• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2015

Ақмолалықтар Ассамблеяның 20 жылдығын атап өтті

226 рет
көрсетілді

КӨКШЕТАУ. 1 наурыз. Ақмола облысы Қазақстан Халықтары ассамблеясының 20 жылдығын кең көлемде атап өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Достық» қоғамдық келісім үйінде өткен шараға аталған ұйымның белсенділері мен қала жұртшылығы жиналды. Облыс әкімі, Ассамблеяның Ақмола облыстық филиалының төрағасы С.Кулагиннің атынан оның орынбасары Марзият Тохаева жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады. Ол: «Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ассамблея көп ұлтты халқымызды ұйыстырушы, конституциялық беделді орган ретінде қалыптасты», – деді. Сондай-ақ, Марзият Юсуповна облыста 43 этномәдени орталық белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты. Қоғамдық ұйымдар өткізіп жатқан танымдық шаралар көп ұлтты халқымыздың құнды дәстүрлері мен мәдени жауһарларын ашып көрсетуде. Облысымыз Ассамблея жылының алғашқы акциясы – «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» қозғалысының символы «Тайқазанды» бірінші болып қабылдап алды. Республикалық эстафета шеңберінде Ақмола облысы «Мейірім» қайырымдылық акциясын өткізіп, 752 отбасына 17 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Одан бөлек, «Ассамблея – бірлік жолында», «Бейбітшілік пен түсіністіктің жол Картасы» сынды мегажобалар жұртшылықтың ықыласын аударды. Қазақстан Халқы ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысын ақмолалықтар қызу қолдап, тағдыршешті саяси оқиғаға белсенділікпен қатысатынын жеткізді. Мерекелік шарада бірнеше ұлт өкілдері облыс жұртшылығын құттықтап, өз тілектерін білдірді. Солардың қатарында Ассамблеяның мүшесі, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық ұйымының төрағасы Мейрамбек Қиықов, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, жазушы Сырым Рахимов, Қазақстан татарлары ассоциациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Фарук Богапов, қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дәріс беріп жүрген америкалық ұстаз Патрисия Кулинейн еліміздің саяси өмірінде салмақты орын алатын Ассамблеяның мән-маңызы туралы келелі әңгіме қозғады. Шара барысында Ассамблея құрдастары Көкшетау техникалық институтының курсанты Әкетай Жанболат, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің оқушысы Айжан Құсман, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Ақнұр Ділмұқаш, А.Мырзахметов атындағы университеттің студенті Ерболат Балтинге құрмет көрсетіліп, ақжаулықты әжелер батасын берді. Бақберген Амалбек. Дерек, сурет: egemen.kz.