• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2015

Әлеуметтік қолдау жалғасын табады

336 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Бюджетті оңтайландыру және әлеуметтік міндеттемелерді сақ­тау туралы» тақырыбында арнайы брифинг өтіп, онда Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің мүшелері Әли Бектаев пен Владимир Ред­ко­кашин осы мәселелерге қатысты өз ойларымен бөлісті. Алдымен сөз алған сена­тор Ә.Бектаев Үкіметтің ке­ң­ей­­тілген отырысында қабыл­данған шешімдер Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың 2014 жылғы 11 қа­рашада жариялаған халыққа арналған «Нұрлы Жол – болшаққа бастар жол» атты Жолдауының заңды жалғасы екенін ерекше атады. Кеңейтілген отырыста Елбасы Үкімет пен жергілікті әкімдерге бюджетті көз жұма қысқарту емес, ал артық шығындарды ық­шам­­дап оңтайландыру арқылы жүргізу жағына екпін бере отырып, әлеуметтік міндеттемелерді қысқартпауды қатаң тапсырған. Бұл ретте депутат әлеуметтік мін­деттемелерді үш бағытқа бөліп қарастыруға боларымен бөлісті. Оның біріншісі – жұмыс орындарын сақтау және жалақылардың уақтылы төленуімен байланысты. Халықты әлеуметтік қолдау және тұрғындарды жұмыспен қамту жағы да назардан тыс қалмаған. Сенатордың айтуынша, жұмыс берушілермен 19 мыңнан астам меморандумға қол қойылып, 1 миллионнан астам жұмыс орындарын сақтап қалуға қол жеткізілген. Және де  жалақылардың уақтылы төленуі жергілікті әкімдердің жа­нынан құрылған арнайы ко­миссиялардың бақылауында болып келеді. Бұдан басқа, жаңадан қабылдануы тиіс бюджет жобасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және тағы басқа салаларда жұмыс істейтін 1,5 миллионға жуық қыз­меткерлердің жалақысын сақ­тау және уақтылы төлеу шаралары қарастырылатын болады. Екінші бағыт бойынша сөз қозғаған Ә.Бектаев еліміздегідей әлеуметтік қолдау шаралары көр­шілес бірде-бір мемлекетте жоқ екенін алға тартты. Қазіргі таңда елімізде  2 миллионға жуық адамға – зейнетақы; 560 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа – мемлекеттік әлеуметттік  жәрдем­ақы; 172 мың асыраушысы жоқ азаматқа – мемлекеттік әлеуметтік  жәрдемақы; 386 мың жаңа туған балаға – біржолғы жәрдемақы және 551 мың 18 жасқа дейінгі балаға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Осы мақсаттарға барлығы 2,6 триллион теңге қарастырылса, оның 1,6 триллионы тек әлеуметтік төлемдерге бағытталады екен. Сенатордың айтуынша, республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін әлеуметтік төлемдерді шамамен 4 миллионға жуық адам немесе ел халқының төрттен бірі ай сайын және уақтылы алатын болады. Үшінші бағыт «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағ­дарламасына қатысты екендігін алға тартқан сенатор аталған бағдарламаны кейбір сарапшылар жабу керек дегенге дейін барғандығымен де бөлісе кетті. Елбасы дүниежүзіндегі болып жатқан дағдарыс әсерінің алдын алу шараларының ішінде бұл бағдарламаның маңызы зор екендігін және оны жалғастыру қажеттігін айтқаны орынды болды, дейді депутат.  Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020»  іске аса бастаған 2011 жылдан бері 461 мың азамат бағдарламамен қамтылып, олардың 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.  Тағы бір белгілі болғаны, 16,1 мың адам шалғайдағы, бола­шағы жоқ ауылдардан көші­ріліп, ауылды жерлерде 4 мың­нан астам әлеуметтік және инфра­құрылымдық нысандар жөнделген. Және де 28,7 мың азамат шағын несие алып, өзінің жеке кәсібін ашқан. Сонымен, соңғы үш жылда жұмыссыздық деңгейі 0,8 пайызға төмендегені де белгілі болып отыр. Ал жаһандық дағдарыстың еліміз экономикасына салқынын тигізбей қоймайтындығы жөнінде сөз қозғаған В.Редкокашин «Нұрлы Жол» бағдарламасында инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және индустриялық-инновациялық дамуды жалғастыру жөнінде нақты айтылғандығын ортаға салды. Онда әрбір қазақ­стандықтың материалдық жағ­дайын әрі қарайғы жақсарту жайы жан-жақты қарастырылған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».