• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2015

Шағын елдер шырғалаңы

700 рет
көрсетілді

Еуропадағы қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары әсіресе, шағын елдер халқын қатты күйзелтіп отыр. Мәселен, Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде елдегі жұмыссыздық салдарынан халықтың босып кету жағдайы сезіледі. Ал енді бір елдерде ұлттық валюта құлдырап, сөрелердегі тауарларды сыпырып кету құбылысы байқалуда. Мұны төмендегі хабарларымыз дәлелдей түседі.

Сөрелерден сыпырып әкетуде

Молдовада ұлттық валютаның күрт құл­дырауына байланысты ел халқы осы аптаның сәрсенбісінен бастап дүкендердегі тағамдар мен басқа да тауарларды сөрелерден сыпырып әкете бастады. Ірі сауда орталықтары соңғы күндердің өзінде бағаны екі рет көтергеніне қарамастан, оларда қалың халық шоғырланған үлкен кезектер пайда болуда. Таңертеңнен бастап тұр­мыс­тық техникалар сататын көптеген сауда дүкендері тауарлардың бағасын қайта тағайындау үшін ашылмай қалды. Өйткені, жағдай түсінікті. Олар мұндай тауарларды көбінесе шетелдерден валютаға алып келеді де, ел ішінде ұлттық валюта бойынша сатады. Ал ұлттық валюта болса, барған сайын құлдырап барады. Осыған байланысты сауда дүкендерінің иелері ұлттық валюта бағасының құлдырауынан ұтылып қаламыз ба деген қор­қынышқа тап болуда. Оның үстіне жанар-жағармай бағасының көтерілуі де басталып кетті. Осыған орай, бірқатар жанар-жағармай сату стансалары бензин бағасын өзгерту үшін жабылып қалды. Ал жұмыс істеп тұрған стансаларда ірі кезектер пайда болуда. Өткен жылы Молдова лея­сының бағамы долларға қатысты 20 пайызға төмендеген болатын. Ал биылғы жыл басталғаннан бастап 20 пайызға тағы да құл­дырағанына қарамастан, соңғы күндері сәт-сайын төмендеп келеді. Ұлттық банктің президенті Дорин Другуцану қалыптасқан жағдайды сыртқы факторлармен байланысты деп түсіндіруде. Өткен жылдың желтоқсан айында бұл жөніндегі көрсеткіш 2013 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 50 пайыздан астамға түсіп кеткен болатын. Осыған орай, жағдайды қалыпқа келтіру, тіпті, тым құрығанда уақытша ұстап тұру үшін ұлттық банк осы аптаның сейсенбісінен бастап қысқа мерзімді операциялар бойынша базалық пайыздық ставканы 8,5 пайыздан 13,5 пайызға дейін күрт көтерді. Оппозиция өкілдері билік ба­сын­дағыларды қатты сынға алуда. Парламенттегі әрбір төр­тін­ші мандатты ұстап тұрған елдегі социалистік партия бан­кі­лік-қаржылық сектордағы жағ­дайдың ушығуына байланыс­ты жоғары қауіпсіздік кеңесін тө­тенше жағдайда шақыруды және парламенттің отырысын өткізуді талап етуде. «Экономикадағы жағдайдың төмен­дегендігі туралы өз болжамдарына сүйене отырып, ұлт­тық банк монетарлық саясат­ты одан әрі қатайта түсуде. Мұ­ның ақыры халықтың алған не­сие­лерінің қымбаттауына алып келмек. Бизнес пен кәсіп­кер­лікті қолдайтын ынталандыру саясатының орнына ұлттық банк енді барынша қысу жағдайына көшкендігі көрініс беріп отыр. «Біздегі салық саясатының өзі кәсіпкерлік үшін қолайлы бо­лып тұрған жоқ. Енді қазіргі жағ­дай қосыла келіп, елдегі эко­номикалық жағдайды одан әрі ушықтыра түспек», деді ТАСС тілшісіне берген сұхбатында оппозициядағы социалистер партиясының атынан сайланған депутат, экономика докторы Вла­димир Головатюк. Оның айтуынша, басқа мемлекеттер мұндай жағдайда іштегі сұранысты қолдау үшін барлық аспаптарды іске қосып жатады. Ал Молдова билігі келе жатқан қауіптің алдында бас иіп, әлсіздік танытып отырған іспетті.

Қайыршылықтан қашу үстінде

Косовоның Венгриямен шек­тесетін оңтүстіктегі шекара­ларында 17 ақпанның таңер­теңі­нен бастап адамдар шоғыры пай­да бола бастады. Бұлар – косо­волықтар. Олар жасырын жағдайда елден өтіп, Герма­нияға бет бұруды қалайды. Мың­даған адамдар осылай етуде. Олар­дың негізін жастар құрай­ды. Косоволықтардың бұлай­ша елден қашуы ішінара мойын­далып отырған ел тәуелсіз­дігінің жетінші жылдығы мереке­сімен тұспа-тұс келуде. «Біз елі­міз­ден жетіскеннен кетіп бара жатқанымыз жоқ. Жағдай­дан әбден түңіліп болдық. Тәуел­сіздіктен үміт етіп бірқатар жыл­дар бойы қиындықпен күресіп келеміз. Бірақ ештеңенің өзге­ретін түрі жоқ. Қиындықтан әбден жалықтық», дейді олар. Мұндай жолды таңдап алушылар автобуспен немесе таксимен Сербияға дейін жетеді. Олар мұнда ашық жағдайда келе алады. Ал мұнан кейін Венгрия шекарасынан орман арқылы жасырынып, жаяулап өтеді. Егер оларды полиция тоқ­та­татын болса, босқын екендіктерін айтып, осы елде тұра тұруды өтінеді. Ал Венгрияда бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Яғни, қарастырылу үстінде. Сондықтан да олардың осы жағдайды пайдаланып, Еуропалық одақтың, яғни «Шенген аймағының» бас­қа бір еліне өтіп кетуге мүм­кін­дігі бар. Олар өздеріне босқын мәртебесінің беріле қоймай­тындығын түсінеді. Өйткені, Еуро­палық одақтағылар косово­лықтардың саяси себептер­мен немесе соғыс пен қуғындау салдарынан елдерінен кетіп жат­пағандығын біледі. Сондық­тан жасырын жолмен өтіп кел­­ген­дерді Сербияға қайта қайтаруға тырысуда. Сонда мұндай жаппай қашу­шылықтың сыры неде? «Елімізде жұмыс жоқ, оқуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан қиын­дықтан шығудың бір ғана жолы бар. Ол – елден кету», дейді тіл­шімен тілдескен косоволық. Әңгімеміздің басында айтыл­ғандай, шекара тұсында өткен жылдың желтоқсанынан бастап күн сайын мыңға тарта адам жасырын жолмен басқа елдің аумағына өтіп кетуде. Әдетте олар көзге түспеу үшін шағын топтармен жүреді. Полиция қызметкері Габор Эберхардт былай дейді: «Соңғы күндері жасырын мигранттар саны біршама азая түскен сияқты. Біз күн сайын 300-ден 700 адамға дейін өтіп жатқандығын байқаймыз». Бір жағынан алғанда косо­волықтардың мұндай қадамдарға баруына шекараны нығайту жұмыстарының күшейе түскен­дігі де әсер ететін секілді. Ше­караны күшейту екі жақтан да қатар жүріп жатыр. Венгрия да, Сербия да қосымша құрал-жабдықтар әкеліп, шекараға орнатуда. Олардың ішінде әрбір құбылысты қалт жібермеуге арналған бейнекамералар мен автокөліктер де бар. Шекара күзетушілер саны да ұлғайтыла түсті. Осы іске Германия да көмек көрсетіп, екі елге қол ұшын беруде. Бұл ел қашқындардың жолы болып табылатын шекара нүктелеріне 20 полицияны аттандырды. Косоволықтардың елден қашуынан Сербиядағы таксис­тердің жағдайы біршама жақса­рып қалғандығы сезіледі. Олар косоволықтарды шекараға дейін жеткізіп салуға қызмет көрсетеді. Тіпті, контрабандалық түрде шекараны кесіп өтуге жәрдемдесетін қызмет түрі де пайда болып, бұл іс жанданып келеді. Мәселен, кейбір келіп түскен мәліметтерге қарағанда, Венгрия аумағынан алып өткендігі үшін әр косоволық жол көрсетушіге орта есеппен алғанда 1 мың еуро төлейтін көрінеді.

Міндеттеме алуды қаламайды

Мұның алдындағы мақа­лаларымызда Грекия мен Еу­роодақ арасында борыш жө­нін­дегі міндеттеме шарттарын қайта қарастыру жөнін­дегі келісімдердің жүріп жатқан­дығын хабарлаған едік. Бұл жөнінде әлі де бір нақты келісімге қол жеткізілмей отыр. Бір есеппен алғанда, Грекия хал­қы қатаң үнемдеу саясатынан әбден шаршап болғандай. Олар өздерінің ашу-ызасын, әсіресе, елдегі парламент сайлауы кезінде көрсеткен болатын. Соның нәтижесінде әсіре солшылдардың СИРИЗА партиясы сайлауда жеңіп шығып, үкімет басына келгендігі белгілі. Халықтың бұл партияға тілектес болуына олардың қатаң үнемдеу саясатына бұдан әрі жол бермейміз деген бағдарламалық уәдесі себеп болды. Қазір премьер-министр Алексис Ципрастың үкіметі өздерінің осы уәдесінен шығу жолында жанталасқан әрекеттерді бастан кешіруде. Үкімет Еуро­одақпен қиын келісімдер жүргізу үстінде. Грекияның жаңа үкіметі Еуроодақ басшылығының алдында, өздеріне қарыз беруші негізгі қаржы ұйымдарының алдында қарыз берудің бұ­рын­­ғы ауыр шарттарын қабыл­да­майтындықтарын ашық айтып отыр. Екінші жағынан алғанда, Грекияның қаржы қолдауынсыз өмір сүре алмайтындығы тағы айқын. Сондықтан еуроаймақтан бірден қол үзудің мүмкіндігі тағы да жоқ деуге болады. Бірақ, соған қарамастан, үкімет өздерінің халыққа берген уәдесін орындау үшін келіссөздер барысында барынша беріктік көрсетуге ұмтылуда. Осыған орай Грекия үкіметі соңғы жүргізілген келіссөздерден кейін өздерінің бұрынғы қарыз келісімдерін одан әрі жалғастыра беруге мүдделі екендігін, бірақ сонымен қатар, қатаң үнемдеу саясатына байланысты бұрынғы міндеттемелердің барлығын толық мойындамайтындықтарын жеткізді. «Біз Грекияға қаржы жөнінде жасалынған ультиматумдарды қабылдай алмаймыз. Біз жасалынған меморандумдарды одан әрі созуды сұрамаймыз да. Біз несие шартын ұзартудың мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз. Бірақ ондағы меморандумда көрсетілген талапты орындаудан (бұл жерде әңгіме қатаң үнемдеу саясатын одан әрі жалғастыру туралы болып отыр) бас тартамыз», делінген үкіметтің бұл жайындағы көзқарасы туралы хабарламада. Бірақ әзірге мұндай хабарламаның таратылғандығы туралы ресми ақпарат жоқ. Мұның алдында Грекияның бұқаралық ақпарат құралдары Брюссельдегі аты-жөні беймәлім өкілдердің берген деректеріне сілтеме жасай отырып, Афинаның бұдан бұрын жасалынған несие бағдарламасын тағы да алты айға соза түсу жөнінде Еуроодаққа өтініш жасағандығын хабарлаған еді. Өйткені, белгілі бір келісімге қол жеткізілмеген жағдайда аталған бағдарламаның ресми күші 28 ақпан күні аяқталуы тиіс. Осыған орай, Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас өзі басқаратын партияның парла­мент­тік тобының отырысында Гре­­кияға халықаралық қарыз бе­ру­шілермен өзара тиімді келі­­сімге келу жөніндегі келіссөздердің жүріп жатқандығын мәлімдеген болатын. «Біз қазіргі күні әріп­тес­терімізбен қарыз мәселе­сіне қатысты келіссөздер жүргі­зу­деміз. Ол келіссөздердің әділ де тиімді болуын қалай­мыз. Бұл келіссөздер барысын­да біз өзіміздің қатаң үнем­деу саясатын бұдан әрі қолдамай­тын­дығы­мызды ашық мәлімдедік», деп атап көрсеткен болатын Алексис Ципрас. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».