• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

ЕЛДЕГІ ЕРЕН ЖЕТІСТІКТЕРДІҢ БІРІ

771 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталық еліміздің тәуел­сіздік жылдарындағы денсаулық сақтау сала­сындағы қол жеткізген ірі табыстарының бірі. Оның салынуы мен ашы­луына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей қамқорлық жасады. Біз орталықтың тыныс-тіршілігі мен табыс­тары туралы айтып беруді оның дирек­торы Абай БАЙГЕНЖИНнен өтінген едік: – Біздің орталығымыз Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың Аста­нада медициналық кластер құру қажеттігі жөнінде көтерген бастамасының негізінде және сол кісінің тікелей тапсырмасымен 2001 жылдың 25 қыркүйегінде ашылды. Құрылыс жұмыстарын Ұлыбританияның “Фитцпатрик Контракорс” компаниясы аса сапа­лы етіп жүргізді. Алғашында ол республикалық клиникалық ауру­хана түрінде қызмет ете баста­ды. Бірақ Елбасы ұжымның алды­на: мұнда жасалатын барлық диагностика, емдеу жұмыстары еуропалық деңгейде болып, қазіргі заманғы ең үздік стандарттарға сай болсын деген талап қойған­нан кейін 2003 жылдың аяғында орталықтың мәртебесі өзгертіліп, 2004 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ол Ұлттық ғылыми-меди­циналық орталық болып аталатын болды. Содан бері біз Прези­денттің тапсырмасын толығымен орындап келеміз деп айта аламыз. – Оны қандай нәтижелерден көруге болады? – Алдымен халықаралық деңгейде танылып, қол жеткізген табыстарымызды айтып өтейін. Біз өзіміздің біліктілігіміз бен кәсі­­билігіміздің деңгейін халық­ара­лық конкурстар мен жоғары дә­ре­жедегі эксперт-ғалымдар ал­дын­­да сынаудан қашпай, ондай сынақтарға өз еркімізбен қатысу­дамыз. Сол мақсатпен 2007 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қала­сында болған халықаралық кон­курсқа қатысып, сондағы жиын біздің кәсіби біліктілігімізді жоға­ры деңгейде деп бағалап, “Про­фессия-жизнь” атты арнау­лы жүл­де берді. Осы конкурста жеке но­ми­нация бойынша “Ұлттық ден­сау­лықты арттыруға қосқан үлесі үшін” деген де арнайы сыйлық ал­­дық. Келесі, 2008 жылы осы қала­да өткен тағы бір халық­ара­лық конкурста біз “Звезда сози­дания” деген орден­мен марапат­тал­дық. Сол жылы республика­лық менеджмент және сапа куә­лігін алдық және осы жылы бізге халықаралық ІСО 9001:2001 сапа сер­тификаты берілді. Бұл серти­фикат ем жасау сапасы жоғары және медицина саласын­дағы зерт­теулерде қол жеткізген табыстар үшін берілген еді. Оны алу үшін біз халық­аралық сарап­шыларға атқарған ғылыми жұ­мыс­тары­мызды көр­сетіп, емдеу істеріміз­бен және олардың нәти­же­лерімен таныс­тыр­дық. Былтыр­дан бері біз штаб-пәтері Брюс­сельде орналас­қан Еуродақ ел­дері­нің SІЕMENS, LG, BOSH т.б. сияқты сапалық бренд компа­ниялары санатындағы үздік ком­па­ниялары қатарына енетін “мо­йындалған жетістік” EFQM атты ұйымға кіруге талап қылып отыр­мыз. Бұл сапа жөнін­дегі дүние­жүзі­лік ұйым. Жа­қында соған ем­тихан тап­сырып, қажетті құжат­­тарымыздың бәрін дайын­дап қой­дық. Мұнда бізден талап етіле­тін басты көрсеткіштер – дү­ние­ жүзіндегі ең жетілдірілген жа­ңа техноло­гияларды қолданып, ауру­­дың диагнозын дәл анықтау және сапалы емдеу, науқастар тарапы­нан ешқандай шағымдар­дың болмауы. Біз осы талаптарға сай болу үшін күресудеміз. – Ежелден келе жатқан ескі сөз болса да шындықты тап басып айтқан: “бәрін де кадрлар шешеді” деген бар ғой. Осы мәселені қалай шешудесіздер? – Дұрыс айтасыз, бәрін де білікті кадр шешетіні рас. Біз де әлемнің барлық түкпірінен білікті қазақ кадрларын жинауға тырыс­тық. Соның ішінде Германиядан Мақсат Жантұрғановты алдырдық. Бұл жігіт кезінде Мәскеуде оқу бітіріп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Германияға тә­жірибеден өтуге шақырумен бар­ған. Бірақ мұнда ол тәжіри­беден өтіп қана қоймаған, өзі де опера­циялар жасап, бес жыл қыз­мет іс­те­­ген. Барлық іске барынша мүт­та­хым келетін неміс­тер сәл ғана сенімсіздік білдірсе, оның қолына скальпельді бермеген болар еді. Қазақ баласының шеберлігіне, білік­тілігіне көзі жеткен соң ғана немістер оған ота жасау ісін сен­гені анық. Бұл өте сирек болатын құбылыс. Қазір ол бізде, төрт жыл­дай болды 2-ші кар­дио­логия­лық бөлім­шенің меңгеру­шісі. Қолы өте жеңіл, өзі жас жігіт. Сондай-ақ біз ТМД елдерінде жүрген қандастары­мызды да қызметке шақыр­дық. Ал 1-ші кар­диохирур­гиялық бөлімшенің басшы­сы Серік Меңді­құлов Ресейден келді. Медицина ғы­лы­мының канди­даты Болат Кө­пенов деген жігіт Тәжік­стан­нан ауысты. Ол кар­дио­ло­гия бөлімі­нің меңгеру­шісі. Қыр­ғыз­станнан кел­ген меди­цина ғы­лы­мы­ның докторы Кабаев Ұлан деген қырғыз жігітіміз бар. Өзі меди­цина ғылымдарының док­торы. Жақында ол да Қазақстан аза­матты­ғын алды. Оның маман­­данған кәсібі-ритмолог, басқа сөзбен айт­қанда ол жүрек қағысының білгірі. Ал жүрек ритмі деген өте жиі өзгеріп отыратын про­цесс. Соны реттеудің жолын осы ма­ман игерген. Оны жасау үшін әр­түрлі әдістер қолда­нылады. Сондай-ақ, жүрек қағысын, оның жұмысын қалпына келтіру үшін электро-кар­дио стимуляторлар қойылады. Осы сала бойынша балалар кардио­хирургиясы бөлім­шесінің меңгеру­шісі болып істейтін Дмитрий Горбунов деген де жақсы маманымыз бар. Ол “Бола­шақ” бағдарламасымен Германиядан оқып келген өз адамы­мыз, Астана қаласы­­ның тұрғыны. Жалпы айтқанда бізде қазір 9 про­фессор, 20 медицина ғылы­мының докторы және 50-ден артық ғылым кандидаттары мен жоғары категория­лы дәрігер-мамандар жұмыс істейді. – Cіздердің басқа клиникалардан басты ерекшеліктеріңіз қандай? – Біздің ең басты ерекшелігіміз сол – біз көп салалы жоғары маман­дан­­дырылған емдеу және түрлі ауру­ларды зерттеу орталығы болып табыла­мыз. Бізде барлығы 306 төсек-орын бар, сол орындарда біз адам ағзасына үлкен қауіп төндіретін көп­теген науқас түрлерін емдеуді қамта­масыз етіп отырмыз. Соның ішінде, ең басымды бағытымыз – кардио­логия мен кар­дио­хирургия. Бұл жүрек пен қан-тамыр аурулары­ның дерттерін емдеу­мен айналысатын бөлімше­леріміз. 2004 жылдың 7 сәуірінде бізде алғаш рет жүрекке операция жасалды. Содан бергі алты жылда біз осы саланың республика­дағы озық орталығы ретінде танылып отырмыз. Егер 2004 жылы бізде бар болғаны 24 төсек-орынды кардио­хирургиялық бөліміміз болса, биыл оның саны 85-ке жетті. Есілдің сол жағалауында балалар кардиохирур­гиясы бөлімшесін аштық. Бұрын олар да осында болатын. Ал мында қалған ересектердің бөлімін емдеу тиімділігін арттыру мақсатымен екіге бөліп, екі кардиохирургиялық бөлім қылып қайта құрдық. Интервенция­лық кар­диология бөлімін аштық. Екі катетор­лы зертхана аштық. Ол қан-тамыр­лары­ның жұмысын жақсартуға мүм­кіндік беретін стент қоятын зертхана. Бұрын бізде инфаркты тек дәрі-дәрмекпен емдейтін, ол әдістің тиімді емес екенін уақыт көрсеткен. Қазір біз аортокаронарлық шунтиро­вание жа­сай­мыз. Тамырдың барынша жұқа­рып, тарылған бөлігін алып тастап, ағзаның басқа тұсынан алын­ған та­мыр­ды жалғаймыз. Ельцин, Клинтон секілді атақты тұлғаларға жасалған осындай операцияларды біз де әбден игердік. Былтыр бізге ре­сей­лік Ринат Акчурин келіп, кон­суль­тациялар өткізіп кетті және біз­дің жұмысы­мызға жоғары баға берді. Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылдың 22 маусымындағы 266 бұйрығымен біздің орталыққа бүкіл республика бойынша кардиология және кардио­хирургия жөніндегі үй­лестіруші деген арнайы мәртебе беріл­ді. Былтырғы жылдың қазан айында біз Кардио­логтардың І  еура­зиялық конгресін өткіздік. Оның жұмысына дүние­жүзіне аты шыққан ғалымдар қатыс­ты, соның ішінде атақты Евгений Чазов та болды. Делегациялар жалпы саны 15 елден келді. Бұл да бізге деген үлкен сенім және біздің білік­тілігімізді мойындау деп қабылдаймыз. Соның аясында еліміздегі кардио­логтардың І Ұлттық конгресі де болды. Қазір біз жүрегі науқас барлық жастағы адам­дарға ота жасай береміз, тек әзірге жүректі алмастыруды ғана меңгерген жоқпыз. Алдағы уақытта оны да еңсеруге тиіспіз. Біздің жұмысымыздың екінші күрделі бағыты қазіргі министріміз Жақсылық Досқалиев басқарған жасуша терапиясы. Ағзадағы ауыр дерттерді емдеу үшін жаңа жасуша енгізу әдісімен емдейтін бөлім осы. Оның өзінің алты бағыты бар. Соның ішінде бүйрек, без, бауыр, шемір­шек, жүйке, ұйқы безінің жасуша­лары бар. Жасушалар енгізу арқылы емдеудің тиімділігі өте жоғары. Осы әдіс арқылы науқасынан жазылап жатқандар көп. Былтырғы жылғы сәуір айынан бастап Денсаулық сақтау министрі бізге жасушамен емдеуге ресми түрде рұқсат берді. Үшінші бағытымыз да – күрделі. Ол респираторлық ауруларды емдеу. Бұл өкпе-тыныс жолдарының дерт­тері. Оның ішінде бронхит секілді жеңіл-желпі аурулар емес, кәдімгі күрделі өкпе ауруларын жаңа әдіс­тер­мен емдейміз. Осы сала бойынша 9 жылда 100-ге жуық өнертапқыш­тық куәліктер алдық. Жаңалық-патенттері­міз де бар. Төртінші бағыт – эндоскопиялық әдіспен ішті жармай ота жасау. Мысалға ішкі-құрылыс аурулары, соның ішінде соқырішек, өттегі, бүйректегі, қуық­тағы, әйел жыныстарындағы тастарды алу, киста және т.б. науқас­тарды біз ішті жармай эндоскопия­лық әдістер­мен емдейміз. Сондай-ақ хирургияның, тера­пия­ның бірнеше бөлімдері бар. Олар гастрентология, гепотология, рефмо­то­логия, нефрология, пульманология және т.б. болып бөлінеді. Көз микрохирургиясы деген бөлімшеміз де бар. Қанды араластыратын, тазартатын бөлімдеріміз бар. Біз адамның қанын толық тазартып, алмастыра аламыз. Ондай істер жиі болатын аллергия сияқты аурулар­дан, жаралардан ада қылады. Сосынғы бір жаңалығымыз – былтырдан бері біз дүниежүзіндегі 10 елде ғана қолданылатын “хайфу” аппаратын алдық. “Хайфу терапия” деп жоғары тиімділікті ультрадыбыс арқылы ем жасауды айтады. Аппарат та солай аталады. Бұл әдістің отаны Қытай елі, біз аппаратты да сол елден өзіміздің тапқан қаражатқа сатып алдық... – Әңгіме қаражат туралы болып қалған соң сіздердің қаржы көздері­ңіз туралы сұрауды да қажет деп таптық... – Бізді қаржыландырудың бір­неше жолдары бар. Ең бастысы – мемлекеттік тапсырыс. Денсаулық сақтау министрлігі арқылы жылына 6,5 мың адамды емдеуге тапсырыс беріліп, бюджеттен қаражат бөлінеді. Олар әрбір аймақтарға бөлінген квоталар арқылы келеді. Біз сондай науқастарды станционарда емдеп шығамыз. Екінші қаражат көзі – Президент Іс басқармасының меди­ци­на­лық орталығынан түседі. Мем­ле­кеттік шенеуніктерді емдейтін олардың шағын ауруханасы бар, бірақ олардың күштері келмей жат­қанда бізге жібереді. Оларды емде­геніміз үшін бізге келісім бойын­ша қаражат аударылып тұрады. Оған қоса қалалық науқастарды да емдейміз. Ол үшін қалалық бюд­жет ақша аударады. Бірақ ол аз. Сосын біз Республикалық мемлекет­тік кәсіпорын (РМК) болғандықтан ақылы түрде емдеуге қақымыз бар. Кез келген адам бізде ақылы түрде емде­­ле алады. Оның тарифтері арнау­лы прайс-парақта көрсетілген. Был­тыр бұл біздің жалпы жұмысы­мыздың 11,7 пайызын құрады. Міне, қаржылан­дыру көздері негізінен осылар... – Халықаралық ынтымақтас­тықтар туралы айта кетсеңіз... – Өзіміздің біліктілігімізді басқа­лар­­мен салыстыру, сол арқылы маман­­дануымызды жетілдіру, үйрену мақ­сатымен біз көптеген елдердегі әріп­тестерімізбен тығыз ынтымақтас­тық орнаттық. Мәселен, соның ішін­де АҚШ, Германия, Түркия, Слова­кия, Ресей, Швейцария, Литва және т.б. елдердің мамандарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Сондай-ақ Шығыс Азия елдерімен, соның ішін­де Малайзия, Үндістанмен де қа­рым-қатынасымыз жақсы. Қытай маман­­дарымен де ынты­мақтастық орнатқан­быз. Біз Үндістан­нан көпте­ген құрал-жабдықтар аламыз, олар­дың сапасы еуропалық деңгейде, ал бағасы төме­ні­рек. Сондықтан бізге жабдықтарды Үндістаннан алған анағұрлым тиім­дірек. Әрине, ең ты­ғыз ынтымақтас­тық Ресейдің аймақ­тары­мен жасалған. Соның ішінде Мәскеу, Санкт-Петер­бургтен басқа Новосі­бірскімен тығыз ынты­мақ­тастық орна­тылды. Халықара­лық ынты­мақ­тастық екі бағытта жүр­гізі­леді. Біріншісі, ше­тел­діктер­мен бірле­сіп зерттеу жұмыс­тарын жүргізу. Сосын ғылыми зерт­теу­лердің нәти­желерін бірігіп жарыққа шығарамыз, өнертапқыштық патенттер алып, бірлескен ғылыми еңбектер жазамыз. Қарым-қатынастың екінші жолы, олардың тәжірибелерін үйрену. Белгілі шетел ғалымдары бізге келіп, дәрістер оқиды, семинар­лар мен мас­тер-кластар өткізеді. Кейде бірнеше адамдық белгілі кардио-хирургтар бір бригада болып келеді. Арасында операциялар да жасайды. Былтыр Словакиядан, биыл Литва­ның Кау­нас қаласынан осындай брига­далар келіп, мастер-кластар өткізді. Біздің маман­дар өте риза болып отыр. Осындай қатынастарды одан әрі дамытамыз. Сондай-ақ өз мамандарымызды да шетелге жібереміз. Кейбір дәрігер­леріміз Германияда, АҚШ-та, Из­раиль­де, Англияда, Словакияда, Үн­діс­танда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда оқып келді. Онда көру, байқау бол­ғанымен операция жасай алмай­ды, тәжірибе жоқ. Қыруар қаражат кетеді. Одан да мамандарды осында шақыру біз үшін тиімді. Бұған қаржы да аз кетеді, тиімділігі де жоғары. – Сіздің орталықта дүниежүзіне белгілі атақты адамдар да жатып емделгенін естіп жатамыз, олардың арасында кімдер болды? – Ондайлар да бар, соның ішінде өзіміздің елдегі атақты адамдар тіптен көп. Бірақ оларды атауға, сырқаты­­ның барысын жариялауға біздің қақымыз жоқ. “Дәрігерлік құпия” деген қағида бар екенін білесіздер, сондықтан үлкен қызметтегі адамдар­дың дерті туралы айта алмаймыз. Ал атақты шетелдік пациенттеріміздің арасынан екі адам туралы ғана айтып берейін. Соның бірі Ресей мұсыл­ман­дары қауымдас­тығының төрағасы Ра­виль Гайнут­динов. Ол кісіге омырт­қасына опера­ция жасау қажет болған. Мұндай опера­цияны ресейлік дәрі­гер­лер жасағаннан кейін науқас адам екі айдай төсек тартып, қозғалмастан жатуға тиісті екен. Сондай опера­цияны Израильде жасатқан адам да екі аптадай қозғалмай жатуға тиісті болыпты. Ал бізде ондай отадан кейін адам үш-төрт күннің ішінде тұрып кете алады. Осыны білген Равиль Гайнутдинов екі ойланбастан бізге сапар шегеді. Өзінің айтуына қарағанда ол біздің білігімізбен қоса мұсылман елі болғандығымыз үшін де сенім артқан. Сөйтіп, үлкен сенім­мен келген адамға жасалған операция да сәтті шығып, ол кісі үш күннің ішінде жүріп кетті. Біздің мамандарға деген шексіз разылығын Президенттің қабылдауында болған­да айтып кетіпті. Сондай-ақ, 2005 жылдың ақпан айында біздің қалаға келген атақты SІEMENS компаниясының прези­денті В.Хуб те біздің мамандарға жүрегіне операция жасатты. Қызмет бабымен жүрген оның жүрегі күтпе­ген жерден ауырған. Біздің дәрігерлер тексере келе оның жүрек тамырына стент қою қажеттігін айтқан. Дәрігер­дің сенімді түрде жеткізгенінен оның біліктілігі жоғары екенін аңдаған мил­лионер операция жасауға бірден келі­седі. Өзі де ғылым докторы, ақыл­ды адам ғой, ол біздің дәрігерлердің бұл істегі шебер­лігін бірден мойын­дайды. Сөйтіп, опера­ция да сәтті шы­ғып, ол кісі бізге шексіз ризашы­лығын біл­дірді. Міне, осындай да пациент­тері­міз болып жа­тыр. Біздің ең басты мақ­­сатымыз – қол жеткен табысқа мас­танып, тоқырап қалмай, үнемі ізденіп, дүниежүзіндегі ең жетілдірілген әдіс­терді меңгеріп, оны өзімізде қол­дану. Әзірге бұл бағыттағы қадамдарымыз сәтсіз емес. – Алдағы уақытта да сәттілік бола берсін, әңгімеңізге рақмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. * * * ЕРТЕГІ ӘЛЕМІНДЕЙ ЕЛОРДА Егеменді еліміздің елордасы – Астана күннен-күнге көркейіп, әсемденіп келеді. Ару қаланың ажарын ерке Есіл өзені одан әрі сұлуландыра түскендей. Есіл өзенінің сол жағалауындағы ғажайып ғимараттар да ертегі әлеміндегі сарайлар іспетті. Астана қаласының әсемдігін әрлендіре түскен Бейбіт­ші­лік және келісім сарайының алдындағы бас алаңда елор­даның 10 жылдық мерейтойына орай ашылған “Қазақ елі” Тәуелсіздік монументі ерекше көз тартады. Монумент ком­­­по­зициясының тұғыры Қазақстанның егемендік жы­лын бейнелейтін, тарихтан хабар беретін 91 метрлік мәр­мәр бағана болып табылады. Оның ұшар басында миф­тік самұрық құстың мүсіндік пішіні, тұғырында Отанын жауға бермеген батырлар бейнеленген. Міне, осындай көз жауын алған көріністер көңіліме мақтаныш сезімін ұялатты. Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласына келгенімде мұндай сұлулықты көрмеген едім. Небәрі екі жыл ішінде қала гүлденіп, әсемденіп кеткендей. Қалаға келгелі өзіме өнеге тұтар тұлғаларды көрдім, ақыл сұрар ағалар таптым. Астана – жастар қаласы. Біздер, жастар, Астананың өзімізбен бірге өсіп, көркейіп, дамып келе жатқанын білеміз. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы. Елорда – Елбасының төл перзенті, жастарды алға жетелеген, адамдардың тағдырын бір арнаға түйістірген құт мекен. Қазіргі таңда қазақ жастары кәлиманы ауызға алып, имандылыққа бет бұруда. Сондай жастардың Аллаға құлшылық жасап, ата-бабаларына құран бағыштайтын жері Астана қаласындағы ислам мәдени орталығы “Нұр Астана” мешіті. Ол да қалаға ерекше сыр-сымбат беріп тұр. Елордада орын тепкен ғимараттардың барлығы да қаланың ажарын аша түсуде. Егемен еліміздің бас қаласына келген сайын тың құлшыныс, жаңа әсер аламын. Астананың бұдан әрі жаңарып, дамуына сенемін. Өйткені, біз тұңғыш Президентіміз бастаған Тәуелсіз елміз! Қызғалдақ ЗҰЛПЫХАРҚЫЗЫ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті. ЕЛОРДА ҒИМАРАТТАРЫНА ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ КЕРЕК Батысқа қарап, батпаққа белше­ден баттық, ештен кеш жақсы демекші, бір сәт шығысқа қарап шың­ға ұм­тылуда, “жаманнан жи­ре­ніп, жақсыдан үйренейік” – деген ұранды тастай отырып, еліміз­де патриоттық тәрбие беруде рухани байлығымызды жас­тайынан баланың жадына құюда, кем­шіл­іктердің бар екенін ортаға са­лып, өз ойыммен бөлісуді жөн көрдім. Астананың төрінен орын алып, өзінің рухани байлығын көрсеткісі келген Қытай мемлекетінің “Пе­кин-Палас” ғимаратына қарап, ті­лін білмесек те халықтың құдіретті­лігіне таң қаласың. Жан-жағыңа бір сәт көз тастасаң “Қазақ елі” еке­нін біл­діретін бірде-бір ғимарат­ты таппайсың. Оң жағалауда орна­ласқан кейбір тұрғын үй сырт­тарына салынған оюлар бояудың маңыз­дылығына мән беріл­мен­діктен, көзге түспей көнеруде. Мем­­лекеттік маңызы бар осынау мәселені ортаға салып, жұрттың пі­кірін алғаннан кейін жүзеге асыр­сақ, нұр үстіне нұр болмақ. Осыған орай халқым­ның рухани байлығы ою-өрнекті өткеннің өнер саласы ретінде ғана емес, ол күн­делікті тұр­мыс тірші­лігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық болған­дықтан, құрылыс саласында кеңі­нен пайдаланудың ерекшелік­терін іздестіру қажет екенін айтқым келеді. Мақсатым – болашақ ұрпақ­тарға, ұмыт болып бара жатқан руха­ни бай­лығымыз ою-өрнекті таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәу­лет өнері және өндіріс салаларына ен­діре отырып, осы өнерді қайта жаңғыр­ту, оған жаңа мазмұн беріп, құрылыс сала­сында кеңінен қолдануға түрткі болу. Ғажайып өнер саласы – ою-өрнекті құрылыста, сәулет өнерінде кеңінен қолданудың жолын іздестіруде төмендегідей бірқатар қарама-қайшылықтар кездесті: –             арнайы құрылыс саласында ою-өрнектерді пайдалануға арналған қазақ тіліндегі әдебиеттердің жоқтығы; –             қазақ халқының ою-өрнек­тері­нің алыстан көз тартатын жаңа ғима­раттарда, мектептерде, оқу зал­дарын безендірулерде өте аз қолда­на­тын­дығы; –             ою-өрнектерді жаңа техноло­гия­ның көмегімен құрылыс сала­сын­да қолданылуына жеткілікті деңгейде мән берілмеуі және т.б. Осыған байланысты болашақта мынандай міндеттер атқарылса: – өнертануға арналған әдебиет­термен танысып, талдау жасау; – ою- өрнекті сәулет өнері мен өнді­рісте пайдалану ерекшеліктерін зерттеу; – ең бастысы, қазақ халқы қолөнерінің көркем, өшпес дәстүрін сақтап, оны келешек ұрпаққа үйретіп, басқаларға дәріптей білу; – ұлттық дүниетаным ерекшелі­гін танытатын осы өнер саласын заман талабына сай жетілдіріп, көр­кем рухани қазына ретінде пайдалану. Ойымды қорытындылай келе,  үй құрылысын салу үшін зауыттан арнайы шығарылып ғимарат­тар сыртын қаптап жатқан плиткалар мен шыныларға бояудың маңыз­дылы­ғына мән бере отырып, ою-өрнекпен шығарса, оны келіс­тіріп, әдемілеп қоя білсе, сырттан келген жұртқа айтқыз­бай-ақ, алыс­тан “Қазақ елі” деп қол бұлғағандай болар ма еді деп ойлаймын. Гүлшат ШАЙДАХМЕТОВА, Астана қаласы, №32 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мұғалімі. * * * ЖЕРҰЙЫҚ Жақсылығын Алла арнады, Орындалып елдің арманы. Сегіз жыл болған кез еді, Тәуелсіздік алғалы. Нұрағаң елдің ардағы, Ойлады күнді алдағы. Он ойлап, тоғыз толғады, Қиын кез еді ол-дағы. Елбасымыз кемеңгер, Болашақты болжады. Көшіру керек деп шешті, Арқаға елорданы. Сол кездегі қиындық, Тосқауыл бұған болмады. Елбасын халық қолдады, Бір Алла болды қорғаны. Жағасында Есілдің, Он-ақ жылдың ішінде. Ғажайып қала орнады, Жүзеге асып бастама, Ұқсамайтын басқаға. Сарыарқаның төсіне, Орнады ғажап Астана. Он екіге келді бүгінде, Сол жылы туған жас бала. Қызығып әлем қарайды, Тамсандырып талайды. Бәйтерек тұр нұр шашып, Салдырды зәулім сарайды. “Нұр Астана” мешітін, Ордасы діннің санайды. Астанадан бүгінде, Бар жақсылық тарайды. Шаһарды көрген шетелдік, Жерұйыққа балайды. Астана – елдің айбыны, Бақыттың шалқар айдыны. Береке-бірлік ордасы, Астана – елдің байлығы. Кең байтақ мынау жердегі, Жетістіктің бәрі елдегі. Елімнің тұңғыш Президенті, Елбасының еңбегі. Құдіретті, мықты елдігім, Айтайын бүгін келді күн. Мойындады әлем бүгінде, Нұрағаның кемеңгерлігін. Нұрсұлтан елдің данасы, Жетімнің ата-анасы. Азияда ару Астана, Болашақтың қаласы. Салдырды мұны Нұрағаң, Оған жоқ ешкім таласы. Бір анадан туғандай, Барлық ұлттың баласы. Ерке сылқым Есілім, Елбасым алып шешімін. Жағаңа орнап елорда, Әлемге кетті есімің. Толқыныңмен тербеттің, Өмірдің алып бесігін. Самалыңмен аштың айқара, Еуропаның есігін. Құтты қоныс болдың сен, Байлығы тұнған Есілім. Бодандықтан арылып, Ғажайып қала салынып. Жердегі жұмақ сияқты, Алтын нұрға малынып. Достарымыз сүйсініп, Дұшпанның тынысы тарылып, Жатыр міне той болып. Ақтүйе қарны жарылып. Ұқсамайтын басқаға, Өзі жас, өзі бас қала. Құтты болсын халайық, Он екіге келген Астана. Күн сайын өсіп, жаңардық, Болмасын елге жамандық. Береке бірлік тілеймін, Елбасыма амандық. Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ, Ұлытау ауданының құрметті азаматы. Қарағанды облысы. * * * АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АРУЛАР “Қай жерің ауырса, жаның сол жерде” дейді қазақ. Қосып алары жоқ рас сөз. Басың ауы­рып, балтырың сыздағанда есі­ңізге алғашқы кезекте дәрігерлер түсетіні анық. Шұғыл жағдайда ауырғанда 103-ті теру бүгінде дағдыға айналғалы қашан. Әйтсе де көпшілігіміз ақ халатты абзал жан­дар­ды төл мерекесі қарсаңында ғана еске түсіріп жататындығымыз да жасырын емес. Осындай аяулы жан­дардың бірі Астанадағы №8 емдеу клиникасының гинеколог дәрігері Елена Бурдеева мен акушер қыз Әйгерім Мұратқызы. Күн санап көркейіп өсіп келе жатқан елордамызда дені сау ұрпақ­тың өмірге келуі осындай өз ісіне адал кі­рісетін аяулы жандардың арқа­сы екені даусыз. “Жақсының жақсы­лығын айт нұры тасысын” демекші, аталған қос ару­ға әсіресе, емделуші ауыр аяқ ана­­лардың ризашылығы шексіз екен. Біз бұған сол аналардың бірі редак­ция­мызға келіп алғыс тілектерін білдір­се, енді бірінің сол емханада емделу ке­зегінде отырған­дарындағы жылы пікір­лерін тыңдағанда тағы да көз жеткіздік. – Мен осы учаскелік емханада тір­кеуде тұрғаныма шексіз қуа­ныштымын, неге десеңіз Елена Ев­геневна мен Әйгерім Мұратқызы келген аналарға құрақ ұшып тұр­ғанда өзіңді қалай жеңіл сезін­діріп жібергенін аңғармай қаласың, – дейді жас ана Роза Шаяхмет. Ал Сәр­сенгүл Милат есімді ананың да айтар алғысы қос дәрігерге шексіз екен. Ол да өзінің Елена мен Әй­герімнің кеңестері арқасында аз-маз қиындықтарды елей қоймай­тындығын айтады. – Аяғы ауыр жанды өзі бұрын бала босанған ана мен гинеколог дәрігерлер өзгелерге қарағанда те­реңірек түсінеді деп ойлаймын. Қи­налып жүрген күндерімнің бі­рін­де Елена Евгеневна мені “Ана мен бала” ғылыми-зерттеу орта­лығына бір аптаға емделуге ар­найы жол­дамамен жіберді. Сол бір жұма ішінде өзіме біршама күш-жігер жинап, серпіліп қал­дым. Өзім бұйыртса екінші ба­лам­ды еліміздің бас қаласы Ас­танада босанғалы отырмын. Бұл, әрине, мен үшін бақыт. Жаны жайсаң осындай аяулы ақ халат­ты жан­дар аман болса, ол күнге де жете­тін шығар­мын деп ой­лаймын. Жас аналар атынан бар­лық елор­далық дәрі­герлер қауы­мын өткен төл мере­ке­сі­мен шын жүректен құт­тық­таймын – деп ағынан жа­рыл­­ды жас ана Зүлфия Қабылқызы. №8 емхананы мен елордадағы ең мықты емхана деп айтар едім, – дей­ді Елена қыз. Мамандығым – мақ­танышым дейтін арудың дәрігерлік еңбек өтілі жеті жыл болса, көмекшісі Әйгерім екі жылдай осы салада еңбек етіп келеді екен. Апта­сына бес күн тіркеудегі аяғы ауыр аналарды тексеріп тұруда бір сәтке де шаршап көрмеген сыңай аңғардық қос қарлығаштың жылы жүздерінен. Күніне орта есеппен 25-30 ананы қабылдайтын қос қыздың ақ тілегі –сол аналар дүниеге аман-есен дені сау ұрпақ әкелсе екен деу ға­на. Біз мұны олардың ана атаулыға мейірлене қараған көздерінен анық байқадық. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. АСТАНА.