• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2010

САН ТАҒДЫРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН АСТАНА

560 рет
көрсетілді

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен “Астана” атты мюзиклдің премьерасына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысты Осыдан бірер жыл бұрын Францияның астанасы – Париж қаласына жолымыз түскені бар. Әрине, қыдырыстап бар­ғаны­мыз жоқ. Мақсатымыз – Шәкәрім Құдай­бердіұлының 150 жылдық мерейтойын өз елімізде атап өтіп жатқан тұста дала ойшы­лын Еуропа жұрт­шылығымен де кеңінен таныстыру болатын. Бұл – айыбы тұлпар болып туғаны үшін, көргені азап пен мазақ болған аяулы тұлға мұра­сының сырт елде тұңғыш рет насихат­талуы еді. Бір ғажабы, Парижде де Шәкәрім қажының баға жетпес мұра­сымен жете таныс оқымыстылар аз емес екен. Солар шетінен суырылып шы­ғып, қазақ ғұламасының данышпандық қыр­лары, ойлы шығармалары жайлы өзіндік пікірлерін ортаға салған кезде, төбеміз көкке тигендей болып еді. Алайда, айтайын дегені­міз бұл емес. Сол сапар бары­сында, әрине, Париждің біраз жер­лерін аралап көргенбіз. Осы жолғы қазақ­стандық делега­цияны бастап барған ҚР Мәде­ниет ми­нистр­лігінің жауапты хатшысы Жанна Дулатқызы бізге теңдессіз Луврды көрмей, Мулен-Руж­дағы қойылымдарды тамашаламай қайтқан адам Парижде болдым деп қалай айтады деп әзілдей отырып, осы орындарға қайткенде де бару қажеттігін айтқан. Алайда, Луврды көргенімізбен, Мулен-Ружға билет табу оңай емес екен. Бұл арада да Жанна Дулат­қызы бізге көмекке келді. Бір топ адамды өзі бастап барып, сол күні осы театр өнерін тамаша­лауымызға мүмкіндік тудырды. Айтса айтқан­дай-ақ екен. Сол күні осы театрдан бір ғаламат әсер алып қайттық. Тіпті өнері дамыған, өскен-өнген елдің сахнасынан көрген сол музыкалық туындыдан кейін өз елімізді еріксіз еске алғанбыз. Шіркін, қазақ елінде бұл өнер жанрын дамытуға мүмкіндік қашан туады екен деген ойға да келгенбіз. Содан да шығар, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында композитор Алмас Серкебаев пен либретто авторы Юрий Кудлачтың “Астана” атты мюзиклі өтеді екен дегенді естігеннен-ақ дегбір кеткен. Дег­біріңнің кететіндей-ақ жөні бар. Неге десеңіз, ең алдымен өнердің бұл жанры елімізде тұңғыш рет қойылғалы отыр. Екіншіден, бүгінде әлемге әйгілі Астана қаласы өнер туындысының арқауына айналып жатса, қалайша желпінбейсің. Әрі мюзикл дегеніміз – синтездік өнер. Ендеше, сан өнерді тал бойына жинаған кімдер болды екен деген қызығушылықпен қатар, жаңаның аты жаңа ғой, сол басты рөлдерде ойнайтын таңдаулы­ларымыз дүйім елдің алдында өз кейіпкер­лері­нің жан әлемін жарқы­ратып аша алса жара­ды деген қобал­жу­ да жоқ емес. Содан да ғой, шымылдық­тың түрілуін асыға күткен­біз. Әдетте, ең алды­мен театрға кел­ген адам­ның сахна деко­рация­сына көз жүгір­те­тін әдеті. Бай­қай­мыз, сах­на­да басы ар­тық еш­нәрсе көрін­бейді. Кә­дімгі зама­науи ғи­ма­раттардың ішін көз­ге елестететін айқыш-ұйқыш темір жақтау­лар. Әне, сахна төрін­дегі алып экран­нан Қазақстанның кар­тасы көрінді де, Астана де­ген жазудан кейін ізін­ше қонуға бет алған алып лайнер қалықтап келеді. Сөйтіп, бұл Астана халық­аралық әуе­жайы­ның іші екені белгілі болды. Әуежайда біреу­­ді қарсы алып, екіншісін шығарып тұр­ғандар да аз емес. Олардың ара­сында әлемнің әр түкпірінен келген қала қонақ­­тары да жүр. Ерсілі-қарсылы ағылған осы­нау жұрттың қарбалас тірлігінің бәрі би тілінде бейнелен­ген. Осы сәтте бір шеттен алматы­лық дәрігер жігіт Арман Тәжиевтің келе жат­қанын көресіз. Ол осы туындыдағы бас кейіп­кердің бірі. Арман дәл осы әуе­жайдан кездей­соқ бала күнгі досы Сержан Бекбаевты кез­дес­тіреді. Сержан Астанада тұрады. Касу­ши­ко Тамура деген жапондық ірі кәсіпкердің хатшысы. Көптен кездеспе­ген екі дос құшақ айқастыра тұрып, өткен бала­лық шақтарын еске алып, біраз аялдап қалады. Осы сәт ұшақтан енді түскен жапон қызы Асами Сава­гучи ортаға озады. Оны Касушико Тамура қар­сы алып тұр. Міне, осы тұста сол қызды көзі шалған Арманның оған бірден көңілі ауады. Асамидің Астанаға келуінің де өзіндік мәнісі бар. Бүгінде сонау тарих қойнауына кеткен соғыс кезінде, яғни Ұлы Отан соғы­сының аяғына қарай жас жапон солдаты Кеңес елінің тұтқынына түскен екен. Тағ­дыр­дың жазуымен Қазақстанға тап болған ол басынан адам төзбес қиындықтарды өткізеді. Алайда, көрер жарығы бар екен, баласы соғыста өлген қарапайым қазақ әйелі күнін өзі әзер көріп жүрсе де сол солдатпен бір жапырақ нанын бөлісіп, оны ажал тырнағы­нан аман алып қалады. Қазақ әйелінің жан жомарттығына қайран қалған сол солдат тірі болсам, бұл елге қайта айна­лып бір соғармын деп, өзіне-өзі уәде береді. Алайда, оның маң­дайына бұл елдің дәм-тұзын қайта тату бұйырмапты. Дегенмен, ол қазақ сынды дархан халықтың жер әлемде жоқ екендігін ұлы мен немере қызының құлағына сіңіре беріпті. Содан да оның немере қызы Асами қайткенде де Қазақ­станға келіп, қиын-қыстау кезде атасына сүйеу болған қазақ халқын, осы халық мекен ететін жерді бір көруді арман­дайды. Сөйтіп, Астанаға келеді. Жапон қызы­ның бұл сапары оның өміріне түпкілікті бет­бұрыс жасайды. Ол да осы әуежай басында кездейсоқ жүздескен Арман атты қазақ жігітіне бір көргеннен ғашық болады. Алайда бірін-бірі қалтқысыз сүйген қос жүректің табысуы оңайға түспейді. Екеуінің арасына жапондық кәсіпкер Тамура тікен­дей қадалады. Өйткені, Тамураның да Асамиді жар етсем деген дәмесі бар. Осы кезде Ар­ман­ның тауы шағылмас үшін оның бала күн­гі досы Сержан мен оның сүйген қызы Ма­ри­­на көмекке келеді. Әрі қарай оқиға барысы Шекспир туындыларында­ғыдай амал мен ай­ла арқылы өрбиді. Ақыр соңында екі жас мұ­ра­тына жетіп, Астана төрінде қазақы жол­мен жар-жар айтқызып, шалқытып той жасайды. Жарайды, “Астана” мюзикліндегі оқиға белгілі болды. Байқауымызша, мұнда бір-біріне ынтық болып қалған екі жас жайлы айтылатын сияқты. Олай болса, оны неге “Астана” деп атаған дейтін шығарсыз. Өзіміз де сол атаудың мән-маңызын айта кетсек деп отырмыз. Ең алдымен, Астана – жастардың қаласы. Бұл сөзімізді дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оның шындығына көз жеткіз­гіңіз келсе, бір сәт жан-жағыңызға қара­саңыз, жетіп жатыр. Және аз ғана жыл­дар ішінде Арқа төсінен бой көтерген жас қала жаңа әрі тың идеялар тынысын әлемге таратып жат­қаны да шындық. Иә, дәл осын­дай күш-қуатпен буырқанған, бір күнінен бір күні қызық қаланы әлемнің еш нүктесінен таба алмайтыныңыз да күмәнсіз десем, дәл біздің елордамыздай кіл жастар мекен ететін, жастық пен махаббат мекені еш жерде жоқ. Оны өзіміз ғана емес, сырт көз – сыншылар да осы күні жиі айтатын болды. Астана – болашақтың қаласы дейді олар. Бұл жәй сөз емес. Болашақтың қаласы деген сөз – ертеңі бұдан да жарқын, бұдан да нұрлы деген сөз. Ендеше, осындай қалада сандаған тағдырлар тоғысып, сандаған жастар өз арман-мұраттарына жетіп жату заңды емес пе?! Олай болса, мюзиклдің аты да, оқиғаның желісі де өзін-өзі әбден ақтап тұр. Әдетте кім де болса жаңаға жатырқай қарайды ғой. Сондай жатырқаушылар осынау лирикалық комедияны тамашалап шыққандар арасынан да табылатыны анық. Олардың сөзіне құлақ түрсеңіз, осындай дүние бізге керек пе еді. Өзгеге еліктеудің қажеті қанша? Оның үстіне режиссерді де, суретшіні де, балетмейстерді де сырттан шақырыппыз. Ондай мамандар өзімізде жоқ па дейтіні сөзсіз. Мұндай ешнәрсеге қуана алмайтын, бәріне жатырқап қарайтын адамдардың бірі өзімізге де жолыққан. – Әрине, керек – дедік біз оған. – Ал сөзіңді дәлелде, – деді ол бізге. Біз осы арада қалың оқырманға да ой түюге қажеті болар деген оймен әлгі кісіге шама-шарқымызша берген жауабымызды қайталай кетсек, ең алдымен мұндай көңіл­ді, думанды туындылар бүгінде біздің еліміз үшін ауадай қажет демекпіз. Өздері­ңізге мәлім, қазақ халқы мың өліп, мың тірілген халық. Басы­мыздан небір нәубетті де өткіз­генбіз. Бодандық қамы­тын да киген­біз. Сөй­тіп, еңсеміз езіліп жүр­генде Құдай жарыл­қап, өз алдымызға тәуел­сіздік алдық. Жаңа елордамызды салдық, тұрмы­сымызды түзеп, өнерімізді өркендеттік. Өнер демекші, ұрпақ қамы үшін халқымыз кешкен сан қиындық­ты да кино, театр тілінде сөйлеттік. Өйткені, өткенді білу арқылы ұрпақ­тар арасындағы сабақтастықты санада пісіру бізге қажет еді. Содан да шығар, көп жағдайда біздегі өнер туындылары халқымыз бастан кешкен ауыр жайттарды көбірек баян­дайды. Міне, осын­дай дүниелерді көбірек көрген бір жас­өс­пірім­нің: осы бізде сәулелі, шуақты шығар­ма­лар неге жоқ. Театрға барсаң да, киноға барсаң да қайғы мен қасірет. Адам аяғандай алба-жұлба қазақтар. Тіпті қарап отырып, біздің халық неткен сорлы еді деп ойлайсың – деп күйінгенін де естігеніміз бар. Егер ойға салып қарасақ, сол жасөспірімнің сөзі­нің шындығы да жоқ емес. Үсті-басы­ның өрім-өрімі шыққан өз ағайындары­мыздың өлмелі тірлігі, өзгенің оларды басынып мал орнында көруі, бас көтергендерін жұрттың ал­дын­да масқаралап, тіпті атып тастауы бәріміздің де талай рет жүрегімізді қан жылат­қан жоқ па еді. Бұл жерде мен осын­дай дүние­лерді көр­сету­дің қажеті қанша деп отырғаным жоқ. Қалай болғанда да бұл халқымыз бастан кешкен ащы шындық. Мұның бәрі намысы­мызды түрткілеп, жігерімізді жануға толайым еңбек сіңіргені де анық. Әлі де сіңіре беретіні күмәнсіз дей отырып, бүгінгі тәуелсіздік тұсын­да бір ет, бір май дегендей, сол дүниелермен қатар, еңсе тіктеген тәуелсіз еліміздің тыныс-тіршілігін, жастарымыздың жарасымды шат­тығын өнер тілінде сөйлете білсек айып па? Айы­быңыз не, бұл тіпті қажеттілік қой. Иә, қазақтың да барын жарқыратып, жайнатып көрсететін кезеңі келді. Ендеше, мұндай дүние­лерді, көңілге шуақ себетін елордамыздың барша жұрттың бақытты ордасына айналып отырғанын, яғни бүгінгі өмір көркін сахна төрінен айтуға тиіспіз. Ал енді өзге жұртқа еліктеу дегенге келсек, қазақ “үйрен де жирен” деген ғой. Осы сөздің түп тамырына үңілсеңіз, бұл дүниеде мынау тек орыстікі, мынау тек қытайдікі деп қатып қалған ешнәрсе жоқ. Жұрттың бәрі бір-бірі­нен үйре­неді. Жақсы­сын жетілдіріп, жасығын тастайды. Сөйте-сөйте бір халықтың дәстүр-салты екінші бір халықтың бойына сіңеді. Тіп­ті, оның әу бастағы тегінің қайдан шық­қаны да ұмыты­лып кетуі әбден мүмкін. Алыс­қа бармай-ақ, осы арада қазіргі голландиялық жауқазын деп әс­пет­­теп жүрген гүлдің арғы тегі қазақ дала­сында өсе­тін кәдімгі қызғалдақ екенін бүгінде жұрт­тың бәрі біле ме? Өнер де сол сияқты. Рас, мюзикл алғашында Америка­да көктеген өнер­дің бір жанры. Анықтап айтсақ, өткен ғасыр­дың бас жағында, яғни 1930 жылдардан бастау алған осындай көңілді, шуақты қойылым Америка халқына мейлінше ұнаған болатын. Айталық, 1943 жылы Р.Род­жерс пен О.Хам­мерстайнның Бродвейде қо­йыл­ған “Оклахома” атты лирикалық ко­ме­дия­сының көпшілікке ұнағаны соншалық, Нью-Иорктің драма лигасы оған “Ғасырдың ең таң­даулы мюзиклі” деген атақ берген бола­тын. Осы­лай­ша “Окла­хомадан” басталған өнер­дің бұл жанры өрістей келе У.Шекспир­дің, М.Сер­ван­тестің, Ч.Дик­кенстің, Б.Шоу­дың және т.б. әлемге танымал қаламгерлердің туынды­ларын мюзиклге айналдырған бола­тын. Мюзиклді өзге жұрт та бұл америка­лық­тар­дың ғана еншісі деген жоқ, жапатармағай осы жанрды өз елінде дамыта баста­ды. Бұл арада осы өнер түрімен бүгінде әлемді аузына қаратып отырған жұрттың бәрін санамалап жатпай-ақ, көршілес жатқан Ресей­де осынау ойнақы да отты жанрдың бүгінде жолы болып, көрермені де азаймай отырға­нын көзіміз де көріп жүр. Сондықтан да елі­міз­де алғашқы мюзиклді қоюға, осы жанрдың қыр-сырын жете білетін, мол тәжірибе жи­нақтаған мамандарды да осы елден шақырып отырмыз. Атап айтқанда, “Астана” мюзиклінің қою­шы режиссері Юрий Александров та, қоюшы суретшісі Вячеслав Окунев те, қою­шы балет­мейстері Владимир Романов­ский де Санкт-Петербург қаласынан келіп отыр. Және бұл олардың біздің еліміздегі алғашқы ізашары емес. Ю.Александров пен В.Окунев Алматы­ны айтпағанда, тек Аста­на­дағы К.Бай­­сейітова атындағы опера және балет театрының сахна­сында оншақты клас­сика­лық туындыларды қойып, кәсіби шебер­ліктерімен көп көңілінен шыққанын бәріміз де білеміз. Сондай-ақ осы­нау театр маман­дары­ның бұдан бірнеше жыл бұрын Алма­ты­дағы Абай атындағы опера және балет театрында Е.Рахмадиевтің “Абы­лай­­хан” опе­ра­­сын қойға­ны да есімізде десек, осы спек­такль үшін олар Қазақстан Рес­пуб­ли­­касы­ның Мем­ле­кеттік сыйлығының лауреа­­ты атан­ған бо­ла­тын. Міне, қазақ­тың болмыс біті­мінен, ұлттық психоло­гия­сынан толық ха­бары бар осындай кәсіби шебер­лерден біздің ма­мандарымыздың үйренуіне, тәлім алуы­на бұл жолы да зор мүмкіндік туып отыр деп білеміз. Әрине, өнердің қай түрінде болса да өз халқыңның тыныс-тіршілігі, мінез-құлқы сайрап жатқанына не жетсін. Десек те ауыз­ды қу шөппен сүрте беруге де болмас. “Ас­тана” мюзиклінде бас кейіпкер Арман айта­тын “Құсни Қорлан” әні, сол әнді тыңдаған Асамидің “Неткен ға­жап тіл” деп таңдай қағуы да қазақ халқы­ның бітім болмысын бір көтеріп кет­кендей. Жо­ғарыда біз сахна деко­ра­циясы мүлдем жоққа тән екенін айт­қанбыз. Сөйт­сек, де­ко­рация­ның бар мін­деті – сах­надағы алып эк­ранға жүктел­ген екен. Ең ұтымды тұс та осы бол­ған сияқ­ты. Өйт­кені, сахна төрінде өрбі­ген әр оқиғаның ты­нысын экрандағы көрі­ністер бірінен кейін бірі алма­сып, одан әрі айшық­тай түскені ақиқат. Сөз басында біз ак­терлер құрамы күт­кен үдеден көріне біл­се жа­ра­ды деп қобал­жы­ға­нымызды да айт­қан едік. Себебі, өнер­дің бұл жанры ән ай­тып, би билеу, әрі сахна шеберлігін жетік мең­геруді талап етеді. Олай болмаған жағ­дайда, жұрт көңілінен шыға алмайсың. Ал көп көңілін қалдыру – өнер адамы үшін өліммен тең. Бекер обалы не керек, бұл мюзиклде ойнай­тындар талай сыннан өтіп, әбден іріктелген жастар екен. Былтыр, яғни 2009 жылы Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі өнердің әр саласын дамытуға арнал­ған “Тәуелсіздік тол­ғауы” атты байқау жария­лағанда, композитор Ал­мас Серкебаев пен драматург Юрий Куд­лач­­тың осы “Астана” мюзиклі гран-приді жеңіп алған болатын. Міне, содан көп ұзамай, бұл дүниені сахнаға қою үшін жастар арасында іріктеу жұмысы жүргізіл­генінен де, бұған Алматы, Астана, Шымкент театрларынан және қос астанадағы өнер ордаларынан көп­те­ген талантты жастары­мыздың қатысқа­нын да есті­­ген­біз. Енді, міне, солардың арасынан ерек­ше көзге түскендер, яғни бас кейіп­кердің бірі Арман (Нұржан Баженов, Ерлан Жан­дарбаев, Асами (Айгүл Ния­зова, Әсем Сем­би­нова), Сер­жан (Талғат Мұ­са­баев, Андрей Трегу­бенко, Талғат Ға­лиев), Марина (Гүлжа­нат Са­пақова, Елена Гонжа, Оксана Дав­денко), Та­мура (Болат Есімхан, Евгений Чай­ников) рөлдерін сом­даған жастар оны өз биігінде алып шық­қанына бәрі­міз куә бол­дық. Былайша айт­қанда, жастардың тілегі бір, жібектің түйіні бір дегендей, олар өз­дерін өздері ойнап жүр­гендей сөздері де нық, қимыл-қозға­лыстары да жатық, ән-би­л­ері де әуезділігімен, әсем­ділігімен жүрек тербеген. Тек көңілге кірбің ұялатқан тұс, Асамиді қыз­ғанып, Тамураның жандайшаптарына Арманды соққыға жыққызатын сәті. Өз елін­де жүрген, өз төрінде отырған адамды сырт­тан келген келімсектің шаңыраққа қара­май соққыға жыққызып, басынуы бір түрлі ішіңді қыз-қыз қайнатып жібергендей бола­ды. Сондай-ақ, Тамураның алдында Сержан­ның тізе бүгіп, жалынуы да (мейлі, өз амал-айла­сын іске асыру мақсатында болса да) біздің ха­лықтың болмыс-бітіміне келіңкіре­мей­тін сияқты. Жалпы, қазақ нендей жағдай­да да біреудің алдында құлдық ұрып, бас имеген ғой. Олай болса, сол иілмеген басты еңкейт­пей-ақ қойғанымыз жөн емес пе дей отырып, алдағы уақытта сол көріністерді басқаша беру­ді де ойлансақ артық болмас еді деген ой­да­мыз. Әрине, бұл менің жеке өз көзқарасым. Көңілде жылылық үйірген тұстың бірі – Арман мен Асамидің үйленіп, Бәйтеректің басына көтерілуі, ал жан-жағындағы күннің шапағындай күміс ленталарды сандаған ұлт жастарының киіз үйдің керегесі тәріздес етіп, керіп тұруы бұл бірлігі жарасқан еліміз­дің бүгінгі тынысын көзге елестетер көрініс­тер десек, спектакль соңынан жасөспірім қыз бен жігіттің жұрт алдына шығуы – қа­зақ елінің келешегі бізбіз деген ойды айтып тұрғандай. Жалпы, мюзиклдің айтар ойының түп қазығы да осы. Елдің иесі де, Астананы көркейтетін де сол жастар. Әрине, алғаш қойылып отырған мюзикл­дің қазақша сөйлемегені де көңілге дық салған. Алайда, үміт те жоқ емес сияқты. К.Бай­сейітова атындағы опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиевтің айтуынша, бұл дүниенің қазақша нұсқасы дайындалып та жатқанға ұқсайды. Құдай бұйыртса, күзге қарай бұл туынды қазақ тілінде көрсетіліп, одан әрі оны облыстарға апарып, шет ел жұртшылы­ғының назарына ұсыну да ойдағы іс екен. Біз лирикалық комедиядан кейін осы туын­дының композиторы Алмас Серкебаев пен либретто авторы Юрий Кудлачқа және қоюшы режиссер Юрий Александровқа жолы­ғып, осы қойылым жөнінде ой бөлісуді сұрағанбыз. Суретті түсірген Игорь Бургандинов. Лебіздер Алмас СЕРКЕБАЕВ, композитор: – Мен өз елімнің бүгінгі тыныс-тіршілігін, сәулелі де, жарқын сәттерін бейнелейтін мюзикл жазуды көптен армандап жүретін едім. Сол арманыма Мәдениет министрі, ұлт жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен жылы түрткі салды. Тіпті, негізгі идеяны да өзі айтып берді. Бар оқиға Астана, Бәйтерек, қазақ жігіті мен жапон қызы арасындағы махаббат жайында өрбуі тиіс деді ол. Сөйтіп, бұл дүниені тезірек бітіріп, “Тәуелсіздік толғауы” бай­қауына қатысуға да кеңес берді. Міне, осыдан кейін-ақ менен дегбір кетті. Германияда тұра­тын ескі досым Юраға телефон шалып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Бүгінде телефон, интернет байланысы жолға қойылған ғой. Арадағы жер шалғайлығы да байқалмады. Сөйтіп, өткен жылдың қыркүйегінен желтоқсанның басына дейін жатпай-тұрмай, екеуміз жұмыс істедік. Енді осы дүние өз отандастарымның көңілінен шықса, бір арманымның орындалғаны, бір міндетімнің жүзеге асқаны деп білемін. Сенесіз бе, Америкада тұрсам да мен түсімде тек қазақтың жерін көремін, шамасы қазақтың кіндігінен байланған дегені осы шығар. Юрий КУДЛАЧ, суретші: – Мен біраз елді аралап, талай жердің дәмін татқан адаммын. Бірақ, осы Астана тәрізді буырқанған бояулы қаланы еш жерден кездестірген емеспін. Иә, мұндай жастық жалыны лаулаған қаланы әлемнің қай түкпірінен іздесең де таппайсың. Өзіміз жиі айтып жүретін әйгілі қалалар асарын асап, жасарын жасаған қартаң адамды көзге елестетсе, Астана білігіне білімі сай, күш-қуаты тасыған жас жігіт тәріздес. Демек, бұл болашақтың қаласы. Ал осындай қала жайлы, оның жарқын жүзді, мақсаты айқын жастары жайлы еңбек жазу бақыты өзіме бұйырғанына мен де дән ризамын. Ендігі тілегім, сол еңбегім ақталып, көп көңіліне шуақ сыйласа екен деймін. Юрий АЛЕКСАНДРОВ, қоюшы режиссер: Мен біраз жылдан бері ҚР Мәдениет министрлігімен, қазақстандық әріптестеріммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келемін. Өзіңіз білесіз, Абай атындағы және К.Байсейітова атындағы опера және балет театрларының сахнасына біраз шығармаларды да қойдым. Оны дәл қазір санамалап айтып жатуды, әрине, артық көріп отырмын. Ол еңбектерім үшін даттау емес, мақтау естіп жүрмін. Сол дүниелерді құлшына қолға алуыма қазақ халқына деген менің ізгі ниетім себеп болып отырған да болуы керек. “Астана” мюзиклін қоюға да қуана келістім. Қазақстанда талантты адамдар көп екенін көзім көріп жүр ғой. Солардың арасынан осы дүниенің ішкі мән-мазмұнын ашуға лайық жастарды таңдау да қиынға түспеді. Оның тағы бір себебі, сол жастардың бәрі Астананың келешегіне, оның бақыт пен бірліктің ордасы екеніне нық сеніммен қарайтындығы болса керек. Расы да осы, жастардың өз қаласына деген жүрек лүпілі осы туындыда да айқын көрініс тапты десем де болады. Әлгінде өзіңіз көрдіңіз ғой, екі жастың жолына тосқауыл болған Тамураның өзі де бақытын Астанадан табады. Бұл дегеніңіз, Астананың ешкімді жатырқамайтын, құшағы кең, жүрегі ашық қала екендігін, елдіктің, бейбітшіліктің символына айналғанын білдіреді.