• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2015

Түнде жүрген жеткіншектің тәрбиесі қандай?

579 рет
көрсетілді

Бала да жас шыбық секілді. Жас шыбықты қалай исе солай өсетіндігі сияқты, әр бала алдымен отбасындағы тәрбиемен жетіледі. Әрине, қоршаған орта, қоғамдағы даму үрдісінің де әсері тиетіні даусыз. Дегенмен, ата-ана бақылауында болған, отбасылық құндылықтармен тәрбиеленген жас ұрпақтың өмірден өз орнын табатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екеніне ешкім дау айта қоймас. Жас ұрпақтың білімді, саналы болуына білім ордаларындағы ұстаздар тәрбиесінің де ықпалы зор. Осылай десек те, бүгінгі жас буынның арасында мезгілсіз уақытта көше кезетін, тіпті бұзақылық жасауға, ішімдік ішуге бейім тұратыны да жоқ емес. Бұғанасы қата қоймаған жасөспірімдердің мұндай жүгенсіз әрекетке бой алдыруының себебі неде?

Газет тілшісінің осы сауалына орай облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Алмагүл Қайырлиева «Бұл алдымен, ата-ананың бала тәрбиелеудегі міндетін орындамауынан туындайды» деген пікірімен бөлісті. Оған дәлел ретінде келтірген деректерін саралар болсақ, жыл басынан бергі алты айда құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген рейд барысында кәмелетке толмаған 2000-нан астам жасөспірімнің ішкі істер бөліміне әкелінгенін айтуға болады. Олардың көпшілігінің түрлі құқық бұзушылық жасағаны анықталып отыр. Кәмелетке толмаса да қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуіне қатысты 24 дерек тіркеліп, бұлардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Облыс бойынша ішкі істер органдарының профилактикалық бақылау есебінде 400-ден астам кәмелетке толмаған және 227 қолайсыз отбасы есепке алыныпты. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 84 жасөспірім орналастырылыпты. Осы деректердің өзінен бала тәрбиесіне жауапты ата-ана тарапынан бақылаудың әлсірегені байқалады. Тіпті, кей ата-аналар таңғы 6-ға дейін кәмелетке толмаған баласының қайда жүргенінен бейхабар болатын секілді. Әйтпесе, құқық қорғау органдары 1372 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болғандығын анықтамас еді. Бұған қоса 66 жасөспірім де түнгі мезгілде, яғни, сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде көңіл көтермес еді. Осындай жасөспірімдер еңбекті қанау проблемасына ұшырап жүрмей ме? Көкейдегі осы сауалымызды Алма­гүл Қайырлиеваға қойған едік. Оның пікірінше, 1-12 маусым ара­лығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» тақы­ры­бында түрлі шаралар өтіпті. «Оқушылар мен ата-аналар арасында балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру» және «Бала еңбегінің ең нашар түрлері, проблемалары және балаларды сатудың алдын алу» тақырыптарында ұйым­дастырылған онлайн режимінде сабаққа оқушылар, ата-аналар мен педа­гогтар қатыстырылған. – Облыстағы білім беру ұйымдары, ішкі істер бөлімі және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен рейдтер ұйымдастырылды. Рейд кезінде қоғамдық және көңіл көтеру орындары бақылауға алынып, бала еңбегін қанауға байланысты құқық бұзушылықтар анықталған жоқ. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың істері жөніндегі комиссияға 75 құжат жолданды, – дейді Алмагүл Қайырлиева.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.

Сурет: http://press.mediaovd.kz/