Халықты ұзақ жыл күттірген республикалық маңызы бар Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы ресми түрде қолға алынды. Жолдың жалпы бағыт ұзындығы – 572 шақырым. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Жобаға тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ. Жезқазған – Қарағанды автожолының құрылысын халықаралық қаржы институттары қаржыландырады.
Республикалық маңызы бар жол құрылысының салтанатты түрде бастау алуына арналған іс-шараға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев: «Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы, ел үшін айрықша маңызы бар әрі көптен күткен жоба. Бүгін оның құрылысына ресми түрде бастау беріліп отыр. Жоспарға сәйкес жоба 2029 жылы аяқталуға тиіс. Болашақта бұл автожол елдің солтүстік және орталық өңірлерін оңтүстік аймақтармен байланыстыратын аса маңызды көлік дәлізіне айналады. Мердігер ұйымдармен келіссөздер жүргізіп, тиісті міндеттер жүктейміз. Дайын болған учаскелер бойынша қозғалыс бүкіл тас жолдың құрылысы толық аяқталғанын күтпей-ақ, кезең-кезеңімен ашылатын болады. Негізгі мақсатымыз – құрылыс қарқынын жеделдетіп, жобаны мүмкіндігінше ертерек аяқтау», деді.
Жаңа автожол қолданыстағы тас жолмен қатар салынады. Жоба аясында қауіпсіздік пен сапаның заманауи талаптарына сай келетін жаңа ІІ техникалық санатқа ауыстырылып, әр бағытта екі жолақтан болады.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Серікұлы жобаның Қазақстанда тұңғыш рет DBM (Design – Build – Maintain) форматында іске асырылатынын жеткізді. Демек мердігер компаниялар жолды өздері жобалайды, салады. Пайдалануға берілгеннен кейін жеті жыл бойы өз күшімен күтіп-ұстауға яғни жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті.
Құрылыс жұмыстары бір мезгілде төрт учаскеде жүргізіледі. Қазір құрылысшылар аумақты дайындау, жобалау және жер төсемін салу жұмыстарын бастап кетті.
«Барлық жауапкершілікті бір ғана мердігер ұйымның қолына шоғырлануы жобаны іске асыру үдерісін тиімді әрі ашық етеді. Жұмыстарды 2029 жылы аяқтап, осы жол учаскесінде көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз», дейді Дархан Иманашев.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін айтып, маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасының Үкіметіне шынайы ризашылығын білдірді. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков республикалық маңызы бар бұл автожолды қайта жаңғыртуды өңір тұрғындары мен мыңдаған жүргізуші ұзақ жылдар бойы күткенін айтты.
Жоба толық аяқталса, өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, жолаушылардың уақытын біршама үнемдеуге мүмкіндік туады.
Ұлытау облысы