• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

МЕМОРИАЛ

733 рет
көрсетілді

ОСЫНДАЙ ЭЛЕКТРОНДЫ САЙТТЫ БІЛЕСІЗ БЕ? “Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды” деген ұран аясында Ресей Федерациясында көптеген игілікті жұмыстар атқарылуда. Соның бірі –“Мемориал” аталатын электронды мұрағаттың дүниеге келуі. “Отан қорғау жолында қаза тапқандарды есте қалдыру мәселелері туралы” Ресей Федерациясы Президентінің 2006 жылғы 22 қаңтардағы №37 Жарлығының негізінде құрыла бастаған мұрағатта қазіргі уақытта он екі миллионға жуық құжаттардың сандық көшірмелері жинақталған. Оның негізін көп адамның қолы жетпей жүрген Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы сақтаулы тұрған жеке істерден бастап қоғамдық ұйым­дардың, із кесушілердің Ұлы Отан соғысына қатысты өз беттерінше іздеп тапқан мәліметтері құрайды (қара қағаздар, госпиталь мен медсан­баттың құжаттары, кеңестік әскери тұтқындардың трофейлік карточкалары). Тіпті шетелдегі бауырластар зираттарының төлқұжаттары да берілген. Сайт авторларының жазуына қарағанда, мұндай жүйеленген, мемлекет деңгейіндегі деректер базасы бүгінгі таңда ешбір елде жоқ көрінеді. Сайтта іздеу жүйесі тиісті жолға қойылған, жеңіл әрі жылдам ашылады. Оның үстіне мүмкіндігінше мәлімет­­тердің алынған алғашқы көздері сканер арқылы көші­ріліп берілген. Олардың ішінде “донесения о потерях”, “паспорта современных мест захоронений”, “документы военнопленных”, “дополнительные документы” секілді ресурстар соғыста қайтыс болғандар, хабарсыз кет­кендерге қатысты көптеген мәліметтерді сарғайған қағаз күйінде көз алдыңызға әкеледі. “Мемориал” сайтына жаңа мәліметтер жиі салынып, жаңарып тұрады. Соңғы рет осы жылдың сәуір айында жаңартылды. Мен – туған атам Анарбекті іздестірдім. Жалпы, ол кісі туралы ауылдағы апам Бексұлу, әкем Тұрғанбек арқылы білетіндігім рас. Олардың айтуынша, атам Сталинград түбінде қайтыс болған. Солай деп қара қағаз келген. Жасаған ерлігі үшін медалінің қоса жеткендігін білем. Әкем жетім бала делініп кәмелетке жеткенше үкіметтен жәрдемақы алып тұрған. Қаза тапқан жауынгердің отбасы делініп бірқатар алым-салықтан босатылған деген секілді әңгімелерін бұған дейін құлағым шалған. Содан болар мен “Мемориалдан” аса қатты “сенсация” күткен жоқпын. Өйткені, кезінде Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына да хат жазып, одан жауап келмеген болатын. Көп уақыт өтпей-ақ іздеу жүйесі атам туралы интернеттегі барлық деректерді алып шықты: “Номер записи – 67065126, “Фамилия – Култасов. Имя – Анарбек. Дата рождения – 1922. Дата и место призыва – 10.06.1942, Чаяновский РВК, Казахская ССР, Южно-Казахстанская обл, Чаяновский р-н. Воинское звание – рядовой. Дата выбытия – 20.03.1943”. Атам туралы көп мәліметті білмейтін болып шық­тым. Осы бойынша аталған сайттың “кері байланыс” айдарына хат жолдадық. Электроника заманының құдіреті жауап көп күттірген жоқ. Ертеңіне кешке қарай менің электронды жәшігімде сонау Ленинградтан келген жауап хат жатты. Мұрағат қыз­меткері Соловьева Елена ханым жолдаған жауапхаттың ұзын-ырғасын қысқартып айтқанда соғыс жолын 1942 жылдың маусымында Ленинград түбінен бастаған атам Польша жерінде қаза тауыпты. Біз ойлап жүргендей Сталинград майданына қатысы болмай шықты. Кішкентай ғана ауылдан шыққан бір қазақ жауынгерінің, бір қазақ баласының майдан жолы осылайша қайғылы жағдайда аяқталады. Бар-жоғы 21 жаста еді. Ал ол кісімен бір тізімде жүрген талай адамдар әлі күнге “пропал без вести” болып, таңба соғылған қалпында тұр. Солардың аты-жөндерін атай кетейін, мүмкін іздеп жүрген туыстарына бір пайдасы тиер. Атамның қаруластары: (аты-жөндері сайттағы сканерленген түпнұсқа құжат бойынша жазылған қалпында өзгеріссіз беріліп отыр, тізім қолмен толтырылған) Кулдыбаев Султан, 1908 ж.т, Келимбетов Т. 1901ж.т., Коилубаев Асхар, 1922 ж.т., Кравлев Алексей, 1922 ж.т., Карпеков Сарбай, 1906 ж.т., Кенебаев Тартай, 1901 ж.т., Корганбаев Жаулбай, 1921 ж.т., Кекешимов Перитал, 1907 ж.т., Кисыков Усипбек, 1907 ж.т., Козыркееев Байгеме, 1900 ж.т., Кумарбеков Турбай, 1917 ж.т., Кумарбеков Тувк, 1921 ж.т., Менлубаев Акуман, 1912 ж.т., Маймысов Сейдз, 1913 ж.т., Маймусов Усербай, 1902 ж.т. (Барлығы да сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Шаян аудандық әскери комиссариатынан шақырылғандар). Сайттағы берілген ескертулерге қарағанда, соғыс жағ­дайының ерекшеліктеріне қарай кейбір кезде жауынгерлердің аты-жөндері ауызша да жазылған көрінеді. Сол кездерде бұрмаланып қате кетуі әбден мүмкін. Соғыстың аты соғыс. Ол жерде аты-жөндерін дұрыстап жүретін уақыттың да болмағандығы анық. Оның үстіне іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Сенің қазақша аты-жөніңді командирлердің түсінбейтіндігі айтпаса да белгілі. Атам соғысқа 1942 жылдың жазында аттанған. Егер майданға дейін үйленіп кетпегенде, онда өмірге осы мақаланы жазып отырған немересі де келмеген болар еді. Тіпті ұрпақсыз да өтер ме еді. Ал майданға отбасын құрып үлгермеген қаншама қыршын жастар аттанып, қаншасы ұрпақсыз кетті. Күйеуін майданға аттандырып, өзі таңның атысы, күннің батысы еңбек еткен Бексұлу апа ол заманды әлі күнге дейін күрсіне отырып есіне алады. Баласы – Тұр­ғанбекті ел қатарына қосты, құдай қаласа жалғыздың тұя­ғы биыл алпыс тоғыз жасқа толғалы отыр. Одан алты ұл, бір қыз өсіп-өндік. Құдайға шүкір, атамыз ұрпақсыз емес. Осылайша Анарбековтер әулеті жалғасып келе жатыр. Атамның майдандас достары – Шорабек, Манатбек, Сүн­дет аталар бала кезімізде бізді көргенде ерекше емі­ренуші еді. Баламыз ғой, сонда іштей: “Осы кісілер неге сон­ша бізді жақсы көреді, басымыздан сипайды, неге сон­ша қадалып ұзақ қарайды?” деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ол кісілер: “Біздің құрдасымыз – Анарбек марқұмның не­ме­релері ғой”, деп ойлайды екен ғой. Көз көрген деген осы. Атам туып-өскен Шымкент облысы, Шаян ауданы (Бәйдібек) Қошқарата ауылындағы мектеп ауласына қойылған естелік тақтадағы тасқа қашалған ата есімін көргенде кеудемді мақтаныш кернейді. Иә, ол бізге бейбіт өмірді сыйлау үшін жанын қиды. ... Жат жерде қалған ата рухы туған жерді аңсап жат­қандай әсер етеді. Рухы қолдамаса, 65 жылдан кейін осы ма­қаланы немересі жазбас еді. Жол түсіп басына барып жат­сақ туған жердің бір уыс топырағын ала бару пары­зы­мыз болмақ. Әзірге осы жазбамды атамның рухына арнаймын. Осылайша атам туралы қосымша деректер интернеттен табылды. Бұл мысал бір жауынгердің ғана тарихы. Соғыста хабарсыз кеткен туыстарын іздегендер немесе қосымша мәлімет алғысы келгендер болса электронды мұрағатты мына мекен-жайдан ашуға болады: “www.obd-memorіal.ru”, электронды поштасы: e-maіl: obd-memorіal@elar.ru. Ал Ресей Федерациясы Орталық мұрағатының мекен-жайы: индекс 142100, Московская область, г. Подольск, ул. Кирова, 74. Ешкім де, ештеңе де ешуақытта ұмытылмауы тиіс. Мұхтар АНАРБЕКҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. АСТАНА.