• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2015

Жиырма жылдық жылнама түзілген туындылар

553 рет
көрсетілді

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми кеңесі Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тарихында» және «Қазақстан халқы Ассамблеясы: жиырма жылдық тарих» атты кітаптардың таныстырылымын өткізді. Шараны ашып, оның модера­торлығының тізгінін ұстаған Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары Наталья Калашникова екі кітаптың бірі – «Қазақстан халқы Ассамблеясы ел тарихында» атты еңбектің Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығына арналғанын, ал екінші – ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі ғалымдарының авторлық ұжымы ұсынған «Қа­зақстан халқы Ассамблеясы: жиырма жылдық тарих» атты кітапта ұлттық бірлік құндылықтарының негіздері, қазақ халқының толеранттылығы, этносаралық қатынастар саласын реттеудің қоғамдық-саяси институты ретіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы мен дамуының 20 жылдық кезеңінің негізгі белестері баяндалғанын айта келіп, кітап авторларының бірі Майнұр Бөрібаеваға сөз берді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі кезде халық өкілділігінің институты ретінде сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгенін және оның жаһандық тұр­ғыдағы рөліне тоқталған шешен кітапта қамтылған дүниелерді екшеп айтып берді. Мәселен, Ассамблеяның ашылған күннен бергі тарихы оның бастауында тұрған белгілі саяси қайраткерлердің, қоғам және ғылыми ортадағы зиялы қауымның естеліктерімен өріліп, этномәдени орта­лықтардың ішінде біте қайнаған тұл­ғалардың және шетелдік сарапшылар мен елімізде дипломатиялық миссиялар атқарушы дипломаттардың ойларымен тұздықталыпты. Сонымен қатар, кітапта шет қонып, қиыр жайлап, атамекеннен тыс жүрген қандастарымыздың, көк байрағымызды көкке көтеріп, додалы тартыстарда Қазақстан намысын бермеген Илья Ильин, Денис Тен, Геннадий Головкин сынды саңлақтардың да ойлары ойып тұрып орын алыпты. Аталған кітап естеліктердің мазмұндылығымен, әрқайсысының өзіндік ерекшелігімен құнды деген автор кітаптың қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда таптырмайтын құрал болатынына қуанышын жеткізген. Екінші еңбектің авторлары атынан сөз алған ғалым Нұрбек Шаяхметов кітаптың ғылыми-әдістемелік, практикалық тұр­ғыдағы ерекшелігіне мән берді. «20 жылда не атқардық, алдағы уақытта не істеуіміз керек деген мәселелерге де кі­таптан орын берілген. Бүгінгі күнде ҚХА толыққанды қалыптасып, институттық дең­гейінен өтіп, енді бір интеллектуалдық, сапалық кезеңге аяқ басты. Сондықтан да, жер-жердегі ЖОО-ларда ҚХА кафедралары құрылуда. Қолдарыңызға тиетін екі кітап та осы салада еңбектенуші ғалымдарға да, этномәдени орталықтар мен Достық үйлері қызметкерлерінің үстелінің үстінде тұратын, қайта-қайта оралатын дүниесі болады деп ойлаймын», деді ол. Мұнан соң сөз алған ҚХА хатшылы­ғының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи: «Биылғы жылды Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп бел­гілеген уақытта «Негізі жылымыз той тойлайтын емес, ой ойлайтын жыл» деп айтқаны бар еді. Міне, сол сөзді қағидат етіп алғандықтан алдымызға тасқа түскен сөзді қалдыруды мақсат тұтқанбыз. Сол ниеттен жарық көрген екі кітапта Қазақстан халқының рухани байлығы, адами негіздері, достыққа адалдығы, толеранттылығы өз орнын тапты. Елбасының идеясымен құрылған Ассамблея керуенінің 20 жылдың ішінде басып өткен жолында еліміздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайларға сәйкес ҚХА алдында тұрған мақсаттар мен мүдделер де күн талабына сәйкес өзгеріп, жаңарып отырды. Сондықтан, бүгінгі таңда ҚХА-ға енді келгендер үшін Ассамблеяның неден басталып, қалай өрбігенін білуде кітап айрықша көмек», деген пікірін жеткізді. Еңбектің рецензенті белгілі ғалым Әділ Ахметов бүгінгі таңда Қазақстанды шетелдіктерге таныстыруда Ассамблея институтының мемлекеттік брендке айналғанына тоқталды. «Мұны – біздің қоғамымыз күтіп отырған дүниелер деп білемін. ҚХА-ның пайда болу себебінің өзі әріректен басталады», деген ғалым Кеңес Одағы тараған тұста Югославиядағы жағдай қайталанатын екінші ошақ Қазақстан болады деген сәуегейліктің алдын алуға бағытталған ізгі ниеттің өркен жайғанына шүкіршілік етуге шақырды. Сақылдап қайнаған қазанның отын лапылдатып жандырып, біздің бәрімізді сол отқа тастағысы келген ниеттің іске аспауындағы ҚХА рөліне мән берген ғалым жымысқы саясат пен сырттан таңылатын қауіп-қатерлерге тосқауыл болуда конституциялық мәртебеге ие құрылымның алар асуларына сенетінін жеткізді. Еңбектің құндылығы қазіргі Қазақ­станның саяси және азаматтық іргетасы болып отырған қоғамдық келі­сімнің қалыптасуының күрделі де көпқырлы үдерісін тарихи тұрғыда өзіндік пайым­дауларға жасалған ұмтылысында жатыр. Барлық оқиғалардың тарихи көзқараста қарастырылуы, еңбектерде қолтаңбасын қалдырған авторлардың еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігін нығайту бағытындағы оқиғалар мен үдерістердің бел ортасында жүрген азаматтар болуы, кітаптағы әр сұхбаттың, мақаланың олардың көзімен берілуі кітаптардың мазмұнын ашып, мағынасын кеңейтіп, құндылығын арттыра түседі. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.