Бүгінде жасанды интеллект инфрақұрылым игілігін арттыруда тиімді әрі сенімді құралға айналды. Мәселен, өңірдің жасыл желектерін цифрлық форматта есепке алатын «TreeMap» жобасы, жол жамылғысының сапасын автоматты түрде бақылайтын «JoLScan», ақылды автотұрақты басқаруға арналған «ParkKing.kz» жүйесі, ұялы байланыс сапасын талдайтын «CellMap» пен интеллектуалды бағдаршамдар, «Жаяу жүргінші өткелі» кешені – айтарлықтай нәтиже көрсетіп отырған жобалар.
Бүгінде облыс аумағында шамамен төрт мыңға жуық камера орнатылған. Оның ішінде, 180-і аппараттық-бағдарламалық кешен ретінде жұмыс істеп тұр. Бұған жылдамдық өлшегіштер, жол қиылыстарындағы бақылау жүйелері, ақылды жаяу жүргіншілер өткелдері кіреді. Кешендердің саны жыл сайын орта есеппен 300-ге артып келеді. Биыл да қосымша 300 бейнебақылау камерасы орнатылады.
Қазір қала аумағында бет-әлпетті тану мүмкіндігі бар шамамен 100 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы бұл жүйе іздеуде жүрген 268 азаматты анықтауға көмектесіпті. Бірегей платформа Бірыңғай қауіпсіздік ақпараттық ресурстары кешенімен, Ішкі істер министрлігінің іздестіру дерекқорларымен интеграцияланған.
Қарағандыда кейінгі жылдары қолға алынған цифрлық жобалардың бірі – бағалар мониторингі жүйесі. Бүгінде жүйе «Магнум», «Корзина», «Аян» супермаркеттерінде жұмыс істеп тұр. Деректер сайтқа автоматты түрде жиналады, ал сайтта жоқ сауда желісіндегі ақпарат қолмен енгізіледі. Қазіргі таңда платформада 100 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі бар.
– Белгілі бір өнімді таңдап, оның нақты бағасын картадан көруге болады. Мысалы, бір тауардың құны 166 теңге болса, бұл дерек парсинг арқылы нақты дүкеннен алынған. Жүйе ақпаратты ойдан шығармайды, барлығын автоматты түрде жинайды. Сондай-ақ картадан дүкеннің нақты орналасқан орнын да көре аласыз. Бағалар мониторингі жобасы «Android» және «iOS» платформаларындағы мобильді қосымша форматында қолжетімді. Кез келген қала тұрғыны «KrgPrice.kz» сайтына кіріп, логин мен құпия сөзсіз қажетті ақпаратты еркін көреді, – дейді облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Басқарма алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен шектелмей, қала тұрғындарына маңызды басқа да тауарлардың бағасын бақылауға енгізуді жоспарлап отыр. «Small» сауда желісіндегі бағалар да мониторингке алынбақ. Бұл арқылы қанттың қай дүкенде арзан, ұнның қай жерде қымбат екенін салыстырып, бағалық карта жасауға мүмкіндік туады. Жоба тұрғындарға нақты әрі тиімді ақпарат береді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылған «TreeMap» жүйесі «TreeMap» қаланың барлық жасыл белдеулерін картаға түсіреді. Қала аумағында жалпы саны 863 мың тал тіркелген. «TreeMap» жүйесі ағаштарды тек тіркеумен шектелмей, олардың санитарлық жағдайына, өсу деңгейіне, түріне қарай автоматты түрде жіктей алады.
– Мысалы, картада бір қарайған терек ерекше көзге түсіп тұр делік. Оның қашан отырғызылғанын, дұрыс өспеу себебін немесе арнайы инфекцияның ықпалын анықтау қажет. Климаттық факторлар да ағаштың дамуына әсер етуі мүмкін. Бұл тек дендрологтер мен экологтердің зерттеу объектісі ғана емес, біздің техникалық мамандар үшін деректерді жинап, оларды жылдам әрі тиімді өңдеу міндеті тұр. Мобильді қосымшаға қосылған нейрондық желі үш фотосурет арқылы ағаштың түрін анықтап, биылдан бастап оған қажетті күтім шараларын да ұсына алады, – дейді Қарағанды облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы Константин Павлович.
Дәстүрлі әдіс бойынша маман 763 мың ағашты жаяу аралап, әрқайсысының координаттарын картаға енгізуі қажет еді. Бұл – өте қымбат әрі көп уақытты қажет ететін жұмыс. Ал «TreeMap» арқылы кез келген ерікті ағашты суретке түсіріп, геолокациясын белгілей алады. Сол сәтте ағаш автоматты түрде картаға енгізіліп, нейрондық желі оның түрін анықтайды.
Бұл жүйе тек есеп жүргізумен шектелмейді. Ол қаланың жасыл желектерін тиімді басқаруға, ауру ағаштарды уақтылы анықтауға, табиғатты қорғау шараларын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Қала жолдарының сапасын автоматты түрде бақылауға арналған «JoLScan» жүйесі бірнеше жылдан бері сенімді жұмыс істеп келеді. Жоба уақыт өткен сайын жетіліп, сапасы мен тиімділігін арттыра түсті. Бұл жүйенің басты мақсаты – көліктер қозғалысына қауіп төндіретін ой-шұңқырларды анықтау, жол қызметтеріне нақты деректер беру.
– Бұрын телефон акселерометрін пайдаланып, жолдағы ой-шұңқырларды тіркейтінбіз. Телефон автокөліктің панеліне орнатылады да, көлік ойыққа түскен сәттегі деректер картаға енгізілетін. Осындай әдіспен бірнеше жобамызды жүзеге асырдық. Ал нейрондық желілер бұл үдерісті едәуір жеңілдетті. Қазір жолдағы ойықтар нақты көрсетіледі, – дейді басқарма басшысы Константин Павлович.
Жүйе тек жолдағы ойықтарды қадағалап қана қоймайды, қалалық қызметке тікелей хабарлама жолдайды. Мысалы, құдық қақпағы сынған жағдайда «JoLScan» автоматты түрде оның орнын картада белгілеп, қызметкерлерге сигнал береді. Қысқы кезеңге арналған датасет қазіргі уақытта қанатқақты режімде үш автобус пен екі жеңіл көлікте сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар №43, №45, №53 автобустарына орнатылған жүйе қаладағы ең ұзын көшелердің бір бөлігін қамтиды.
– Қытайлық көпфункциялы «YOLO» моделі негізінде жолдағы 15-тен астам әртүрлі ақауды анықтай аламыз. Жарық бағандарының істен шығуы, жолға түскен қоқыс қалдықтары, жырақтар, ойықтар – бәрін көреміз. Тіпті сөніп қалған немесе істен шыққан бағдаршамдарды да тіркей аламыз. Бұрын нейрондық желі тек ойықтарды анықтайтын, енді функциясы айтарлықтай кеңейді. Көрші Қытайдың есептеу қуаты біздікінен әлдеқайда жоғары екенін білеміз. Дегенмен бұл жобаны IT-суверенитет тұрғысынан дамытуды мақсат етіп отырмыз. Осы бағытта жұмыс биыл да жалғасады, – дейді Константин Павлович.
Қарағандыда жүргізушілердің уақытын үнемдеуге арналған жаңа «Park.king» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жүйе қаладағы бейнекамераларды пайдаланып, әр паркингтің бос немесе толы екенін нақты уақыт режімінде бақылайды. Осы ақпарат сервиске жіберіліп, жүргізушілер қай тұрақтың бос екенін алдын ала көре алады.
– Қаладағы барлық камералардың ішінде тек 350-і паркингтерді бақылайды. Биыл біз осы бағыттағы жұмысты кеңейтуді жоспарлап отырмыз: сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету нүктелері және ірі тұрғын үй кешендерінде жүйені іске қосамыз, – дейді Константин Ильницкий.
Биыл «Алтын арба» базары, ірі сауда орталықтары және ХҚО орталықтарында жүйені орнату жоспарланған. Сонымен бірге жеке мобильді қосымша әзірлеудің қажеті жоқ. Оның орнына веб-сервис іске қосылады, ал ақпарат «Yandex» платформасымен интеграцияланады. Келешекте автотұрақтар «Яндекс.Картада» көрсетілетін болады, бұл жүргізушілер үшін жүйені одан әрі қолайлы әрі қолжетімді етеді.
Қарағанды облысында республика бойынша Костанайдан кейінгі екінші өңір болып іске қосылған аппараттық-бағдарламалық «Ақылды жаяу жүргінші» кешені тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нақты нәтиже көрсетіп отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында мұндай кешендердің саны – 22-ге жеткен: 12-сі – Қарағандыда, 10-ы – Теміртауда орнатылған.
Аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған жаяу жүргіншілер өткелдерінде жаяу жүргіншілер қатысқан жол-көлік оқиғалары тіркелмеген. Жүргізушілердің тәртібі де айтарлықтай жақсарған.
– Қостанайлық әріптестеріміз бізден бір қадам алда – олардың жүйесі «Yandex» платформасымен біріктірілген. Біз жобаны олардан кейін іске қостық. Қазіргі уақытта жүйеде 206 бағдаршам нысаны көрсетілген. Кешен нейрондық желілер арқылы бейнеағынды талдайды. Егер белгілі бір аумақта жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жағдай анықталса, жүйе бұзушылықты автоматты түрде белгілеп, ақпаратты Әкімшілік полиция басқармасына жолдайды. Жүйенің жұмыс істеу қағидасы қарапайым болып көрінгенімен, оның артында ауқымды әрі күрделі еңбек жатыр, – дейді басқарма басшысы Константин Павлович.
«Ақылды жаяу жүргінші» кешені – қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты тетігі. Жүйе адамдардың өмірін сақтайды, жүргізушілер тәртібін жақсартады және қаладағы инфрақұрылымды цифрлық негізде басқарудың үлгісін көрсетеді.
Қарағанды облысы