Бүгін Италия жерінде, сән-салтанаттың ордасы Милан, Альпінің асқақ шыңдары аясындағы Кортина-д’Ампеццо қалаларында төртжылдықтың басты додасы – XXV қысқы Олимпия ойындарының шымылдығы түріледі.
Қысқы Олимпиаданың жөн-жосығы қашанда бөлек. Бұл – жай ғана жүлде үшін талас емес, қатысушылардың ерен қабілет-қарымы, қажыр-қайраты сыналатын ымырасыз бәсекелер. Шаңғы, коньки жолындағы жылдамдық, шорт-трек, фристайл алаңдарындағы ептілік, мәнерлеп сырғанаудағы нәзіктік пен хоккей айдынындағы тартыс – бәрі-бәрі спортты серік еткен жандардың мүмкіндігін жан-жақты паш ететін көріністер.
«Милан-Кортина 2026» ойындарының бір ерекшелігі – оның қос қалада қатар өтіп, заманауи урбанистика мен табиғат сұлулығын үндестіре білуінде. Сол тұрғыда бүгін тұтанатын Олимпиада алауы спорттық бәсекелестікті ғана емес, бүкіл әлемді бейбітшілікке, бірлікке шақыратын үміт шырағы іспетті.
Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 36 спортшы қорғайды. Олар – Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Әмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало, Наиль Башмаков (шаңғы), Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко (коньки), Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асылхан Асан, Аяна Жолдас (фристайл-акробатика), Юлия Галышева, Анастасия Городко, Павел Колмаков, Аяулым Әміренова (фристайл-могул), Владислав Киреев, Әсет Дүсенов, Милана Генева, Айша Рақышева (биатлон), Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан (шорт-трек), Александра Скороходова, Ростислав Хохлов (тау шаңғысы), Илья Мизерных, Данил Васильев (шаңғымен трамплиннен секіру), Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина (мәнерлеп сырғанау), Шығыс Рақпаров (шаңғы қоссайысы).
Сурет ЖИ арқылы жасалды
Осы спортшылар арасынан фристайл-могулшы Юлия Галышева, шорт-трекші Денис Никиша, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты бөле-жара атасақ болады. Олардың барлығы да талай дүбірлі додаларда дарынымен оқшауланған дүлдүлдер. 33 жастағы Юлия Галышева Пхёнчхан Олимпиадасында қола жүлдені иеленгенде, еліміздің барша жанкүйерлері қуанғаны есімізде. Спорттық мансабында ол әлем чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлделердің біреуі алтын, екеуі күміс, біреуі қола. Сондай-ақ қоржынында Азиада мен Универсиаданың үш алтыны бар. 30 жастағы Денис Никиша кейінгі екі әлем чемпионатында қола медальды мойнында жарқыратты. Дүниежүзілік универсиадада төрт рет үшінші орынға тұрақтады. 21 жастағы Михаил Шайдоров 2025 жылғы дүниежүзілік додада күміспен күптелді. Бұл саңлақтармен бірге түрлі байрақты бәсекелерде ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізіп жүрген конькиші Евгений Кошкин, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев, тау шаңғышысы Александра Скороходоваға да зор үміт артылып отыр.
«Қай өңір ең көп спортшыларын Апеннин түбегіне аттандырды?» деген сұраққа келетін болсақ, бұл ретте Астана, Шымкент қалалары, Шығыс Қазақстан облысы өзгелерден көш ілгері. Олардың әрқайсысы төрт саңлағын дүбірлі додаға қоспақшы. Павлодар, Алматы облыстарынан – үш, Қостанайдан – екі, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстарының бір-бір өкілі бақ сынайды.