Қазіргі таңда қоғамды қатты алаңдатып отырған сыбайлас жемқорлық мәселесі Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауында жан-жақты баяндалып келеді. Онда Елбасы мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде сыбайлас жемқорлықтың түп тамырын жоюға нақты міндеттер жүктеп, ымырасыз күресті күшейтуді атап көрсетеді.
Жалпы алғанда елімізде сыбайлас жемқорлық пен қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алуда “Мемлекеттік қызмет туралы” Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 қаңтардағы Заңы, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңы, 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі әрекет етеді.
2006-2010 жылдарға бағытталып іске асырылу үстіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама қазіргі таңда пәрменді болып отыр. Бағдарламаның негізгі ережелері сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі заңнаманы, құқық бұзушылықтың деңгейін төмендету бойынша арнайы шараларды жетілдіруге құқық қорғау және сот жүйесі қызметін оңтайландыруға, азаматтық қоғаммен өзара әрекетке, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Құқық бұзушылық пен қылмыстық фактілерге және оларды тудыратын жағдайлар жасауға жол бермеу мақсатында салық қызметі органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының 2006 жылғы 30 қыркүйектегі № 474 бұйрығымен бекітілген Салық органдары қызметкерінің кәсіби этикасы кодексінің және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының 2007 жылғы 26 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясының талаптарын басшылыққа алады және қатаң сақтайды.
Аталған стратегия салық қызметі органдарында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті дағдыға айналдырған жоғары тиімді салық қызметін қалыптастыру бойынша қағидат пен болашақты бағалауға негізделген.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша түзетулер енгізілген. Бұл ретте “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы № 222-ІV Заңы толық жауап бере алады.
Заңның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы және көлеңкелі экономикамен күресті күшейтуге, құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатаңдатуға бағытталған.
Мұнымен қоса, тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың сапалы және тиімді жұмысы сыбайлас жемқорлық пен қылмыс жасау деңгейін төмендетудің маңызды факторы болып табылады. Салық қызметі органдары салық төлеушілердің сенімділік деңгейін арттыру, мемлекеттік қызметшінің жаңа формациядағы бейнесін қалыптастыру сияқты стратегиялық міндеттерін шешу үшін үнемі сыбайлас жемқорлықтың тынысын тарылтуға, әр қызметкердің санасына тиісті міндеттерін адал атқаруды түсіндіруге және түп тамырымен жоюға, қоғамның жегіқұртына қарсы бағытталған белгілі бір іс-шаралар жүргізеді.
Кез келген салық төлеуші салық органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қарсы жүгіне алатын 8 (717) 237 68 03 сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл орайда “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221-3 Заңына сәйкес беймәлім өтініштер қаралмайды.
Жоғарыда көрсетілгеніндей, салық органдарының әр қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы орындауға міндетті ғана емес, сондай-ақ ол салық төлеуші тарапынан немесе заңға қарсы өзге әрекеттерге итермелеу мүмкіндіктерін жою бойынша қажетті шараларды дербес қолдануға міндетті.
Қорыта айтқанда, әр адам салық органы қызметкерінің де, салық төлеушінің де заңға қайшы кез келген әрекеті үшін заңмен белгіленген тәртіпте әкімшілік тәртіптік, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік көзделгендігін ұмытпауын ескергені жөн.
Арман РАХМАТУЛЛА, Астана қаласының Алматы ауданы бойынша салық басқармасы төрағасының орынбасары.