ПЕТРОПАВЛ. 28 ақпан. Соңғы кездері қала тұрғындары тарапынан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасының сапасыз жүргізілуіне байланысты көп сындар айтылып келеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Былтыр ұл салаға республикалық қазынадан 777 миллион теңге бағытталғанымен, шалағай атқарылған жұмыстардың салдарынан бірқатар құрылыс мердігерлерімен шартты үзуге тура келген. 45 көп қабатты үйдің 39-ның жөндеуі аяқталғанымен, 6 үйді қалпына келтіру лдағы жылыту маусымына дейін шегерілген. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы депутаттар фракциясының мәжілісінде есеп берген тұрғын үй инспекциясының жетекшісі Дәулет Қалиасқаров баяндады.
Мәселен, 2-ші Заречная көшесінде орналасқан 58-ші үйдің тұрғындары «Казтепломонтаж» ЖШС-мен келісім-шартты тоқтатуларына тура келген. Өйткені, жөндеу жұмыстары кезінде екі пәтерді су алып кеткен. Оның ақыры 900 мың теңге өтемақы төлеуге соқтырған. Жөндеу жұмыстарын жалғастыру «Мекона» серіктестігіне жүктелген.
«Жилмассив» мердігерлік компаниясы Интернациональ көшесіндегі 68-ші үйдің тұрғындарына 450 мың теңге өтемақы төлеуіне мәжбүр болған. Себебі жөндеу жұмыстары атүсті атқарылып, адамдардың наразылығы жиілеп кеткен.
– Петропавлдықтарды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қордаланып қалған мәселелер қатты толғандырады. Оны біз олармен өткізген 12 кездесу барысында байқадық. Арыздардың деншілігі мердігерлердің сапасыз жұмыстарына келіп тіреледі, дейді қалалық мәслихаттың депутаты Виктор Ли.
Өмір Есқали.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: ueikh.sko.gov.kz.