Тарихқа көз жүгіртсек, 1465 жылы ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» кітабында Керей мен Жәнібек уығын қадаған Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасыда деп айтылады. «Ақындар сыры» атты жинақта халық ақыны Кенен Әзірбаевтың Қозыбасыны айтып өткен жырлары басылған. Қозыбасы атауы жыр алыбы Жамбыл ақынның «Сұраншы батыр» дастанында да кездеседі. Онда: «Алатаудың аты көп, Созылып жатқан қарлы жал. Теріскейі – Ұлы жүз, Күнгейінде қырғыз бар. Толып жатқан шоқысы, Шоқысының аты бар. Қозыбасы – Қордай жаясы, Содан өрлеп тартылар, Суықтөбе, Дегерес, Ұзынағаш, Көктөбе...» деп жырлайды ақын.
Шу өзенінің бойындағы Атбасы шоқысының жанында су торабы салынған. Осы Атбасы хан Кененің қарауыл шоқысы болған. Отар стансасының батысында, Қордай бекетінің солтүстігінде Құлжабасы шоқысы бар. Аңырақай шайқасында көп сарбаздардың мерт болғанына байланысты Қушоқы аталып кеткен. Міне, осы аталған үш шоқы бір ендіктің бойында жатыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы ұйғарымы қарапайым халықтың қызу қолдауына ие болып, елді бір серпілтіп тастады. Елдігімізді көрсететін осындай дүбірлі шараның қолға алынғаны мерейімді өсіріп, еліміздің Көк туы Қозыбасы жерінде желбіреп тұрса деген тілегімді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдім, ағайын.
Нұрдәулет ӘЛІБЕКҰЛЫ,
Жамбыл облысының
құрметті азаматы.
Жамбыл облысы.