• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Хабарсыз кеткен жауынгер деректері 72 жылдан кейін табылды

608 рет
көрсетілді

Халқымыздың «Батыр өлген жерінде, бай туған жерінде» деген қатқылдау болса да қанатты сөзі бар. Бұл нақылдың жауынгер халқымыздың ерте замандардан бері өз елін, жерін қорғаған ұзаққа созылған қасіретті соғыстардың салдарынан туғанына шүбә кел­ті­руге болмас. Адамзат баласын зар жылатып, қайғы-мұңға бө­леген алапаттың бірі 1941-1945 жыл­­дардағы Отан соғысы екен­дігі мәлім. Осынау зұлмат ұрыс өзгелермен қатар қазақ жұртының шаңырағын шайқалтып кеткені, жүрекке түскен жараның әлі күнге жазылмай келе жатқаны да шындық. Солардың бірі – біздің әулет. Біздің ұлы атамыз Махметтің өзі бастап, ұлдары Омар, Серғали, Нұрғали, Мұқажан соғыстың алғаш­қы күнінен сұрапыл шайқас­тарға қатысты. Олардың барлығы дерлік ұрыс даласында қаза тауып, әжеміз Ақбілек елге жара­лы оралған Нұрғалиын ғана қан жылаған құшағына басқан екен. Боздақтардан «қара қағаз» келгенімен, Мұқажан атамыз осы күнге дейін «хабарсыз кеткендер» санатында нала көңілімізді құсаға бөлеп, армана сезімге батырып жүретін. Әкеміздің айтуынша, Мұқа­жан атамыз сұңғақ бойлы, батыр келбетті, ақ жарқын кісі бол­ған екен. Домбыра шертіп, ән шырқауды жақсы көрген. Соңғы хатында Ленинград түбінде фашистермен қиян-кескі соғысып жатқанын жазыпты. Содан кейін хабар-ошар сап тыйылған. Махмет атамыздың кенжесі Мұқажан атамыздан бір хабар болып қалар ма екен деп, ұзақ жылдар бойы іздестірумен болдым. Ақыры, 2013 жылдың күзінде, ресейлік «қызыл ізшілерден» Ленинград облысы, Лодейнопольский ауданының Старая Слобода деревнясының маңынан қазақстандық жауынгер Мұқажан Махметовтің мүрдесі табылды деген хабар алдық. Осы қаралы да қуанышты хабар туған ауылымыз Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы Жаңа жол ауылын дүр сілкіндірген еді. «Қызыл ізшілердің» хатынан білгеніміз, сондағы асығыс жерлей салған тереңдігі 50-70 сантиметрдей бір шұңқырдан 19 адамның мүрдесі табылыпты. Марқұмдардың ішінде екі ғана адамның медальоны болған екен. Мұның біреуі Мұқажан атамыздыкі, екіншісі жерлесіміз, Мамлют ауданы Вишневка елді мекенінің тумасы Поляков Павел Иванович деген азаматтыкі болып шықты. Мәйіттер жерленген әлгі шұңқыр Новая Сегежа деревнясы үшін болған ұрыста қаза тапқан ерлерге орнатылған ескерткіш-обелискіден 400 метрдей жерде табылған. Атамыздың мүрдесін тапқан іздеушілер /поисковики/ отрядының жетекшілерімен электрондық және телефон байланысы арқылы хабарласып тұрдым. Олардың өтініші, көмек сұрауына байланысты мен Мамлют ауданының әкімдігіне, әскери бөліміне, облыстық әскери комиссариатына, облыстық, аудандық газеттерге хат жазып, ақырында Поляковтың туған қарындасы Наталья Павловна Полякованы тауып алдық. Ол қазір Санкт - Петербург (Ленингад) қаласында тұратын болып шықты, балаларымен, немерелерімен тұрады екен. Ағасының (Поляковтың) сол жерде қайтыс болғанын олар сол соғыс жүріп жатқан кезде-ақ еліне соғыстан мүгедек болып қайтқан қарулас жерлесінен естіген екен. Әйткенмен, мүрдесін таппаған. Батырлар ерлігі туралы жоғарыда аталған обелискіге ойып жазылған мына сөздер мағлұмат береді. «С 21 по 24 октября 1941 года длилась Ново-Сегежская наступательная операция, в ходе которой бойцы 314-й стрелковой дивизии форсировали реку Свир, заняли плацдарм, не позволив немецко-фашистским захватчикам перейти в наступление на город Тихвин и сомкнуть второе кольцо блокады вокруг Ленинграда. В неравных кровопролитных боях казахстанские воины проявили высокую боевую выучку, стойкость, мужество и массовый героизм, многие из них сложили свои головы. Вечная память героям!» 1941 жылдың 24 қазанында болған осы ұрыста, атамыз ауыр жараланған. Жанына батып, айғайлап жатқанын естіп, оқтың борап тұрғанына қарамастан, П.И.Поляков (соғысқа дейін ол кісі ветеринар болып істепті) санитарлық міндетін атқарушы ретінде, атамызға көмек бермекші болып жете бергенде ол да, атамыз да дөп түскен снаряд жарықшағынан мерт болған екен. «Қызыл ізшілер» соғыс біткеннен бері жыл сайын, қар ерісімен ұрыс шептерінен адамдардың мүрделерін іздейді екен. Табылған мүрделерді бір жерге жинап, жыл сайынғы 22 маусымдағы қаралы митингіде салтанатты түрде қайта жерлеуді дәстүрге айналдырған. Сол рәсімге мен және құдам – полиция полковнигі Қуаныш Қожахметов екеуміз де қатыстық. Біз Шал ақын ауданы Жана жол ауылы – туған жеріміздің зиратынан бір уыс топырақ апарып бауырлас­тар зиратына салдық. Содан кейін ол жақтан да топырақ әкеліп, әкеміз Нұрғалидың зиратының жанына әкеліп көмдік. Атамыз Мұқажанның басына тас орнатып, «қырқы» өткенше аруағына арнап құран бағыштаттық. Соғыстан қайтпаған барша аталарымызға, олардың және өзіміздің үйден шыққан аруақтар риза болсын, иманды, жатқан жерлері жайлы болсын демекпін. Соғыстан І топтағы мүгедек болып оралған әкем Нұрғали 88 жасында дүние салды, алты бала өсіріп жеткізді. Омар атамыздан екі қыз қалған болатын, олар да қазір о дүниелік болып кетті, ұрпақтары бар. Серғалидан жалғыз ұл Мырзатай төрт жасында қалған, ол кісі де 73 жыл жасап, өмірден озды. Белгілі ғалым, тіл білімінің білгірі болған ағамыз 50 жылға тарта өмірін оқытушылық қызметке арнады. Одан әрі Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі деңгейіне дейін көтеріліп, Қазақстан Республикасының ғылым қайраткері атағына ие болды. Мен Ленинград облысына барған сапарымда Мұқажан атамыздың жерленген жерінен табылған аз ғана жәдігерлер – противогаз, тағы басқа әкетуге рұқсат берілген заттар мен атамыздың табылғаны туралы құжаттарды Жаңа жол орта мектебінің мұрағатына қою үшін тапсырдым. Бауырластар зиратында жерлеу рәсіміне қатысқанымызда халықтың өте көп жиналатынын көрдік. Ленинградты қорғауға атсалысқан 314 атқыштар дивизиясы Солтүстік Қазақстан облысында жасақталғандықтан, жауынгерлердің көбі қазақ азаматтары болған екен. Олардың құрметіне орнатылған ескерткіштегі 80-дей жауынгердің 20-дан астамы қазақтар. Тағы бір айтуға тұратын жайт сол бауырластар зиратының бетіне қайтыс болған жауынгерлердің арасынан, неге екені бізге беймәлім, тек Мұқажан атамыздың ғана портреті көзімізше мәңгілікке орнатылды. Сондай-ақ, жиналған қауымның Қазақ елі мен қазақстандықтарға деген ыстық ықыласы жүрегімізді жылытып тұрды. Балуан МАХМЕТОВ, заң қызметінің ардагері. Ақмола облысы, Ақкөл қаласы.