• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Алматыда ардагерлер арасында Қажымұқанның 155 жылдығына орай турнир өтті

0 рет
көрсетілді

Алматыда қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығына орай грек-рим мен еркін күрестен «Ардагерлер алаңы» деп аталатын халықаралық турнирі өтті. Бұл жарыста Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Ресей, Моңғолия, Молдова, Грузия, Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстаннан келген 500-ге тарта балуандар белдесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында алты кілем төселді. Шыны керек, бұрын-соңды ардагерлер арасында осындай ауқымды шара ұйымдастырылғанын көрген емеспіз. Тіптен, ондай турнирлер ересектер арасында сирек өтеді. Биыл әдеттегідей 35 пен 70 жастағы алты ардагерлік дивизионындағы бәсекелерден бөлек, 18 бен 34 жас аралығындағы спортшылар да бозкілемде бақ сынады. Қатысушылардың қатарында кезінде халықаралық аренада атой салған саңлақтармен қатар әуесқой спортшылар да болды. Бір қуантарлығы, жастары 60-тан асып, 70-ке таяп қалған ақсақалдардың арасында әлі де спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанып жүргендер аз емес екен. Бала-шаға былай тұрсын, тіптен жарысқа немересімен келген қарияларды да көзіміз шалды.       

–  Алғаш рет «Ардагер Алаңын» өткізген кезде келешекте ол осындай ауқымды шараға айналады деп еш ойлаған жоқ едік, – деп бастады өз әңгімесін жарысты ұйымдастырушы әрі жоба жетекшісі Ерлан Малаев. – Осыдан бірер жыл бұрын Алматыдағы спорт мектептерінің бірінде тұсауы кесілген турнирде жергілікті балуандардан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанның ғана өкілдері өнер көрсетті. Кейіннен қатарымыз көбейді. Аталған жарыс спортшылардың да, көрермендердің де көңілінен шықты. Сол кезде-ақ бұл бастаманы одан әрі жалғастыру жайында кеңінен әңгіме қозғады. Көпшілік бұл идеяны қолдады. Содан біз де іске бел шеше кірістік. Екінші және үшінші жарыс «Сәду-Аренада» ұйымдастырылды. Биыл Алматы қалалық Спорт және дене шынықтыру басқармасы қолдауымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын екі күнге «меншігімізге» алдық. Сол үшін де қамқорлық көрсеткен азаматтарға зор алғысымды білдіргімді келеді. Өздеріңіз байқап отырғандай, турнирдің географиясы кеңейді, қатысушылардың саны артты және де оның деңгейі өсті. Бұйыртса, келешекте біз осы жобаны одан әрі жетілдіріп, бұдан да жоғары дәрежеге көтереміз. 

Е. Малаев мырза бастаған белсенді топ алдағы уақытта аталған турнир еліміздің бірыңғай спорттық күнтізбесіне еніп, қатысушыларға түрлі атақтар мен разрядтар беріледі деп үміттеніп отырғанындарын да жасырмады. Ол үшін Туризм және спорт министрлігінің қолдауы қажет. Жоба жетекшісінің  айтуынша, бұл жағдай ардагерлер спортының дамуына үлкен септігін тигізіп, соны серпін беретіні сөзсіз.

«Ардагерлер алаңына» қатысушылар арасынан кезінде Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында болып, халықаралық аренада ел намысын абыройлы қорғаған Ербол Қоңыратов, Айбек Еңсеханов, Андрей Самохин, Дәурен Баяхметов, Қайсар Боранбаев, Аңсаған Құсайынов және тағы басқа танымал балуандарды көзіміз шалды. Олардың дені өз салмақ дәрежелерінде топ жарды. Сонымен қатар, ардагерлер додасында атой салып, әлем және Азия чемпионатында бір емес, бірнеше мәрте бас жүлдені олжалаған оғландар да өз өнерлерін ортаға салды. 

Қазақстанның екі дзюдошысы Grand Slam турнирінің жартылай финалына шықты

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында біз бейбіт заманның батырларын да жолықтырдық. Солардың бірі – Ержан Әмірханов. Бұл азаматтың грек-рим күресінен спорт шебері деген атағы бар. Қазіргі кезде Семейде жастарды жаттықтырады. 2017 жылдың жазында Ержан көлік сатып алу үшін Новосібірге сапар шегеді. Автобус түнгі сағат 3:20-да Алейск қаласына таяды. Ол кезде барлық адам ұйқы құшағында жатты. Барлығы – 42 жолаушы. Оның 12-сі балалар. Кенет қоғамдық көліктен өрт шығып, жалын жан-жақты шарпи бастайды. Мұны жалғыз Әмірханов байқайды. Кейіпкеріміз жағдайды жүргізушіге айтып, дереу көлікті тоқтатады. «Өртеніп жатырмыз, тездетіп автобустан шығыңыздар» деп айқайлады. Бірақ жолаушылар орындарынан қозғалмады. Сөйтсе біраз адам көк түтінге уланып та үлгерген екен. Ал кейбіреулері не болғанын түсінбей, мең-зең болып тұр. Енді еш кідіруге болмайды. Ержан екі есікті теуіп ашып, барлық жолаушыларды кезек-кезегімен сыртқа шығара бастайды. Соңғы адам шыққанша спортшы өрттің ортасында болды. Бас-аяғы 1 минут 45 секундта ол барлық жолаушыны құтқарды. Осы оқиғадан құлағдар болған бетте журналистер Ержанның ерлігі жайында жарыса жазады. Арнайы сюжеттер түсірілді. Сөйтіп, Семей қаласының шетқара жағында балғын балуандары баптап жүрген қарапайым ғана азаматтың атағы алысқа жайылады. Міне, сол ержүрек Ержан да «Ардагерлер алаңында» күш сынасуды құп көрген екен...

Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін Қазақстан құрамасы 8 жүлдемен аяқтады

Аталған турнир аясында Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастырылады. Онда «Күш атасының» ірі халықаралық жарыстарда жеңіп алған ордендері мен медальдары, белбеулері, тұтынған заттары және басқа да құнды жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды. Экспонаттардың бір бөлігі Түркістан облысындағы балуанның туған жерінен арнайы әкелінгенін де айта кеткен абзал.

Соңғы жаңалықтар