Бішкек қаласында көрнекті қазақ жазушысы Сәбит Досановтың шығармашылық кеші ықыласты, ғанибет жағдайда өтті
Басыма кидім ақ қалпақ Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, Айырмам қайсы қырғыздан. Абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың екі халықтың арасындағы жайдарман туыстықты білдіретін осы бір шуақты жыр жолдары шығармашылық кеш әп деп басталған бетте-ақ мерейтой иесінің аузынан соншалықты жарасымды естілді. Сәбит ағамыздың осылай деп толғайтын жөні де бар екен. Өйткені, 29 жасында ең алғашқы талантты шығармасы «Ақ аруана» хикаяты жарыққа шыққан кезде оны заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі бірінші хатшысы, үлкен қаламгер Әнуар Әлімжановтың кабинетіне әдейілеп шақырып алып ақ батасын беріпті. Шықаң кейінірек Сәбит інісіне: «Сен қазақ әдебиетінің дамуы үшін көп нәрсе тындырдың, сенің шығармаларыңды оқиды, жұрт сені жақсы көреді... Бұл жайдың үлкен мәні бар», деген жылы сөзін айтқан. Шықаң айтса айтқандай, Қырғыз елінде қазақ жазушысы Сәбит Досановтың шынайы құрметке ие екенін, оның қырғыз оқырмандарының құрметіне бөленгендігін осы жолы өз көзімізбен көріп, куә болдық. Аз-кем шегініс жасасақ, «Ақ аруананы» жазғаннан кейін өзіміздің Сәбит Мұқановтың, одан қала берді, жоғарыда айтқандай, Шыңғыс Айтматовтың ақ батасын алған екінші Сәбит содан бергі қырық жылдың көлемінде әлемнің көп елдеріне белгілі жазушылардың қатарына қосылыпты. «Тау жолы», «Екінші өмір», «Күн мен түн» романдары есімін әдеби қауымға таныта түсті. Ал «Жиырмасыншы ғасыр» деген ортақ атпен біріктірілген «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық» және «Намыс найзағайы» атты төрт кітаптан тұратын роман-эпопеясы қазақ халқының бір ғасырлық өмірін қамтыған шын мәнісіндегі кең ауқымды көркем полотно ретінде мойындалды. Осы ретте Сәбит Аймұханұлына еліміздің ең мәртебелі Мемлекеттік сыйлығының берілуін де жұртшылық, әсіресе, халықаралық әдеби қауымдастық ризашылықпен қабылдаған болатын. Бір айта кетерлік жай, халықаралық деңгейде танылған қазақ жазушыларының ішінде кейінгі жылдарда Сәбит Досанов ешкімге дес бермей жүргенін айту да артық емес. Ол – Ресейдің М.Шолохов халықаралық сыйлығының лауреаты. Сәбеңе Мәскеу, Санкт-Петербургтегі қаламдастары одан кейін В.Пикуль атындағы халықаралық сыйлықты, Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» әдеби сыйлығын, Василий Шукшиннің «Алтын медалін» табыс етіп қана қоймай, Ресей Әдебиет академиясының академигі етті. Ал, қырғыз ағайындар «Алтын қалам» ұлттық әдеби сыйлығымен марапаттады. Әлемнің көп елдерінде Сәбит Досанов қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мерейін асырып жүргені сөзсіз. Біраз жылдар бұрын Парижде француз тілінде шыққан кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кеші өтіп, жақсы әсер қалдырды. Өткен жылы Қырғыз елінің театры жазушының «Жанұран» атты спектаклін қойып, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің бір кезеңін көрерменге сахна тілінде бейнелеп ұсынды. Ал жақында ғана 75 жылдығын Ресей Жазушылар одағының шақыруымен Мәскеу төрінде өткізіп үлкен абыройға бөленіп қайтқанын баршамыз білеміз. Әлбетте, бұл Сәбит Досановтың ғана емес, барша қазақ әдебиетінің, ұлт руханиятының абыройы екендігін көзіқарақты қауым түсініп те, соған сүйіншілей қуанып та жатыр. Осы тұрғыдан келгенде Қырғыз елінде Сәбит Досановтың бейнебір өз жазушысындай, өз перзентіндей әспеттелуі соншалықты ғанибет болып, жарасып тұрды. Қазақ жазушысының шығармашылық кешіне қатысқан қауым бұл шараны жақсылық нышаны, игілік белгісі деп бағалады. Осы кеш айна-қатесіз қазақ-қырғыздың туыстығын, бауырластығын, достығын паш етті. Қазақ қаламгерінің бұл жолғы сапары екі елдің бұрыннан келе жатқан мәдени-рухани байланыстарының сабақтасқан дәстүрлі жалғасы екендігі атап көрсетілді. «Манас» жырын алғаш Шоқанның хатқа түсіріп жария еткені, Мұхтар Әуезовтің бұл эпосты қорғағаны, Мұхаңның жас Шыңғысқа сәт сапар тілеуі, тағы басқа да бауырластық жағдайлар айтылмай қалған жоқ. Бүгінгі Сәбит Досанов та қырғыз жазушыларының, қырғыз әдебиеті мен мәдениетінің үлкен досы саналады. Әуелі, шығармашылық кештің тізгінін ұстаған белгілі ақын, жақында ғана алпыстың асқарына шыққан Маркабай Ааматовқа қазақ тарабынан құттықтау хаты табыс етіліп, иығына шапан жабылды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалиннің аманат тапсырмасын белгілі жазушы Берік Шаханов орындады. Осыдан кейін сөзін сабақтаған шешен халықтар арасындағы байланыс бірлікпен жалғасып жатқандығына разылық білдірді. Ал қаламдасы Сәбит Аймұханұлының қарапайымдылық, сабырлылық және мейірімділік сияқты бірегей үш қасиетіне тоқталып, оны құрметтеп жатқан қырғыз бауырларға алғыс арнады. Мерейтой иесіне Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешінің құттықтау хатын Аппарат жетекшісінің бірінші орынбасары Сүйүнбек Касманбетов тапсырып, шапан жауып, қазақ жазушысының қырғыз жұртына кең танылған адам екендігі жайлы ілтипатты сыр шертті. Сегіз қырлы, бір сырлы Сәбит ағасына Қырғызстан Ұлттық жазушылар одағының төрағасы, ақын Акбар Рыскулов ақ пейілін ақтарып салды. Қырғызстан Ғылым академиясының вице-президенті Адылжан Акматалиев, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кезінде Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын біздің Олжекеңмен қатар алған атақты шайыр Майрамхан Абылкасымова, осы кешке Мәскеуден арнайы ұшып келген К.А.Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясының профессоры Серік Тойғанбаев, қырғыз халық жазушысы Асан Жаксылыков, қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Сұлтан Раев және басқалар Сәбит Досановтың шығармашылық ерекшеліктеріне, адами ізгілікті қасиеттеріне, үлкен жүректі парасат иесі екендігіне баса назар аударды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, өзіміздің айтулы ақынымыз Маралтай Райымбекұлының жырдан шашу шашып, Төлеген Айбергеновтің «Аруана бауыр дүниесімен» С.Досановтың «Ақ аруана» хикаяты арасына паралелль тартып астастырғаны да көпшілікке ой салғаны анық. Сәбит Досановқа қырғыз шапандары, жеңгеміз Құралай Ахметқызына туысқан халықтың кәделі орамалдары ерекше жарасқандай. Қырғыз ақындарының Сәбеңе арнаған өлеңдері қандай керемет! Әдемі әсерді жазушының «Жанұран» спектаклінен қойылған көріністер одан әрі ғажаптандырды. Бішкектің өнер шеберлері өздерінің тамаша шағын концертін Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасымен» түйіндеді. «Нурборбор» шығармашылық академиясының мүшелері Сәбит Досановтың көптеген лирикалық жырларын оқып, жазушының ақындық қырын өрнектеді. Қазақ пен қырғыз бауырластығының гимні сияқты қалықтаған «Қомыз бен домбыра» әні жанымызды тербеді. Қазақ жазушысына көрсеткен қырғыз туғандардың құрметіне көңіліміз өрледі. Қайтарда қаладағы Шыңғыс аға Айтматов ескерткішіне барып тағзым етіп, гүл шоқтарын қойған соң елге бет алдық. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Еркін Тәжімұратов. Алматы – Бішкек – Алматы.
•
16 Мамыр, 2015
Қырғыз туғанның құрметі
415 рет
көрсетілді