• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2015

Қазақстан боксшылары «Странджа» турнирінен олжалы оралды

425 рет
көрсетілді

Бүгін, 28 ақпан күні кешке Болгарияның астанасы – София қаласында дәстүрлі «Странджа» мемориалының 66-турнирі өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы Болгария бокс федерациясының мәліметіне сүйенген Ras.kz хабарлады. Оның қорытындысында Қазақстанның ерлер құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 3 қола, әйелдер құрамасы 1 қола медаль алды. Турнир 24 ақпан күні басталды. Ол Софияның «Универсиада халл» спорт аренасында өтті. Жарысқа әлемнің 24 елінен 120-ға жуық боксшы қатысты. Олардың арасында әйелдер құрамасы бойынша – 4, ерлер құрамасы бойынша 6 боксшы апарған Қазақстан командасы да болды. Сайыстың бірінші күні 1/16 және 1/8 финалдық жекпе-жектер ойналды. Мұның екінші електік шайқасы бойынша аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев армян Якоб Мелконянмен жұптасып, қарсыласын 2-раундта нокаутқа түсірді. Келесі, 25 ақпан күні 1/8 финалдық ұрыстар жалғасты. Онда біздің екі қыз шаршы алаңға шығып, біреуі ұтты, біреуі ұтылды. Жеңіске 75 кг салмақтағы Дариға Шәкімова жетті. Ол түрік құрбысы Сема Чалышканды 3:0 етіп ұтты. Ал 60 кг салмақтағы Әлия Әбдірайымова бразилиялық Тайна Кардосоға 0:2 болып есе жіберді. Бұл күні төрт жігітіміз рингке көтеріліп, төртеуі де жеңіс тойын тойлады. Атап айтқанда, Жақсылық Ілиясов (60 кг) – молдован Вадим Иванюкті (3:0), Ғани Жайлауов (64 кг) – ресейлік Алексей Мазурді (2:1), Рустам Сваев (75 кг) – әзербайжан Камран Шахсуварлыны (3:0), ал Нұрбол Алтаев (81 кг) ирақтық Тагер Махмуд Зайдоунды (3:0) тізе бүктірді. 26 ақпан күні өткен ширек финалда тағы екі қызымыз жолдан шығып қалды. Алдымен 54 кг салмақтағы Дина Жоламан болгар қызы Габриэла Димитровадан 1:2 болып ұтылды. Ал 64 килодағы Зарина Цолоева әзербайжандық Елена Выстроповаға 0:2 болып жол берді. Тек 75 кг салмақтағы Дариға Шәкімова ғана жеңіс жолын жалғастырды. Ол белорус Виктория Кебиковадан 2:0 есебімен артық көрінді. Жігіттердің ұрысын бастаған 56 килоға дейінгі салмақтағы Жанболат Тілегенұлы армян Генрик Мокоянды 2:1 етіп сүріндірді. 60 килоға дейінгі салмақта ирақтық Аммар Хассанмен қолғап түйістірген Жақсылық Ілиясов 2:0 есебімен жеңді. Ал 64 кило салмақтағы Ғани Жайлауов бұл күні сәтсіздікке ұшыраған жалғыз жігітіміз болды. Ол өзбек Фазлиддин Гаибназаровқа 0:3 есебімен жол берді. Мұның есесіне, бұдан кейін шаршы алаңға шыққан үш боксшымыз да ұтысқа жетті. Атап айтқанда, 75 килодағы Рустам Сваев бразилиялық Майк Карвальюді 2:1,81 килодағы Нұрбол Алтаев косоволық Арменд Хахажды 3:0, ал 91 килодан ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев ирланд Дин Гардинерді 2:1 есебімен ұтып шықты. 27 ақпан күні ойналған жартылай финалда жалғыз шайқасқан қызымыз Дариға Шәкімова (75 кг) қытай Ли Кианнан 0:2 болып ұтылды. Ал жігіттер арасынан рингке бірінші болып көтерілген Жанболат Тілегенұлы уэльстік Син МакГолдрикті 3:0 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін шаршы алаңға шыққан үш боксшымыз қатарынан ұтылысқа тап болды. Атап айтқанда, Жақсылық Ілиясов (60 кг) армян Самвел Барсегяннан 1:2, Рустам Сваев ирланд Майкл О`Рейллиен 0:2, Нұрбол Алтаев (81 кг) болгар Радослав Пантелеевтен 1:2 есептерімен жеңілді. Біздің командадан ақтық сынға жолдама алған екінші спортшы 91 килодан ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев болды. Ол грузин Михеил Бахтадзені 3:0 етіп тізе бүктірді. 28 ақпан күні қанат жайған финалда біздің екі жігітіміз өнер көрсетіп, екеуі де ұтылып қалды. Олардың екеуі де өзбек боксшысынан аса алмады. Алдымен 56 кило салмақтағы тараздық Жанболат Тілегенұлы Өзбекстанның 2013, 2014 жылдарғы екі дүркін чемпионы Муроджон Ахмадалиевтен 1:2 болып ұтылды. Аса ауыр салмақтағы қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев тағы сондай өз елінің соңғы екі чемпионатының алтын жүлдегері Баходир Жололовтан 1-раундта нокаутпен жеңілді. Бір айта кетерлігі, біздің бұл екі жігіт те ешқашан Қазақстанның чемпионы болып көрмеген. Турнирге өзінің бірінші құрамымен барған Өзбекстан құрамасы сапынан финалға 8 боксшысын шығарды. Олардың 5-еуі қарсыластарын жеңіп, бас жүлдеге қол жеткізді. Қалған үш боксшының ішінен тек Фазлиддин Гаибназаров қана финалда ұтылды. Соңғысы –  Баходин Жалолов біздің Қамшыбек Қоңқабаевтан нокаутпен жеңілді. Ол Әзербайжан азаматтығын алған кубалық Лоренцо Сотомайорға есе жіберіп алды. Ал өзбек боксшылары қатарындағы ең жасы үлкені және тәжірибелісі Элшод Расулов шаршы алаңға шықпай-ақ жеңісті берді. Сонымен финалдық шайқастар былайша аяқталды: Ерлер 49 кг. Абдулла Қучқаров (Өзбекстан) – Давид Албрдян (Израиль) 2:1 52 кг. Шахобиддин Зоиров (Өзбекстан) – Джек Батесон (Англия) 3:0 56 кг. Муроджон Ахмадалиев (Өзбекстан) – Жанболат Тілегенұлы (Қазақстан) 3:0 60 кг. Элвин Исаев (Әзербайжан) – Самвел Барсегян (Армения) 2:1 64 кг. Лоренцо Сотомайор (Әзербайжан) – Фазлиддин Гаибназаров (Өзбекстан) 3:0 69 кг. Симеон Чамов (Болгария) – Ярослав Самофалов (Украина) 2:1 75 кг. Бектемир Меликузиев (Өзбекстан) – Майкл О`Рейлли (Ирландия) 3:0 81 кг. Радослав Пантелеев (Болгария) – Элшод Расулов (Өзбекстан) WO 91 кг: Рустам Тулаганов (Өзбекстан) – Геворг Манукян (Украина) 3:0 +91 кг. Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан) ТКО I – Баходин Жалолов (Өзбекстан) Әйелдер 51 кг. Стойка Петрова (Болгария) – Рен Канкан (Қытай) 3:0 54 кг. Станимра Петрова (Болгария) – Кристина Круз (АҚШ) 3:0 60 кг. Светлана Каменова (Болгария) – Мира Потконен (Финляндия) ТКО I 64 кг. Анген Алексюсон (Швеция) – Елена Выстропова (Әзербайжан) 2:0 75 кг. Ли Киан (Қытай) – Нучка Фонтийн (Нидерланды) 2:1