• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2015

Жауапты науқан найқалуды күтпейді

214 рет
көрсетілді

Синоптик мамандар биыл жер-ананың айқара жамылған ақ көрпесін мерзімінен бұрын шешіп, ағаштың ерте бүршік жаратынын, мамыр жауын-шашынды келетінін айтып отыр. Қисынға келетін болжам ба дерсің: теріскейде қыс мамыражай қалыпта өтіп, көктемнің алғашқы айы «самарқанның көк тасы» еріп кететіндей ерекше жылылықты, берекенің, молшылық-ырзықтың басы саналатын әз Наурыздың жақындап қалғанын сездіртеді. Қардың жылдағыдан мол түсуін жұртшылық жақсы ырым санап, алдағы күндерге үлкен үмітпен, сеніммен қарайды. Осындай тыныш, өліара шақта «көктемнің әр күні – жылға азық» деген халық мақалын жадына мықтап тұтқан солтүстікқазақстандық диқандар бас қосып, көк­тем­гі-дала жұмыстарын ұйым­шылдықпен өткізудің жолдары мен проблемаларын жан-жақты талқылау­дан өткізді. Семинар-кеңеске аудандардың, ауылдық округтер­дің әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың, агроқұрылымдардың басшылары, ғалымдар мен ірі фирмалардың өкілдері қатысты. Алқалы басқосуды облыс әкімі Ерік Сұлтанов ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаев Қызылжар өңірінде болған былтырғы жұмыс сапарында аграрлық секторды ел экономикасын дамытудың басты бағдары ретінде атап көрсеткенін, тікелей тапсырмасымен әзір­лен­ген «Агробизнес-2020» бағдарламасының түпкі мәні ауыл шаруашылығы саласын реформалауды діттейтінін, отандық тауарлар мен өнімдерді өндірушілерді, орта және шағын бизнес өкілдерін қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылғанын алға тартты. Облыс экономикасында аграрлық саланың үлесі үлкен. Оған жалпы өңірлік өнімнің төрттен бірін құрайтынын айтсақ та жеткілікті. Көктемгі егіс қол жеткен табыс­тарды одан әрі арттырудың қамы, барлық шаралардың бастауы болып табылады. Алдағы уақытта ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде майлы дақылдарды өңдеуден өткізу үшін қуатты кәсіпорындар салынатын болады. Ерік Хамзаұлы финдердің технологиясы негізінде өңірде осы жылы 50 комбайн құрастырылатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орын­басары Айдарбек Сапаров көктемгі-дала жұмыстарына байланысты алда тұрған міндеттерді баяндады. Агроөнеркәсіп кеше­нін дамытудың іс-шаралар жоспарының бір тарауы өсімдік шаруашылығын, оның ішінде, егіс науқанын қамтыған. Оның ішінде, егіс алқаптарын әртараптандыруға мейлінше басымдық берілген. 3 миллион 300 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты, 568 мың гектарға майлы, 448 мың гектарға жемазықтық дақылдар себу жоспарланған. Ылғал жабудан бастап есептегенде көктемгі-дала жұмыстарын 45 күннің ішінде аяқтау секілді жауапты міндет тұр. Ауылшаруашылық дақылдарын қолайлы мерзімде себу өнімділікті 10-15 пайызға арттырады деген ой қорытты баяндамашы. Шаруашылықтар биыл да мемлекеттің көмегін ай­қын сезінулі. Минералды тыңайт­қыштар құнын арзандату үшін 2 миллиард 158 миллион, гербицидке 2 миллиард 365 миллион теңге демеуқаржы қарастырылған. Өсімдік шаруашылығын қолдау­ға арналған демеуқаржы мөлшері – 11,4 миллиард теңге. Алайда, агроқұрылымдар тұқыммен 93 пайыз қамтамасыз етілгенімен, әлі 109 шаруашылыққа жетіспейтіні тиісті орындарды ойландыруы керек. Сол сияқты 15,3 мың трактор, 16,2 мың тұқым сепкіш, 1100-дей себу кешені, 5,8 мың жүк автомобилі, 50 мыңнан ас­там топырақ өңдеу техникасы жауапты науқанға қатысады деп күтілгенімен, дайындық сапына 72 пайызы ғана қойылған. Облыста «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың еншілес кәсіпорнына қарасты 5 филиал жұмыс істейді. Көктемгі-дала және күзгі орақ жұмыстарын қаржыландыру мақсатымен 6 миллиард теңге көлемінде несие лимиті беріліп, «ӘКК кепілдігі бойынша бидай мен арпаны форвардтық сатып алу» бағдарламасы бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 4 миллиард теңге қарастырылғанымен, 92 шаруашылық бар-жоғы 1,8 миллиард теңгеге келісім жасасқан. Демек, бұл тұста да ойланатын мәселелер аз емес. Аграрлық секторда жаңа ұқсату кәсіпорындары желісін құру жөніндегі Үкімет тапсырмасына орай жыл аяғына дейін 40 миллиард теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылатын болады. Өмір ЕСҚАЛИ,  «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.