Алматы облысының Қарасай ауданы инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып, ірі инвестициялық жобалар қарқынды іске асып жатыр.

Өндіріс жанданып келеді
Жаңа кәсіпорындар ашылып, логистикалық хабтар іске қосылған. Бұл жүздеген жаңа жұмыс орнына сеп. Өндірісін («Буратино» сауда маркасы) Алматыдан ауданға көшірудің қамын жасап жатқан «Caspian Beverage Holding» бастамасы да мақтауға тұрарлық.
«Бізге маңыздысы – инвестиция тарту арқылы аудан экономикасын дамыту. Жаңа кәсіпорындар мен өндірістер қаржы құйып қана қоймай, халыққа жаңа жұмыс орнын береді. Сондықтан инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Былтыр өнеркәсіп өндірісі 621,8 млрд теңгеге жетіп, 9,4 пайызға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 91,7 пайызды құрап, 576,1 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығында 74,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құраса, 224,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 40,4 пайызға өсті», дейді аудан әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов.
Қазір ауданда 18 ірі өндірістік орын, оның ішінде 7-еуі жүйе құраушы кәсіпорын жұмыс атқарып жатыр. Олар – «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Hamle Company LTD», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Келун Казфарм» сияқты флагмандар. Өткен жылы Шамалған ауылында «Қазақстандық құбыр арматурасы зауытының» (КЗТА) құрылысы аяқталып, тұрақты 80 жұмыс орны құрылды. Сауыншы ауылында «BMG Holdinq» компаниясының сэндевич-панель шығаратын зауыт құрылысы аяқталып, 60-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Биыл қаңтарда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 13,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 есе өскен (2024 жылы қаңтарда – 4,4 млрд теңге).
Ауданда тиімді логистикалық кешендер де бой көтеріп жатыр. «Focus Logistics» кешенінің бірінші кезеңі аяқталып, «Ozon» қоймасы іске қосылды. Бұл жерде мыңға тарта адам жұмысқа орналасты. Осы айда «Samsung» қоймасы ашылып, тағы 100 жаңа жұмыс орны пайда болады. «Imagine Apple City» жобасы аясында 500 жұмыс орны құрылмақ. Жалпы алғанда, аудан бойынша 4 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Логистикалық қоймалар құрылысы басталады
«Focus Logistics» жер учаскелері Алматы агломерациясының солтүстік-батыс бөлігінде, Алматы қаласынан 19 шақырым жерде орналасқан. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) мен «Ақсеңгір» теміржол стансасына жақын орналасқандықтан жүктерді барлық бағытта жылдам жеткізуге мүмкіндік бар. Компанияның жер учаскелерін игеру 3 кезеңге бөлінген. Әуелі 95 гектар алаңда контейнерлік терминалы бар «А+» класты логистикалық парк салу көзделіп отыр.
«Былтыр қазаннан бастап жалпы ауданы 40 000 шаршы метрден асатын «Ozon» фулфилмент орталығының бірінші кезегінде операциялық қызмет жүргізіліп жатыр (жоспар бойынша – жалпы қуаты 112 000 шаршы метр болатын 3 кезең). Осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілетін BTS және BTR форматы бойынша 200 000 шаршы метрден астам А класты әмбебап қоймаларды салу жоспарлануда. Үшінші кезеңде қуаттылығы 100 000 TEU дейінгі заманауи контейнерлік терминал құрылысын аяқтау көзделген», дейді «Focus Logistics» ЖШС Бас директоры Диас Ғалиев.
Осы күні іске қосылған «Ozon» қоймасында Қарасай ауданының елді мекендерінен келетін мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар халық тұтынатын тұрмыстық тауарларды тапсырысқа қарай буып-түю жұмыстарымен айналысады. Алып қойманың тағы бір артықшылығы – отандық өнім өндірушілердің де тауарының сатылуына септігін тигізетіні. Екіжақты келісімшарт жасасып, тағам түрлерінен өзге экспортқа шығатын өнімдер осы қойма арқылы алыс-жақын шетелдегі «Ozon» қоймаларына жеткізіліп, одан әрі тұтынушыларға жөнелтіледі. Бұл өз кезегінде отандық өнім түрлерінің өтімділігін арттыруға ықпал етпек.
«Алтын тағаның» ауқымы кең
Аудандағы ірі өндіріс ошағының бірі болады деп болжанып отырған «Алтын таға» темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы да қарқынды жалғасып жатыр. Толық қуатқа жеткенде 700 адам еңбекке араласпақ.
«Зауыт 2023 жылдың соңында іске қосылып, 1-цехта электр желілерін тартуға арналған бағандарды шығаруды бастадық. 2-цехта 35 киловаттық желілерді тартуға арналған үлкен тіректер шығарылады. Олар толықтай цемент бұйымдары. Герман технологиясымен жабдықталған 3-цехта 100 түрлі түстегі цемент төсеніштер 20 шақты қалыпта шығарылады. Мұнда жоғары сапалы бордюрлер және сплинтерлік блок кірпіштерді өндіреміз. 4-цехта карьер жұмыстарының темірден жасалатын жабдықтарын және тіркемелерді, кран-балкілерді шығару жоспарланған. Сондай-ақ сырттан тапсырыс қабылдап, оны толықтай осы металл өндіретін цехта шығарып беру мүмкіндігі қарастырылған. Қазір 5-цехты іске қосуға даярлық жұмысы жүргізілуде. Жалпы аумағы шамамен 13 000 шаршы метр болады. Онда сэндвич-панельдер шығарылады», дейді «Алтын таға» ЖШС директоры Нұрбол Берікболұлы.
Оның айтуынша, 250 вагон сыятын және жылына 4 мың тонна цемент сақтайтын қойма тұрғызылмақ. Бұл шығарылған өнімді сапалы сақтап, тиісті жерге іркіліссіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Алматы облысы