АҚШОМШЫ. Кәсіптік айырбас сауданың дәстүрлі жолдарының бір түрі десе де болады. ХVІІІ ғасыр соңы мен ХІХ ғасырда бұл Қазақ елінде кең өріс алып, он жыл сайын кәдімгі дәстүрге айналып кеткен. Бұрын Арқа даласы мал шаруашылығымен айналысса, қиыр солтүстік пен оңтүстік аймақтар егін шаруашылығын кәсіп еткен. Күзде мал семіріп, қырман дәнге толған кезде малды елдің адамдары Нұра, Шу, Талас, Сыр бойындағы егінді өлкелерге барып айырбас арқылы қап-қап астық алып оны шом салған (ауыр заттар түйенің арқасына батпас үшін жасалатын жазының бір түрі) түйелерге теңдеп керуендеп сапар шеккен. Осы кәсіптік дәстүрдің “ақшомшы” аталуы да осыдан шыққан.
АЛАМАН. Қазақта “аламанға дем беріп” деген сөз бар. Яғни қиын, сын, жаугершілік жолдарды көпшілік бас қосып жұмылған жұдырықтай болып, бірігіп атқарылатын елдік, іс, ынтымақты жол. Ел, аймақ арасындағы шиеленіскен істі шешу, басынған елден келген ұрысты тоқтату, ұшынған өрт, тасыған су, барымтаға түскен істерді шешу сияқты көпшілікпен атқарылатын күрделі әрі ауыр жұмыстардың шешімін табу жолындағы үлкен мәселелерді “аламан” деп атаған.
АТОЙ САЛУ. Соғыстағы ерлік дәстүрінің айбынды көрінісі. Елге жау тигенде және оған қарсы шапқанда әр батыр, әр сарбаз ұран тастап, аруақ шақырып, Аллаға сыйынып айбын көрсетіп, ат ойнатып айбаттана шауып шығады. Әсіресе, бұл салт жекпе-жекте ерекше көрінеді. Мұнда бұрынғы ата-баба, қасиетті аруақтардың, атақты ерлердің, қаһармандардың аттары ұранға айналады. Сарбаздар әр тұстан бір-біріне рух беріп, өз батырларын қолдап, жігер, күш беріп тұрады. Осының бәрі “атой салып, ат ойнатып шықты” деп дәріптеліп айтылады. Атой салу ерлік, батырлық дәстүр болғандықтан ол тек соғыс, шапқыншылық, жаугершілік кезінде ғана қолданылады.
АЛАПА. Ел тыныштығын күзеткен немесе ел қорғаған сарбаздарға берілетін азық-түлік. Бірақ бұл қарапайым халық үстінен жиналатын несібе. Ерте заманда елін қорғаған ерлерге, оның ішінде өз азаматтары мен балалары бар халық бұдан бас тартпаған.
Алапа ел, жұрт аузында жиі айтылады және ол бірнеше мағынада қолданылады.
1) Жаудан түскен олжа, пайда немесе тағы басқа еңбек жолымен табылған табыстар да осылай атала береді.
2) Алым түрлері де осы атпен айтылады.
3) Кей жерлерде жол-жора, жөн-жосықта берілетін сый-сияпат, кәде түрлері де “алапа” деп аталады.
КӨШ. Көшпелі елдің көрнекті де көркем көрінісінің бірі – кәдімгі көш. Қазақтың “көштің көркі”, “көш келеді”, “көштің жүгі”, “көш жолы” дегендерінде осы көшке деген талап-талғамы мен тәжірбиесіндегі зор көзқарасы жатыр. Халық түсінігі мен сеніміне көшу және оның сән-салтанаты, қону және оның реті мен жолы, жосығы ерекше тәртіптік қағидаға айналған. Көшер алдында үйді жығу, теңді буу, түйені қомдау немесе қоршау салу, жасы жеткен қарттарды арбаға отырғызу, бәрі-бәрі де ел ақсақалдары мен ағаларының, аналарының ұсыныс, тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады.
Көштен бұрын қонатын жерге мал айналады. Әрине, ол жерге жылқы ерте, басқа мал кеш жетеді. Бұл да есеппен шаруашылыққа лайықталатын іскерлік шаруа. Мұндайда көш қанша күн жүреді, ол да ескеріледі.
Көш – үлкен үйден басталады. Оның соңына жасы, ата жолы бойынша реттеліп басқа көш ілеседі. “Көш жүре түзеледі” деп кейін оның бәрін бір ізге түсіреді. Көш басында үкілеген түйеге шаңырақ артылады. Оны сәнді киінген бәйбіше атпен жетелейді. Оған ілесе ат-арба, қоршаулы түйеде бала-шаға шешелерімен отырады. Әр қоршау қызылды-жасылды кілеммен жабылып, оның іші-сыртынан желбау, құр сияқты ою-өрнекті, шашақты бұйымдар ілінеді. Көлікте отырғандар ән салып, елдің көңіл-күйін көтереді.
Көш жолында да кездесетін қызықты әдет-ғұрыптар, салттар, қызықтар да аз емес. Көшкен ұзақ жолда еру болып бір ауылға қонатын болса, жолдағы ауыл ерулік әкеледі. Көшкен ауыл “ерулікке қарулық” деп мал сойып, жергілікті ауылдың азаматтарына құрмет көрсетеді. Бұл да ел, жұрт сыйластығы мен жарастығын көрсететін игі дәстүр. Сол сияқты қонбай өтетін болса, жолдағы ауыл адамдары көш алдынан сусынын, дәмін алып шығып ұсынады. “Көш көлікті болсын”, деп тілек айтады. Бұл жолда да жасалатын кәде, берілетін бата түрлері тағы бар.
Көштің тағы бір қызығы, көшер сәтте көптеген киіз үйден тұратын ақ шаңқан ауыл үйлері бір сағатта жиналады да, қонған жерде әп-сәтте көздің жауын алатын бір ауыл пайда бола кетеді. Мұның бәрі қазақ қауымының өмірге деген бейімділігі мен шеберлігін айтпай-ақ дәлелдеп береді.
Шөбере алақанынан су ішу. Қазақ үшін өмірдің бір қызығы – шөбере алақанынан су ішу. “Адам ұрпағымен мың жасайды”, дейді халық даналығы. Демек, бала сүю, ұрпақ өсіру әр адам үшін қызық әрі көз қуаныш. Соның ішінде шөбере деп аталатын төртінші ұрпақ көру көп нәрсені аңғартады. Бұл кемеліне келген қарттық өмірдің үлкен белгісі. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар. Жөн-жосығы – ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішу. Қағидасы – шөбере қолынан су ішкен адам бұл дүниеде бақытты, о дүниеде де жолы ашық, жеңілдік болады дейді дін шариғатының білімпаздары.
ЖОЛ. Қазақ халқының мінез-құлқындағы әдептілікті көрсететін ғажап дәстүрдің бірі жол немесе жол алу деп аталады. Және осы қағида ел ішінде әлі де қатаң сақталғандығы бұл тәртіптің үлгілі қызметін көрсетеді. Мысалы, біреудің жасы үлкен болғанымен жолы кіші болып шығады. Яғни, бұл оның әкесінің жасы кіші деген сөз. Қазақ әдетінде жол, яғни, жоғары отыру немесе бас ұстау, бата беру реті жолы үлкен болғандықтан жасы кішіге тиеді. Жасы үлкен оған таласпайды, өйткені жол соныкі екенін ол біледі әрі мойындайды. Мұндай әдеп басқа елдің салтында жоқ. Мұның өзі қазақ мәдениетінің, оның ішінде тәртіп пен әдептің биік көрінісінің айғағы екеніне ешкім дау айта қоймас.
Аталған дәстүр туыстар арасындағы жолды көрсетеді. Жолдың басқа да, адам сыйлау, әдептілік, көргенділік түрлері бар. Мысалы “қыздың жолы жіңішке” деп қызға (әйелге) әдеп көрсетеді, жолын береді. Сол сияқты жастардың үлкенге жол беруі, жас батырдың қарт батырға, жас балуаның қарт балуанға, жас ақынның қарт ақынға жол беруі берік сақталған әдеп, ғұрып екенін әркім біледі.
Сондай-ақ елге, ауылға басқа бір елден құда, нағашы келсе құрмет, үйдің төрі соларға тиеді. Халық ішінде қожа, төре деп аталатын рулар да тұрады. Бұларға қазақтың жол беретін әдеті бар. Мұның бәрі сыйластық пен құрметтеу дәстүрі ғана емес, әдеттегідей жол екені де көпке белгілі әдеп, салтқа жатады.
Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, жазушы.
АРҚАЛЫҚ.