КӨКШЕТАУ. 28 ақпан. Ақмола облысы Есіл қаласында «Ерлік істері – ұрпаққа үлгі» атты жастардың ардагерлер және тылдағы әскери қызметкерлермен кездесуі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында өткен шараны «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Есіл аудандық филиалы мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Басқосуда Есіл ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Ағымбаева мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғали Өсіпов сөз алып, Жеңістің мәні мен маңызы туралы кеңінен баяндады. Жастар Ұлы Отан соғысының ардагерлері Михаил Павлович Тимофеев пен Василий Иванович Епишконың естелік әңгімелерін зор ілтипатпен тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Кездесу барысында ардагерлерге бағалы сыйлықтармен қатар, жедел қызмет қарекетіндегі ұялы телефондар сыйға тартылды.
«Осындай кездесулер арқылы жастарымыз бейбіт заманның қадірін түсінсе дейміз. Біз барлық ардагерлерді назардан тыс қалдырмай, көңіл бөлетін боламыз», – дейді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты Есіл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Лаура Иргибаева.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz.