылы модель енгізіледі. Қаржылық жағдайдың нашарлауының алғашқы белгілері кезінде банк күшейтілген қадағалауға түседі және қалпына келтіру жөніндегі жоспарды қайта қарайды. Одан әрі нашарлаған жағдайда тұрақтандыру режимі, ал банк төлем қабілеті жоқ деп танылған жағдайда - уақытша әкімшілікті тағайындауды және оның өміршеңдігін талдауды қамтитын реттеу тетігі іске қосылады. Мақсаты - мемлекеттің қатысуын барынша азайту, оны тек қана жүйелік тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдайлармен шектеу.

Төртінші бағыт банктік реттеуді халықаралық стандарттарға сәйкестендірумен байланысты. ХВҚ мен Дүниежүзілік банк 2023 жылы жүргізген Қазақстанның қаржы секторын (FSAP) бағалау негізінде пруденциалдық нормаларды күшейту, макропруденциалдық құралдарды кеңейту және негізгі бағыттар - тәуекелдерді басқару, ішкі аудит және комплаенс басшыларының кәсібилігіне қойылатын талаптарды белгілеу жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Бесінші бағыт кредит беруді жандандыруға бағытталған. Синдикатталған кредиттерді дамыту ынталандырылады, кепілдік беру қоры құрылады және факторинг сияқты құралдарды неғұрлым кеңінен қолдану үшін жағдайлар қалыптастырылады. Бұл шаралар шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржыландыруға қол жеткізуін жеңілдетуге және экономикалық қызметті жандандыруға тиіс.

Алтыншы бағыт банк заңнамасын құрылымдық оңтайландыруды қамтиды. Жаңа заң банкті құру мен лицензиялаудан бастап қызметін тоқтатуға дейінгі өмірлік циклдің қисынына негізделеді. Одан ескірген және қайталанатын нормалар алынып тасталады. Акционерлер мен басқару құрамына қойылатын талаптар «Мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» жеке заңға енгізілетін болады, бұл нарық қатысушыларының нормативтерді қолдануының үлкен заңдық айқындылығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.

Жетінші бағыт елдің цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде цифрлық активтерді құқықтық реттеуге бағдарланған. Мақсаты - одан әрі цифрландыруға дайын технологиялық дамыған және орнықты қаржы жүйесін құру. Бұл мәселе бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі ақпаратты Ұлттық банк қосымша ұсынады.