«Бізге Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды әзірлеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңға өзгерістер енгізу қажет болады. Мемлекетке қызмет ету біздің қоғамымыздың бірлігін нығайту үшін негіз болуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет этностық қатыстылығына қарамастан, меритократия қағидаттары негізінде өзін өзі көрсетуге бірдей мүмкіндіктер беретін әділетті қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналуы керек». Елбасы Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерді толық аттестациядан өткізіп, меритократия қағидаттарын қорғау мен жемқорлыққа жол бермеудің жүйесін қалыптастыру керек екенін баса айтты.
Шынында сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Халықаралық тәжірибеге келсек, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық бір-бірімен мүлде сыйыспайтын түсініктер. Өкінішке қарай арамызда мұны түсінбей жүрген азаматтар да жоқ емес. Солардың сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдарынан түрлі игіліктер заңсыз алынып, нәтижесінде қоғам мүдделеріне нұқсан келтіріледі және мемлекеттік биліктің беделі төмендейді. Осы бағытта арнайы заңдылық актілерді қабылдау, жауапкершілікті қатаңдату, сыбайлас жемқорлық әрекеттерді жасауға мүмкіндік көздерін барынша азайту сияқты іс-шаралар жүйесі жасалынып жатыр.
Елбасы Н. Назарбаевтың мемлекеттік қызметшілерді толық аттестациядан өткізу мәселесі мемлекеттік билік аппаратындағы біліктілігі төмен қызметкерлерді анықтап, кадр сапасын жақсартуға оң септігін тигізуге мүмкіндік береді. Меритократия қағидаттарын қолдану арқылы мемлекеттік қызметшілердің қатары бәсекеге қабілетті, басқарушылық ойлауға дағдыланған мамандармен толықтырылады. Яғни, ел тұрғындарына сапалы қызмет ұсынылып, мемлекеттік қызметте кәсіби білікті, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын адал азаматтар жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, шенеуніктермен мемлекеттік қызмет алушылардың қарым-қатынасын азайту үшін, халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру және бірқатар құжаттарды электронды портал арқылы алу мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылатын болады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың пәрменді тетігі – қоғамдық бақылау. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігі, бірінші кезекте, сот төрелігінің мінсіз жүйесін қамтамасыз етуге байланысты. Сот жүйесіне деген сенімді арттыру, сот төрелігінің сапасын жақсарту үшін сот қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның ішінде судьялыққа үміткер тұлғаларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл жөнінде Елбасы «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде өте өткір айтты.
Мемлекет пен қоғамның тығыз серіктестігі ғана сыбайлас жемқорлыққа табысты қарсы тұруға мүмкіндік береді. Қоғамның қолдауынсыз жоғарыдан жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тек ішінара нәтиже беретіні сөзсіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңызды рөл атқарады. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу, бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – қоғамымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі болуы тиіс. Коррупциямен күрес бағытындағы ең маңызды мәселе – жемқорлықтың алдын алу. Бұл жұмыстың неден құралып, оның нәтижесінің қандай болатынын жете түсіне отырып, қай бағытта жұмыс жүргізетінімізді білуіміз қажет. Елбасының бұл салаға тың серпін беруі және бірлескен жұмыстарымыздың бағыты жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің жағдайын қалыптастырады деп сенемін.
Сондай-ақ, Елбасының «Нұрлы Жол» Жолдауы мемлекет пен қоғамның стратегиялық дамуының бағдаршамы әрі бұл жан-жақты ойластырылған нақты іс-әрекеттер жоспары болып табылады. Жетістігімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағытталады. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек.
Мақсат ҚОЖАБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы.
Жамбыл облысы.