Қазақстан Жазушылар одағында Абай мен Мұқағалидың түрік тіліне аударылған жыр жинақтары мен хакімнің «Қара сөздері» кітабының тұсаукесері болып өтті.
Аса қуанышты қауышуды Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин ашты. Алдымен сөз алған Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев мұны бауырлас түрік елінің қазақ әдебиеті мен өнері үшін жасаған баға жетпес сыйына балады. Елшілік арқылы ұйымдастырылған мәдени шараның ағайын халықтың арасындағы достықтың, бауырмалдықтың алтын көпірі болатынына сендірді.
Түркияда тәржімаланып, түрік баспасынан шыққан кітапты көзбен көріп, қолмен ұстаған қаламгерлердің алды болып Әнес Сарай көңіл толқынысын былай жеткізді:
– Бұл біздің көкейімізде көптен жүрген арманымыз еді, орындалды. Ертеде Мәскеуде орыс тілінде тәржімаланып шығатын басылымдарға екінің бірінің қолы жетпеген де заман болған. Бастауы үлкен істің алғашқы қарлығашы үшін шын жүректен қуанып тұрмыз, – деді ол.
Бұдан соң сөз алған қазақтың белгілі ақын-жазушылары Оразақын Асқар, Марфуға Айтхожина, Смағұл Елубай, Ахметжан Ашири, Жұмабай Шаштайұлы игілікті іске қанағат сезімдерін білдірді.
Халықаралық «Түрксой» ұйымының өкілі Мәлік Отарбаевқа да алғыс айтылды. Кітаптың бір ерекшелігі – әрбір жыр шумағының түрікше аудармасының қапталына қазақша түпнұсқасы қосымша беріліп отырған.
Қазақ поэзиясының қос құдіретінің шығармаларын тәржімалаған түркиялық танымал шайыр – Зафер Қибар.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
–––––––––––
Суретті түсірген автор.