• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:15

Жүрек қылын тербеген әуен

30 рет
көрсетілді

Ұлық мейрам – Наурыз мерекесі қарсаңында елорда аспанын әсем әуен әлдилеп, ерекше бір рухани кештің шымылдығы түрілді. Көктемнің жаңару лебі мен өнердің мәңгілік үні астасқан бұл сәт – шынайы өнер салтанатына айналды. Күмбірлеген күй, сырлы саз, жүрекке жеткен ән – барлығы тоғысып, уақыттың өзін бір мезетке аялдатқандай әсер қалдырды. Бұл – қазақ музыкасының көрнекті өкілі, композитор әрі дирижер Әли Алпысбаевтың мерейтойына арналған тағылымы терең, тағдыры мол шығармашылық кеш.

Роза Бағланова атындағы «Қа­зақ­­концерт» мемлекеттік акаде­миялық концерттік ұйы­мының сахнасы дәл осы кеште тек концерт алаңы ғана емес, ұлттық рух пен көркем сезімнің қасиетті ордасына айналды.

Кеш бағдарламасында орын­дал­­ған «Алаш елі», «Төс­бұлақ» күй-поэмалары тыңдар­манды терең толғанысқа жетелеп, өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпірге айналды. Ал «Әке», «Аққуым болып оралдың ба?», «Жұлдыз – ғұмыр», «Аман болшы, жан ана», «Бақыт вальсі», «Махаббат вальсі», «Қазақ елі» сынды әндер – адам жанының ең нәзік пернелерін дөп басқан туындылар. Бір әнде – әкенің асқақ тұлғасы мен сағынышқа толы бейнесі, бірінде – ананың мейірімі мен шексіз махаббаты, енді бірінде – ғұмырдың өткіншілігі мен өмірдің мәні, тағы бірінде – елге деген перзенттік сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі өріледі. Аталған туындылар тек музыкалық шығарма ғана емес, олар – өмірдің көркем шежіресі, жанның айнасы.

Композитор шығармашы­лы­ғы­ның басты ерекшелігі – ұлттық дәс­түрдің терең тамыры мен заманауи музыкалық тілдің табиғи үйлесімінде. Ол күйді жаңа қы­рынан сөйлетті, әнге жаңа тыныс берді, әуенді сезімге айналдырды. Соның арқасында сазгер туындылары уақытпен бірге жаңғырып, тыңдарман жүрегінен орын алып келеді.

Сахна төрінде өнер көрсеткен саңлақтар кештің мазмұнын байыта түсті. Халықаралық бай­қаулар­дың лауреаты Медет Есбер­генов, «Күреңбел» триосы, сон­дай-ақ Жомарт Тәкебаев, Мақсат Нұр­ланов, Талғат Оразаев, Толқын Сқақова, Салтанат Мұратқызы, Шахзод Сана, Сәуле Әлімбетова, Аружан Жалғасова, Жібек Мүсірғалиева сынды өнерпаздар көрерменмен шынайы музыкалық сұхбат құрды. Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филар­мониясының эстрадалық-сим­фониялық оркестрі әр туындыға айрықша бояу беріп, кештің көр­кемдік деңгейін асқақтатты.

Айтулы концерт тек мерей­той­лық есеп емес, көктеммен бірге жаңарған рухтың, өнерге деген іңкәрліктің, ұлттық мұраға деген құрметтің көрінісі болды. Музыка аяқталғанымен, әсері ұзақ сақталды. Себебі Әли Алпысбаевтың әуендері – уақытпен үндескен, жүрекпен сезілетін, халықпен бірге жасайтын құнды мұра. Осылайша, Наурыз мейрамына айрықша сән берген сыршыл концерт жанды тербеген әуеннің, жаңарған өмірдің, мәңгілік өнердің жарқын рәмізіне  айналды.

Соңғы жаңалықтар