Африкада бір ай бойы күндіз-түні жалғасқан футбол тойы тарқады. Әлем чемпионатының соңғы матчында Голландия құрамасымен кездесіп, жеңіске жеткен “Фурии рохи” (“Қызыл фурия”) командасы тұңғыш рет әлем кубогын алақанына аялаған күйі Пиреней түбегіне аттанды.
Осы күні Висенте дель Боске бастаған Испания құрамасы біраз тынығып, әлем чемпионы атағын бойларына сіңіріп алғаннан кейін Мадридтің “Барахес” әуежайына бет алды. Бұл жер әлем чемпиондарын қарсы алуға жан-жақты дайындалғаны бірден көзге ұрады. Интернет-сайттарда испанның футбол қаһармандарын қарсы алу рәсіміне куә болған жанкүйерлердің пікіріне қарағанда, әуежайға қаумалаған жұртшылықтың жиналғаны соншалық, олар отандастарын тіпті футболшылар мінген ұшақтың двигателінің дыбысын он орап кететіндей жағдайда қуаныштары қойындарына сыймай қарсы алыпты. Ал ұшақтың өзінде “Чемпиондар” және “Біз ұлттық құрамамен әрқашан мақтанамыз” деген ұрандар жазулы болған екен.
Сөйтіп, Испания құрамасын әуежайдан қарсы алу рәсімі аяқталған соң команданың барлық мүшесі король Хуан Карлос І мен оның зайыбы Софияның қабылдауында болды. Осы жерде король салтанатты түрде ұлттық құраманы тамаша жеңісімен құттықтап, сөз сөйледі. “Испания барлық елдер үшін, әсіресе болашақ ұрпақ үшін нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Біздің жігіттер Испания халқын біріктіріп, арманымыздың орындалуына қомақты үлес қосты. Сіздердің барлықтарыңызға Испания халқы атынан алғысымды білдіре отырып, біздің құрама құрмет тұғырының ең биік сатыларынан көрінетініне әрқашанда сенімдімін”, – деген пікірін білдірді. Салтанатты рәсімде команда капитаны Икер Касильяс монархқа өзінің аты жазылған ұлттық құраманың жейдесі мен уақытша болса да ұстап тұруға әлем кубогын табыс етті. Осыдан кейін әлем чемпиондары Премьер-министр Хосе Луис Родригес Сапатероның қабылдауында болды. Кездесуде жылы лебіздер айтылды. Соның бірінде Үкімет басшысы ұлттық құраманың финалда жеңіске жеткенінде көңілі босағанын жасырмады. Кездесуден соң Испания құрамасы Премьер-министрдің резиденциясынан бастап Мадридтің барлық көшелерін автобустың үстіне шығып аралады. Оларды көшенің бойында миллиондаған халық ду-қол шапалақпен шығарып салып отырды. Кейбір деректерге қарағанда, сол күні отандастарына құрмет көрсеткен жанкүйерлер саны 1 миллионнан асып жығылыпты. Осы күні Мадридтен басқа Испанияның Барселона, Валенсия, Севилья мен басқа да қалаларында әлем чемпиондарына құрмет көрсетіліп, түні бойы от шашулар шашылып, бір ай бойы Африкада болған футбол тойы одан әрі жалғасты.
Осы кезде әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Голландия құрамасын да жанкүйерлері лайықты деңгейде қарсы алды. Оларды Амстердамның халықаралық әуежайынан түскен бойда жүздеген жергілікті жанкүйерлер қарсы алып, гүл шоқтарын беріп, жарыста жақсы өнер көрсеткендерін айтты. Онда команда атынан сөз сөйлеген бас бапкер құраманың жеңіске жетуі үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасағанын атап көрсетті. Дегенмен, ойыншылардың Голландия құрамасының осымен үшінші рет әлем чемпионы атана алмай, тағы да күміс жүлдені қанағат тұтқанына жандары батып тұрғаны жүздерінен көрініп тұрды. Голландияның хавбегі Уэсли Снейдер финалдан соң, төрешілердің жұмысын теріс бағалайтынын, ол бүкіл әлемге ұят болды деп, Иньестаның голы оффсайдтан соғылғанын, ойынның соңында төрешінің Испанияға қарай бұрыштама доп берудің орнына допты қарсыластарына әдейі бере салғанына наразылық білдірген болса, финалда екі тамаша мүмкіндікті жіберіп алған Арьен Роббен Касильяспен екінші рет бетпе-бет келгенінде оны Карлес Пуйоль жейдесінен тартып құлатқанын, ал бірінші мүмкіндікті ол өзінің кінәсінен жіберіп алғанын айтқан болатын. Сөз орайы чемпионаттың ақтық айқасына келіп тұрғанда Андрес Иньестаның Голландия қақпасына соққан добын әке-шешесінің көре алмағанын атап өткеніміз артық етпес деп ойлаймыз. Оның әкесі Испанияның барлық ойындарын көрмегенін айтса, шешесі Фуэитеальбильи деген Андрес Иньеста туған қаладағы кафе-барлардың бірінде Голландияның ұлына қарсы “дөрекі” ойындарын қарай алмай, бірнеше секөнтке сыртқа шығып кеткенінде баласының соққан голын жіберіп алыпты. Ал Иньестаның өзі финалда соққан осы добын өзінің өткен жылы қайтыс болып кеткен досы, “Эспаньол” командасында өнер көрсеткен Дани Харкеге арнағаны белгілі.
Енді Испания келесі ойынын Аргентина құрамасымен өткізеді. Осы жылдың 7 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өтетін жолдастық матчта “қызыл фурия” “альбиселестаны” тағы да жеңетініне сенімді. Естеріңізге сала кетсек, қос команданың арасында болған алғашқы ойын 2:1 есебімен испандардың пайдасына шешілген болатын. Ал Марадонаның құрамасына келетін болсақ, олар келесі ойынын 11 тамыз күні Ирландияға қарсы өткізеді. Қазір Аргентинаның футбол ассоциациясы Диего Армандо Марадонамен тағы да төрт жылға келісім-шартты ұзартуды жоспарлауда. АФА президенті Хулио Грондонаның айтуынша, Марадона сияқты ғасырда бір туатын ғажап ойыншыны отандастары бапкер ретінде де бағалап, әрқашан онымен мақтанып жүретін болады.
Енді әлем чемпионатына қатысты тағы бір дерек келтірсек, биылғы дода ең көп ойын ережесі бұзылған жарыс болып отыр. Мұнда Жапонияның ойыншысы Кейсуке Хонда 19 рет ереже бұзса, голландиялық Марк Ван Боммель мен испан Серхио Рамос 17 рет ойын ережесіне қарамаған болып шықты. Жалпы чемпионатта 261 рет ойын ережесі бұзылыпты. Соңғы жарыстармен салыстырсақ, 2006 жылы Германияда өткен додада 346 рет ойын ережесі бұзылып, футболшыларға 26 рет қызыл қағаз көрсетіліпті. Ал биылғы чемпионатта төрешілер ойыншыларға 17 рет қалтасынан қызыл қағаз алып шыққан екен. Тағы бір атап өтетін нәрсе, осы жылғы жарыста 145 доп соғылса, 2006 жылы қақпашылар қақпадан – 147 рет, 2002 жылы – 161 рет, 1998 жылы – 171 рет допты алып шыққан.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Бәсекенің бюджеті
Жұмсалған жерлері көлемі
(АҚШ долларымен.)
Көлік 1,2 млрд.
Стадиондар 1,12 млрд.
Ұйымдастыру комитеті 428 млн.
Тікелей көрсетілім 387 млн.
Әуежай, вокзал 200 млн.
Қауіпсіздік 89 млн.
Телекоммуникациялар 40 млн.
Мәдени шаралар 20 млн.
Еріктілерді дайындау 3 млн.
Футболға қатысты
басқа жобалар 45 млн.
Барлығы 3,5 млрд.
Мундиаль терминдерінің мағынасы
Бафана-Бафана – жергілікті жанкүйерлердің атайтын ОАР құрамасының атауы. “Бафана” – зулус тілінде “жігіттер” деген мағынаны білдіреді. Сонда “Бафана” зулусша екі рет қайталанса “мықты жігіттер” деген мағынаны береді екен.
“Вака-вака” – ағылшын тілінен аударғанда мундиальдің ресми әнінің атауы. Ағылшын тілінде ол “Thіs tіme for Afrіca” (“Африка уақыты”) деп аталады.
Вувузела – африкалықтардың футболға апаратын бір метрлік ұлттық аспабы. Ол ызың шығарып, алаң иелеріне қарсы ойнап жатқан команданың ызасын шығару үшін арналған ба дейсіз. Қазір осы үлкен сыбызғыны әлемнің барлық жеріндегі жанкүйерлер сатып алып жатқан көрінеді. Оның көбін Ұлыбританияның жанкүйерлері интернет арқылы сатып алуда деген дерек бар.
Джабулани – чемпионаттың ресми добының атауы. Зулус тілінде ол “мерекелеу”, “тойлау” деген мағына береді. Сонда қақпашылардың осы допты ұстағанының өзі мереке болады екен ғой деген ой келеді.
Закуми – леопард белгіленген турнирдің талисманы.
Макарапа – жанкүйерлердің шахтерлердің каскасына ұқсас бас киімі. Ол “жұмысшы мигрант” деген мағына береді. Кезінде жанкүйерлер бір-біріне ыдыс және басқа да заттар лақтырғанда қорғану үшін каска киіп, футболға баратын болған деседі. Сол кезде кейбір фанаттар оны түрлі-түсті бояуға бояп, сурет салып, ою-өрнектермен өрнектегенді жөн көріпті. Содан макарапа шығыпты.
Соуэто – Йоханнесбургтің үш қауіпті ауданының бірі. Мұнда жүрген адам талтүстің өзінде де қалтасынан қағылуы әбден мүмкін.