Балалар 15 Сәуір, 2025

Балалар көп қолданған қосымша белгілі болды

0 рет
көрсетілді

«Kaspersky зертханасының» сарапшылары 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда балалар ең көп уақыт арнаған сервистерді талдап, кең таралған киберқауіптер туралы ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Kaspersky Safe Kids қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы үш айында балалар көбінесе мессенджерлер, қысқа видеолар көруге арналған қосымшалар мен  ойын сервистерінде уақыт өткізген. Олардың арасында алғашқы орында YouTube тұр. Балалар ең көп қолданатын он қосымшаның ішінде дәл осы платформада өткізген уақыт 30%-ды құрайды. Екінші орында — TikTok (16%), ал үшінші орында — WhatsApp (14%). Сонымен қатар алғашқы ондықтың қатарында Roblox, Agent+, Telegram, Brawl Stars, Chrome, YouTube Kids және Instagram бар.

Kaspersky зертханасы сарапшыларының анықтауынша, балалардың осы қызығушылығын білген алаяқтар аталған қосымшаларды өз схемаларында белсенді қолданатынын ескертеді. Шабуылдар көбінесе мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Бірақ зиянды контентке басқа платформаларда да тап болу ықтималдығы жоғары — мысалы, видеолардың пікірлерінде немесе оқушылар арасында танымал ойын форумдарында.

Мамандар ата-аналар мен балалар алданып қалатын қауіпті алаяқтық тәсілдерді атап көрсетті.

Алғашқысы, аккаунттарды жалға беру және банк карталарын сату. Мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде немесе  онлайн ойындар платформаларында  алаяқтар жасөспірімге «ақша табуды» ұсынып, мессенджердегі пайдаланылмайтын аккаунт немесе банк картасын қолдану туралы ұсыныс айтуы мүмкін. Кей жағдайда жаңа карта ашуды сұрайды. Бірақ мұндай ұсыныстар өте қауіпті, өйткені алаяқтар бұл аккаунттар мен карталарды заңсыз әрекеттерге пайдаланады. Ата-аналар аккаунт немесе карта арқылы жасалған әрекеттер үшін карта иесі жауапты болатынын баласына түсіндіруі керек.

Екіншісі, ата-ананың ақшасы мен жеке деректерін ұрлау. Кей балалар интернетте жеке ақпаратты ашық бөлісуге бейім. Алаяқтар осындай мәліметтерді пайдаланып, ересектерге шабуыл жасай алады. Айталық, фишингтік хабарлама жіберіп немесе әлеуметтік инженерия әдісі «аңыз» ойлап табуы мүмкін. 

Үшіншісі, қауіпті челлендждер. Бұл – балалар мен жасөспірімдер үшін әлі де үлкен қауіп. Соңғы кезде мұндай челлендждерге тарту жолдары сан түрлі. Алаяқтар баланы қауіпті әрекеттер  жасауға мәжбүрлеу үшін, жеке суреттері мен видеоларын көпшілікке жария етемін деп қорқытуы мүмкін. Олар «әлсіз емес екеніңді дәлелде», «қадам жаса – мазаламаймыз» сияқты сөздермен, жасөспірімнің атынан жалған аккаунттар немесе топтар құрып, психологиялық қысым жасауы мүмкін.

Kaspersky зертханасы, балалардың онлайн қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Андрей Сиденконың айтуынша  алаяқтар трендтерді мұқият бақылап, әртүрлі танымал қосымшалар мен сервистерді өз пайдасына қолданады.

«Олардың схемаларын кейде ересектердің өзі түсіне бермейді, ал жасөспірімдер тіпті де осал. Әсіресе, емтихан кезінде күйзеліс күшейіп, ақпаратты мұқият тексеруге мұршалары болмай қалуы мүмкін. Сол себепті, ата-аналар балалармен онлайн қауіпсіздік ережелерін үнемі талқылап, интернеттегі қауіптер туралы ашық айтуы қажет. Ең маңыздысы — бала қандай да бір қиын жағдайға тап болса, оны жасырып қалмай, үлкендерге айта алатынын, өзін әрдайым қолдайтынын білуі керек. Бұл әсіресе кибербуллингке немесе қауіпті челлендждерге қатысуға мәжбүр болған жағдайда аса маңызды», дейді ол.