Табиғатты қорғаудың сапасын арттыру үрдісін әлемнің барлық дамыған елдері ұстанып отыр. Біздің еліміз де сол өркениеттің көшіне ілесіп, экологиялық жағдайды заман талабына сай жақсартуға бағыт ұстауда. Соның бір айғағы – Қазақстан өткен жылдың 17 қыркүйегінен бастап ауа кеңістігінің өзгеруін реттейтін Киото хаттамасына толық қосылды. Бұл дегеніңіз, алдағы уақытта халықаралық ұйымдар тарапынан экологияға қатысты талап күшейеді деген сөз.
Ана шеті мен мына шеті тұлпардың тұяғын кетілдіріп, ұшқан құстың қанатын талдыратын кең байтақ қазақ жері – ата-бабадан қалған игілігіміз, байлығымыз, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік меншігі. Еліміздің болашағы – келешек ұрпақтың қолына өтетін өлке байлығын, өсімдігі мен жануарлар дүниесін, жалпы қоршаған ортаны қорғау бағытында Елбасы алға қойған міндеттер мен Үкімет тарапынан бекітілген шаралар біздің қызметіміздің басты бағдары болып табылады. Облысты ел өңірлері арасында экономикалық жағынан қуатты, әлеуметтік жағынан әлеуетті деңгейге көтеріп отырған да аумақтағы жерасты және жерүсті байлығы екені де рас. Десек те, облыс экологиялық ластану үлесі бойынша еліміздегі анағұрлым қолайсыз бес аймаққа кіреді. Облыстық өкілетті және атқарушы билік экологиялық проблемаларды шешуді ұдайы назарда ұстаса да аймақта жерасты суларының хром қосындыларымен, бормен ластануы, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың өңделмеуі сияқты проблемалар әлі де шешімін таппай келеді. Мұнай және газ өндіру салдарынан Көкжиде жерасты ауыз су қорының ластануы қаупі туындап отыр.
Мұнай өндірілетін аумақтағы елді мекендердің экологиялық жағдайы күрделі болып қалуда. “Ақтөбемұнайгаз” және “Ланкастер Петролеум” акционерлік қоғамының мұнай кәсіпшіліктеріне жақын орналасқан Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши елді мекендерінде күкіртті сутегі, бензапиреннің, формальдегидтің, шаңның мөлшері шектік рұқсат етілген жинақталудан 1,2-ден 4,8 есеге дейін артады. Елек өзенін бормен ластап жатқан кезіндегі Алға химия зауытының шлам жинақтағыш тоғанын зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Осы өзеннің бассейнін тазартудың техникалық-экономикалық негіздемелері жасалды. Елбасының өзі Елек өзенін алты валентті хроммен ластанудан тазарту бойынша тапсырма берген болатын. Облыстық әкімдік бірегей тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырды,ТЭН жасады. Жобаны құзырлы орындар қарап, оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлуге шешім қабылдады.
Сондай-ақ, Шалқар көлінің табанын тазарту да өзекті мәселе болып отыр. Көл табанын тазарту жобасы жасалды, бұл жоба республикалық бағдарламаға да енгізілді. Алайда, жобаны қаржыландыру жылдан-жылға кейінге ысырылып келеді. Үстіміздегі жылы көлдің гидротехникалық құрылыстарын қайта жарақтандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Бірақ, оның табанын тазарту әлі басталған жоқ. Міне, осының бәрі табиғатқа жанашырлықпен қарамаудың, оны есепсіз пайдаланудың салдары екені даусыз. Біз табиғат байлығын тек осы сәтте ғана пайдалануды місе тұтпай, келешек ұрпаққа қандай күйде қалдыратынымызды қаперде ұстауымыз керек.
Рас, бұрынғы қай кезден гөрі қазір табиғат қорғауға басымдық беріле бастады. Оны осы саланы қаржыландырудың артып отырғанынан да аңғаруға болады. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректерге жүгінелік. Облыс бойынша табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру көлемі 2005 жылы 179,5 млн. теңге болса, өткен жылы 1 892,2 млн. теңге құрады. Мұның өзі өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және табиғи орта сапасын тұрақтандыру үшін табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Шалқар қаласында санитарлық және экологиялық талаптарға сай осы заманғы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынды. Ақтөбе қаласы маңындағы жасыл желектің санитарлық-қорғау аймағын қайта жарақтандыру жобасы әзірленді. Жұмыс аясында алдағы уақытта кесуден, өрттен және орман зиянкестерінен қорғау жөнінде іс-шаралар жүргізілетін орман қорына енгізу үшін орман алқабы ұсынылды. Орман тәлім бақтарын дамыту жөнінде ұсыныстар енгізілді. Бұрынғы жасыл желектерді қайта жарақтандырудың технологиялық сызбасы дайындалды. Облыс бойынша бүлінген жерлерді түгендеу жүргізілді, оның көлемі анықталды, бүліну және табиғи аймақтық сипатына қарай жерлерді қайта қалпына келтіру жоспары әзірленді.
Қоршаған ортаны ластайтын барлық объектілер анықталды, оларды республикалық немесе коммуналдық меншікке беру жұмыстарын жүргізу тізбесі жасалды. Көкжиде құм алқабының жер асты бірегей тұщы су кен орнын сақтау мақсатында ғылыми қолданбалы экологиялық зерттеулер жүргізілді. Жерасты суларының сапасын қадағалау үшін гидрогеологиялық ұңғымалар желісі құрылды. Жұмыс қорытындысы бойынша жерасты суларын сақтау жөнінде ұйымдастыру және техникалық іс-шаралар жоспары жасалды. Иесіз гидрогеологиялық ұңғымаларды түгендеу жұмыстары басталды. Шалқар ауданында өздігінен ағатын – 94 ұңғыма, Байғанин ауданында – 99 ұңғыма, Ырғыз ауданында – 19 ұңғыма анықталды.
Биыл бірегей тұщы су кен орнын сақтау мақсатында “Көкжиде құм” алқабының жерасты және жер бетіндегі суына мониторинг жүргізуді жалғастыру, мемлекеттік орман қорына кірмейтін өңірдегі орман алқаптарын түгендеу, олардың қазіргі жағдайын бағалау және сақтау, оңтайлы пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу көзделуде.
Сондай-ақ, Елек өзені бассейнінің жерасты суларын алты валентті хроммен ластанудан тазарту жөніндегі жобаны жүзеге асыру басталды. Ақтөбе қаласы маңындағы жасыл желектің санитарлық-қорғау аймағын қайта жарақтандыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, 2010 жылы көлемі 62 гектар жерге жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
Жиналған материалдарды зерттеу және талдау арқылы жалпы көлемі 547,66 шаршы шақырым болатын Ақтөбе қаласының санитарлық-қорғау аймағының шекарасы белгіленді. Мердігер “Қазэкожобалау” ЖШС оны қайта қалпына келтіру іс-шараларын дайындады. Жобалаушылар қайта қалпына келтірілетін ағаштарды жалпылама түбірімен қопару әдісінен бас тартуды ұсынып отыр. Өйткені, мұндай әдіс орманды жоюға негіз болады. Сондықтан жобалаушылар нақты күйреген ағаштардың бұтақтарын қиып, қайта түлеп көктеуі үшін түбірін қалдыруды ұсынды. Осылайша, ағаштардың табиғи өсуін қамтамасыз ете аламыз.
Топырақты зерттеу мәліметтеріне сәйкес, Ақтөбе қаласы санитарлық-қорғау аймағының мемлекеттік орман қоры жерінің басым бөлігіне (40 пайыздан астам немесе 2466 гектар) келешекте қарағай отырғызу да ойластырылуда. Жасыл желектер санитарлық-гигиеналық қызметті атқарады, қаланы қатты және аңызақ желден, топырақ бораудан сақтайды, ауа бассейнін тазартуға, ауаны иондауға, адамдардың денсаулығына, табиғи кешенге, қаланың сәулеттік-ландшафты келбетіне оң әсер ететін, рекреация мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізетін фитонцидтер бөліп шығарады.
Ақтөбе қаласының айналасындағы қарағаштардың шекті жасына жетуі және 1990 жылдары тиісті күтім жұмыстары жүргізілмеуі салдарынан орман дақылдарының басым көпшілігі қурап қалды. Облыс әкімдігі қайта қалпына келтіру жобасын әзірлеуге қаражат бөлді, “Қазэкожобалау” ЖШС қураған ағаштарды ауыстыру бойынша іс-шаралар жоспарын дайындады. Онда қоршаған ортаға, өсімдіктерге зиян келтірмейтін ұтымды технологиялар ұсынылды. Жоспарды іске асырудың бірінші жылы мердігер – “Елім Ақтөбе” компаниясы аумағы 62 гектар жерде орман ағаштарын қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Келесі жылдары жұмыс көлемін 400-450 гектарға арттыруды жоспарлап отырмыз. Аталған жұ-мыстарды орындау 10 жыл мерзімге белгіленген. Ол үшін аумағы 5644 гектар болатын қураған ағаштарды кесіп, оларды қарағай, шаған, терек, қайың сияқты ағаш түрлерімен алмастыруға бағыт ұсталуда.
Ақтөбе облысы қазіргі уақытта ерекше шапшаң дамып келе жатқан аймақтың бірі. Мұнай мен басқа да кен өндіру жоғары қарқынмен дамуда. Соған байланысты, мұнда миллиондаған жылдардан бері қалыптасқан дала, шөлейт, жартылай шөлейт алқаптарының және су айдындарының ерекше биоценозына да қауіп төнуде. Осы жағдайларды болдырмау және алдын алу мақсатында 2007 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және орналастыру ресурстарының қазіргі жағдайына кешенді баға берілді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға ұсынылатын аумақтардың тізімі жасалды, оларға сипаттамалар берілді. 2008 жылы Мәртөк, Қобда, Орқаш жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жаратылыстану-ғылыми және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын “Эбита” табиғи аумағының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. Биыл Қарғалы ауданында жалпы алаңы 83 770 гектарды құрайтын “Эбита” жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумағы құрылды.
2005-2006 жылдар аралығында облыстық бюджеттің қаржыландыруымен Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, ел Үкіметінің 2007 жылғы 14 ақпандағы № 109 қаулысына сәйкес, облыс әкімдігінің алдын ала жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жалпы көлемі 765 мың гектар және штаттық құрамында 99 адамы бар Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты ашылған еді. Осылай облыста алғашқы рет мәртебелі заңды тұлғалы және жоспарлы қаржыландырылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақ пайда болды. Резерват аумағында сүтқоректілердің – 29, құстардың – 250, жорғалаушылардың – 14, қосмекенділердің 4 және балықтардың 10 түрі мекендейді. Жалпы алаңы 296 мың гектарды құрайтын Торғай мемлекеттік табиғи қаумал аумағында сүтқоректілердің –29, құстардың 170 түрі бар, 30 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Мұнда бауырмен жорғалаушылардың – 14 , қосмекенділердің – 4 және балықтардың 11 түрі кездеседі
Биыл Мұғалжар ауданында “Орқаш” жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға қоршаған ортаны қорғау бюджеттік бағдарламасы бойынша 2,5 млн. теңге қаражат қарастырылды. 2011-2015 жылдарда республикалық маңызы бар “Озерный” және жергілікті маңызы бар “Мәртөк”, “Ойыл” ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын құру үшін жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалуда.
Табиғат пен табиғи ресурстар тек бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі байлық емес. Сондықтан одан игіліктерді көруді ғана ойламай, табиғатты көздің қарашығындай сақтауға, мейлінше тиімді пайдалануға, келтірілген зиянның орнын толтыруға, қалпына келтіруге қалыптасуымыз керек. Мұны әлемдік өркениет те талап ететінін ескерсек, бұл бағытта бізді көп шаруалар күтіп тұрғаны шындық. Бұл біздің әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға, туған жерге деген сүйіспеншілігімізге сын.
Жақсығали ИМАНҚҰЛОВ, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы.