Әйіп қажы Бекенұлы – қазақ қоғамында руханиятты насихаттауға, имандылық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан танымал дін қайраткерлерінің бірі. Ол өзінің өмір жолында діни білім мен ұлттық дәстүрді ұштастыра отырып, ел ішінде ағартушылық қызметімен ерекшеленген. Жинаған білімін ел игілігіне жұмсап, мешіттерде имамдық қызмет атқарып, халыққа діни бағыт-бағдар беруге күш салған тұлға.
Әйіп Бекенұлы қазіргі Индер ауданы аумағындағы Толыбай құмындағы «Жидебай» деген жерде 1838 жылы дүниеге келіп, осы жерде 1931 жылы қайтыс болған. XIX ғасырда өмір сүрген Беріш руының өкілдері Бәйнеке де, Бекен де діни жоғарғы білімді әрі шаруалы бай адамдар болған. Мұратбек Каспиұлы Жахатовтың «Құлпытастар сөйлейді» кітабының 73-бетінде: «Жәңгір ханның бұйрығымен Тілеуұлы Бәйнеке бүкіл Жайық руының молдасы болып 28.07.1841 жылы тағайындалды», деп жазылған. Осындай білімді жанұяда тәрбиеленген Әйіп алғашында «Жалпақталдағы» медреседе, кейін Қазан қаласындағы жоғарғы дәрежеде діни білім беретін оқу орнында оқып, білім алады.
Елге ақыл-парасаты мен білім-білігімен танылған Әйіп Бекенұлын патша өкіметі 17 жасында Толыбай, Тума құмын жайлаған қазақ ауылдарына старшын етіп сайлайды.
Әйіп Бекенұлы старшын правительдің көмекшісі, кеңесшісі қызметтерін 51 жыл атқарған.
Жайық бойындағы казак-орыстармен тату-көршілік саясатты берік ұстаған. Нәтижесінде арада түсінбестік, келіспеушілік, кикілжің болмаған.
Ел ішіндегі ұрлық-қарлықты, зорлықты, озбырлықты, әлімжеттікті қорқытып тыя алмайтынын білген Әйіп бұдан құтылудың жолы тек діни толық сауаттылық деп бағамдаған.
Әйіп 1900 жылы құм өңірінде тұңғыш зәулім мешіт салдырып, білікті молдалар алдырып, діни толық сауаттандыру жұмысын қолға алған. Меккеге қажылыққа үш рет барған.
1894 жылы патшаның таққа отыру салтанатына қатысып, жолшыбай орыс қалаларында болып, ұрпағының сол дәуірдің талабынан, яғни өркениеттен қалып бара жатқанын болжап, білім қуа бастайды. Пайғамбарымыздың с.ғ.с. «Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны мұсылман бауырына үйретуі» деген хадисіне сай, 1907 жылы мешіт жанынан орыс тілін үйрететін мұғалім жалдап, «Нарын» құм өңірінде алғаш орыс тілін үйрету сабағын бастайды. Орыстан ғылым үйрену, орысқа тәуелді болу деген сөз емес. Орыстар да ғылымды Батыстан үйренді, ал Батыстың ғылымды Шығыстан, дәлірек айтқанда мұсылмандардан алғаны тарихи шындық.
Оқып жүрген жастардың арасынан сабаққа зейінді, алғыр дегендерін іріктеп, мұғалімдер даярлайтын оқу орындарына жіберіп, өз қаржысы есебінен мұғалімдер даярлайды.
1913 жылы Романовтар династиясының 300 жылдық мерейтойына патшадан әдейі шақырту алып, патшадан өз қаржысы есебінен мектеп ашуға рұқсат алады.
1913-1914 оқу жылынан бастап, өзі оқытып даярлаған мұғалімдерді пайдаланып, мешітті мектепке, медресе үйін жатаханаға айналдырып, құм өңірінде алғашқы зайырлы білім беретін мектеп ашқан. Әйіп қажы өзі де орыс тілінде сабақ беріп, балалардың қаншалықты білім алғанын тексеріп, әңгімелесіп (орыс тілінде) отырған.
Бұл мектеп 1927-1928 оқу жылына дейін жұмыс істеп, бірнеше мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар шыққан.
Әйіп қажы осы «Көкмешіт» мектебін 1928-1929 оқу жылынан бастап мемлекет меншігіне өткізген.
Әйіп қажы 1914 жылдан «Правда» газетін алдырып оқыған. Осы газеттен оқығандарын және өзінің болжамдарын өзім деген адамдар арқылы халқына жеткізіп, жаңа қоғам орнайтынын, оның тәртібі мен талабын орындау керектігін күн ілгері түсіндіріп отырған. Осының нәтижесінде елде жаңа қоғам орнауда ешқандай толқулар болмаған.
Әйіп қажының, мұғалімдерінің халық арасында жүргізген пәрменді насихат жұмысының арқасында, халық жаңа қоғамға мүшелікке өтіп, ТОЗ, артель, серіктестікке бірігіп еңбек етулерінің нәтижесінде 1930-1933 жылдардағы аштыққа Нарын құм өңірін жайлаған қазақ ауылдары ұшыраған жоқ.
Жаңа үкімет қызметкерлері Әйіптің адал еңбегін, яғни халқының болашағы үшін жаңа қоғамға адалдығын ескеріп жауапқа тартпаған. Оның еңбегі халық жадында ғасырдан көп уақыт өтсе де сақталып келеді.
Төлеген ЖАҢАБАЙ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
құрметті профессоры,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі