• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2010

Өңір жаңалықтары

542 рет
көрсетілді

“КИЕЛІ ҚОБЫЗ ҚҰДІРЕТІ” Жуырда Семейдегі “Та­лант” баспасынан жергілікті сазгер, өнер зерттеушісі, профессор Оразғали Сейітқазының “Киелі қобыз құдіреті” атты көлемді ең­бегі жарық көрді. Онда хал­қымыздың ұлттық музыка ас­па­бы жөнінде және сонымен бір­ге орындаушылық дәстүр жай­ында кеңінен әңгіме қозғалған. Автор бұл еңбегінде бұрынғы өнер зерттеушілерінің еңбегіне, басқа да тарихи, археологиялық және этно­гра­фиялық дерек­тер­ге сүйе­­не отырып, халқы­мыз­дың киелі музыкалық аспабы – қобыз­дың Қорқыт заманынан бүгінгі күнге дейінгі тарихи жо­лын ғылыми тұрғыдан жүйе­леген. Арнайы музыкалық білім бе­­ретін оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ жалпы өнерсүйер қауымға арналған бұл кітап екі бөлімнен тұрады. Оның алғашқы бөлімінде қобыз аспабының шығу тарихы мен әйгілі қобызшылар туралы сөз болса, ал екінші бөлімде қы­рыққа жуық қобыз сарынының нотасы берілген. Бұл жерде бір атап айта кететін жайт сол, оларды қылқобызға лайықтап өңдеген автордың өзі. Солар­дың ішінде дала данышпаны атанған Шәкәрім қажы арқылы бүгінгі күнге жеткен “Қорқыт сарыны” да бар. Кітапқа тек “Бақсы сарынының” алты түрі енгі­зіл­ген. Жанақ, Шөже, Тү­бек са­рын­дары да осында. Мұн­­дағы “Қыпшақ әуенінің” де жөні бөлек. Профессор-саз­гердің осы бағыттағы отыз жыл­дық еңбегі діттеген жерден шыққандығы бірден аңғарылады. Енді автор туралы бір ауыз сөз. Орекең бүгінде Әміре Қа­шаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясына басшылық жасап келеді. Оны мұндағы өнерсүйер қауым та­маша сазгер, білікті қобызшы және дирижер ретінде де жақсы біледі. Қобыз сынды көне аспап жөніндегі бұл бағалы басылым есімі Семей өңіріне кеңінен танымал мецанат, ос­ын­дағы “Ақшың” корпорация­сы­ның президенті, қалалық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбайдың демеушілігімен жарық көріп отырғанын да айта кеткеніміз жөн болар. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. АСТАНАҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕГЕН Атасу – аймақтағы ең көрікті кент Елордамыздай жай­нап-құлпыру бар­ша қала­лар мен елді ме­кендерге үлгілі үр­діс болып қа­лып­тасып келе жатқандығының жарқын көрінісі Жа­ңаарқа өңірінен де байқалар құбылыс. Аудан орталығы – Атасу аймақтағы ең әдемі кент саналуы соған айғақ. Былтыр 80 жылдығына орай кө­галдандыру мен кө­ріктендіруге арналған көптеген игі іс-ша­ра­лар атқарылса, ол биыл жалғасып, кент тіпті сәндене түсуде. Қарағанды жақтан кіреберіс сыртқы жол айналымынан Көлік орамына дейін ұзындығы 1100 метрден астам жолдың екі жақ қапталына орнатылған 70 декоративті жарық шамдар ымырт үйіріле айналаны самаладай жарқырата­ды. Абай, С.Сейфуллин көшелеріне 2600 шаршы метр төсемтастар төселіп, бордюрлер қойылды. Сарысу көшесіндегі жаңа шағын ауданда 35 жеке меншік үй салушыларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасалды. Кенттегі айналма жолға былтыр “Қанатты тұлпар” стелласы орнатылса, жастар алаңына, балалар бағына, мәдениет үйінің алдына қос арыстан, барыс, бұлақ басындағы елік сияқты аң мүсіндері осы жылы орнап, бүлдіршіндердің көзқуанышына айналды. Астана күні қарсаңында Атасу келбетін ашқан тағы бір белгі қойылды. Басты көше ба­сына алтын түстес, сән-сәулеті күнмен шағылы­сып, өткен шақтан болашаққа қарышты қадам басқан, Жер шарынан ғарышқа қанат қаққан “Қанатты Барыс” мүсіні орнатылды. Оның жалпы биіктігі – 9 метр, орынтағының төрт қа­бырғасында өткен тарихымыздан сыр шертетін сақ, скиф қолөнеріне негізделген бояумен ай­шықталған мифологиялық аң бейнесіндегі бе­дер­тас алыстан көз тартады. Алдындағы алаң­қайда демалушыларға орындықтар қойылған. Жалпы, ауданда жыл басынан бері іс-шаралардың барлығы да ару қала Астанаға арналып өткізіліп келеді. Білім ошақтары мен мәдени мекемелерде, кітапханаларда елорда­мыз­ға арналған кездесулер, көрмелер, байқаулар ұйымдастырылып, “Астанамен бірге өсеміз” атты акция аясы күннен-күнге кеңейе түсуде. Соның бірі “Тәуелсіздік” саябағындағы “Туған күніңмен, Астана” атты шоу бағдарлама мен театрландырылған қойылым аудан тұрғындарын әдемі әсерге бөлеп, ұмытылмастай есте қалды. Бұл саябақ – атасулықтардың әрқашан сүйсіне тынығатын орны. Оның бір шетіне дала асханалары, кәуәпханалар мен сауда-саттық орталықтары орналасқан. Келесі бетінде ауылшаруашылық өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылып тұрады. Ет, сүт, құрт, май, ірімшік, қымыз, қаймақ көпшілікке арзандатыл­ған бағамен сатылады. Ал жұртшылыққа ең қызықтысы – мәдени бағдарламаларда көркемөнерпаздар ұйымдарының концерттеріне үлкен жол берілуі болып табы­лады. Ән мен күйге бүйректері ерекше бұратын жергілікті қауымның сондай-ақ спорт өнеріне де аса ден қоятыны байқалады. Сондықтан ойын-сауықтарда бір жақтан әсем әуендер қалықтаса, екінші тұста балуандар белдесіп, футболшылар сайысып жатады. Астана күні мерекесінде 6 спорттық шараға 8 команда қатысып, бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша Жаңаарқа белгі беру және байланыс дистанциясының, Жаңаарқа стансасының күзет мекемесінің командалары жеңімпаздар атанды. Т.Мұқажанов, Ғ.Тұрғамбеков, М.Ыбыраев, Т.Жахметов сияқты жігіттер талапты спортшылар ретінде танылды. Барлық жағынан Астанаға ұқсауға ұмтылған алыстағы Атасудағы бүгінгі тыныс-тіршілік осындай. Сәні мен сәулеті өскелең өмір талап-талғамына сай жарасып жарқырай түсуде. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы. “ӘНІМ САҒАН,  ҚАРАҒАНДЫ” Кеншілер қаласының өзіндік ерекшелігін ән арқылы танытуға арналған конкурстың бастапқы қорытындысы шығарылды. Бұдан екі ай бұрын жарияланған бұл шығармашылық байқауға әуесқой сазгерлерден 81 ән түскен болатын. Қазылар алқасы солардың ішінен 12-сін іріктеп алды.  Енді таңдаулының таңдаулысы Шахтер күні мерекесінде белгілі болады. Оған дейін радио, теледидар арқылы шырқалып, тыңдаушылар талғамы ақтық сынақта шешуші дауыс ретінде ескеріледі. Қарағанды туралы жаңа ән  кеншілер мерекесі өтетін “Шахтер” стадионына жиналғандар алдында шырқалатын болады. ҚАРАҒАНДЫ. ҚЫЗЫҚТЫ ӨТКЕН ШАРА Өткен аптада Лебяжі ауданының орталығы – Аққулыда “Сегіз қырлы әкім кім екен?” деген  тақырыпта ауыл әкімдері арасында байқау болып өтті. Мақсаты: ауыл әкімдерінің рухани, мәдени-әдеби ой-өрістері, ана тіліне, ұлттық өнерге деген  құрмет-талаптары қандай дәрежеде екендігін бағамдау болды. Аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырған бұл байқау шынында қызықты өтті. Алдымен әкімдер “Ауылдың сәлемін” жеткізді. Одан кейін “Сұрақ-жауап”, “Менің ауылым, ауданым, елім, жерім”, “Әкім бол, халқыңа жақын бол”, “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” атты төрт бөлімнен тұратын байқау шарттарын орындады. Байқаудың “Сұрақ-жауап” бөлімінде әкімдер атқарып жүрген қызметтеріне сай “мемлекеттік қызмет”, “саяси қызметші”, “жемқорлыққа жолама” сияқты сөздердің мазмұны мен  мәнін ашып көрсетті. Бұл шара қорытындысында ауыл әкімдері бар өнерлерін салды. Ән де шырқады, домбыра да тартты. Сөйтіп, Жамбыл ауылдық аумағының әкімі Нұрман Айтуған жеңімпаз атанды. Фарида БЫҚАЙ  Павлодар облысы.