• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2015

Комбинаттың қол жеткізген жетістіктері мен даму келешегі

479 рет
көрсетілді

2015 жылдың 27 наурызында Өскемен титан-магний комбинаты өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. «ӨТМК» АҚ шикізатты өндіруден бас­тап қосылған құны жоғары өнімді шығаруға дейін, сатылы біріктірілген әлемнің ірі титан өндірушілерінің бірі болып табылады. «ӨТМК» АҚ өнімінің жоғары сапасы жетекші халықаралық әуе-ғарыш компанияларының сертификаттарымен расталған. Комбинаттың тауарлық тізімдемесі келесідей негізгі түрлерді қамтиды: кеуекті титан, құймалардағы бастапқы магний, титан құймалар мен қорытпалар. «ӨТМК» АҚ өнімінің 100%-ы индустриялық дамыған елдерге экспортталады. Әлем нарығындағы қазақстандық титан үлесі шамамен 11%-ды құрайды, әуе-ғарыш саласында 17%-дан жоғары. 1954 жылы КСРО Министрлер Кеңесі Өскемен титан-магний комбинатының құрылысын бастау туралы өкім шығарды. Мемлекеттік сирек кездесетін металдар өнеркәсібінің ғылыми-зерттеу және жобалау институты (Гидремет) және Бүкілодақтық алюминий-магний институты (БАМИ) салалық институттарының жобасы бойынша құрылған ӨТМК Қазақ КСР титан-магний өнеркәсібінің бірінші және жалғыз өкіліне айналды. ӨТМК құрылысы Жаңа Согра кентінің тұрғын сілемін, теміржол қатынас жолдарын, көлік жолдарын, жөндеу-механикалық цех және басқа қосалқы цехтарды тұрғызудан басталды. Комбинатты салу кезінде Запорожье және Березники титан-магний комбинаттарының жұмыс тәжірибесі есепке алынды, ол ӨТМК-ні заманауи жабдықпен жабдықтауға және басқа кәсіпорындардан білікті кадрларды тартуға мүмкіндік берді. Комбинаттың қалыптасуында титан-магний саласының жетекші мамандары, ӨТМК-нің алғашқы іргетасын салушылары ретінде металлургтердің жоғары біліктілігі ерекше маңызды болды. Комбинаттың бастауында тұрған буынның алдыңғы қатарлы ғылыми-техникалық идеяларының арқасында жоғары сапалы «қанатты» металды алу технологиялары жаңартылды. ӨТМК өнімділігін жоғарылатуға өндірістің өнертапқыштары, жаңашылдары айтарлықтай үлестерін қосты. Комбинаттың іске қосылуына бар болғаны бір жыл өткенде, 1966 жылдың 26 наурызында титан-магний өндірісінің барлық қайта өңдеулері жұмысқа енгізілді. 1969 жылы ӨТМК жобалық қуаттылығына шықты. Комбинат металлургтерінің қалдықтардың кешенді өңделуі мен қоршаған ортаның ластануын төмендетуді қамтамасыз ететін төрт хлорлы титан, магний, хлор өндірісінің жаңа тиімділігі жоғары аппараттары мен технологияларын әзірлеуі КСРО Мемлекеттік сыйлығымен аталып өтті. 1990-жылдары Украина мен Ресейден титан шикізатының кооперативті жеткізілімдерінің тоқтауы комбинаттың алдында меншікті шикізат базасымен қамтамасыз ету қажеттілігін тудырды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның ірі индустриялық кешендерін жаңа нарық жағдайларында дамыту бойынша стратегиялық шешімдерінің негізінде ӨТМК директоры Б.Шаяхметовтың (1990-2013 жж.) бастамасымен, «1992-1997 жылдарға арналған Қазақстанның титан өнеркәсібін дамытудың бағдарламасы» әзірленді және қабылданды. Аталған бағдарламаға қатысты өзгертулер мен толықтырулар ҚР Үкіметінің «1996-2001 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының титан-магний өнеркәсібін дамыту туралы» қаулысымен бекітілді. Нақты негізге алынатын құжаттарға сәйкес, титан шикізаты көздерін өндіруді, жабдықтың дара қуаттылығын арттыруды және өнімді халықаралық стандарттарға сай сертификаттауды қоса, комбинатты дамытудың негізгі бағыттары мен кезеңдері анықталды. Шикізаттық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, «ӨТМК» Қазақстанда өнеркәсіптік маңызы бар үш титан кен орнының қорларын барлап бекітті. Олар: «Шоқаш», «Обуховское» және «Сәтбаев» еді. «Сәтбаев» кен орнының базасында 2000 жылы, «ӨТМК» АҚ қатысуымен «SatpayevskTitaniumMines LTD» ЖШС БК тау-кен кәсіпорны құрылды (2014 жылдан бастап – «Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорны» ЖШС). «Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорны» ЖШС (бұдан әрі – «СТКК») негізгі қызметі кеуекті титан өндіруге арналған шикізат-ильменит концентратын алу үшін ильменит кендерін өндіру және байыту болып табылады. 2005 жылға қарай кен-байыту фабрикасының құрылысы аяқталып, өнеркәсіптік пайдалануға қосылды. Бүгінгі күні «СТКК» ЖШС жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарының 60%-дан астамын жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Бағдарлама аясында 2000 жылы «ӨТМК» АҚ Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Ә.Назар­баевтың қатысуымен кеуекті титан мен титанның пигментті қос тотығын өндіру шикізаты болып табылатын ильменит концентраттарынан титан боқатын өндіру бойынша кен қыздыру кешенін пайдалануға енгізді. «ӨТМК» АҚ өз титан боқатын алуы титан өнеркәсібінің жергілікті шикізат қорларын кешенді игеру және құрамында титаны бар импортталатын шикізат үлесін төмендету негізінде дамытуға септігін тигізді. «СТКК» ЖШС тау-кен байыту кешенін құрумен және титан боқатын өндіруді іске қосумен «ӨТМК» АҚ өз шикізат базасы бар, әлемдегі ірі сатылы біріктірілген титан өндірушілерінің біріне айналды. Шикізат мәселесін шешумен бір уақытта өнімді өткізудің жаңа нарық­тарын іздеу жүргізілді. Кеуекті титан­ның әлемдік нарыққа қол жеткі­зуін қамтамасыз ету үшін, «ӨТМК» АҚ өнімін әлемдік әуе-ға­рыш компанияларының серти­фи­каттауы қажет болды. Ком­мер­циялық пайдалануға арналған сертификаттаудың бірінші кезеңі 1995 жылдан бастап 1998 жылдарға дейін титанның жетекші шетел өндірушілерімен өткізілді. Аудит нәтижелері бойынша сапа бақылаудың қолданыстағы жүйесі расталып, тауар өнімі сәтті сертификатталды. Екінші кезеңде, 2000 жылдан бастап 2003 жылға дейінгі уақыт аралығында әуе-ғарыш саласында пайдалануға арналған титанның жоғары маркалары сертификатталды. Кейінгі жылдары комбинат ИСО 9002 халықаралық стандартына сәйкестік сертификатына, AS 9100 және ISO 9001 америкалық әуе-ғарыш стандарттарына сәйкестік сертификаттарына ие болды. Өнім сапасына бақылауды күшейту мақсатында 2013 жылы «ӨТМК» АҚ орталық зертханасына әуе-ғарыш өнеркәсібіндегі өндірушілерді стандарттау және аккредиттеу бағдарламасы – «NADCAP» талаптарына сәйкестікке сертификаттау жүргізілді. Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында «ӨТМК» АҚ кейінгі технологиялық қайта өңдеулерді дамытуға, өндірісті түрлендіруге және инновацияларды енгізуге бағытталған жобаларды табысты іске асырды. 2010 жылы «ӨТМК» АҚ әуе-ғарыш секторында, мұнай-газ және өнеркәсіптің атом энергетикасы, химиялық өнеркәсіп, медицина тәрізді басқа салаларында пайдалануға арналған, вакуумдық-доғалық қайта балқыту әдісімен Қазақстандағы алғаш титан құймаларын және қорытпаларын өндіру цехының құрылысын аяқтап, пайдалануға енгізді. 2012 жылы жаңа цех жобалық қуаттылығына шықты. Нақты жобаны іске асыру комбинатқа шикізаттық бағытталудан қосылған құны жоғары өнім шығаруға ауысуға мүмкіндік берді және «Алтын сапа» байқауында «Индустриялық жетістік-2010» номинациясындағы сыйлықпен аталып өтті. Өндірістік тізбек жалғасы 2011 жылы Лез-Ансиз қаласында (Франция) титан құймалары мен қорытпаларын әуе-ғарыш, мұнай-газ өнеркәсібі, атом энергетикасы, өнеркәсіптің қорғаныс және медициналық салаларына арналған қақталған өнімге қайта өңдеу бойынша қазақстандық-франциялық бірлескен «УКАД» БК кәсіпорнын құру болды. Бірлескен кәсіпорынды құру «ӨТМК» АҚ және «УКАД» БК титан өнеркәсібінің әлемдік көшбасыларымен бәсекелестікке түсуге қабілетті, индустриялық байланысты, сатылы біріктірілген кәсіпорындар тізбегіне айналуға мүмкіндік берді. «УКАД» БК соғылмаларының 60% әуе кемелерін жасауға пайдалану үшін «Airbus» компаниясымен сертификатталған. «ӨТМК» АҚ «Airbus» компаниялар тобына титан бұйымдарының басты жеткізушісі ретіндегі маңыздылығын «УКАД» БК мен «Airbus» арасында 2011 жылы қол қойылған, 2022 жылға дейін «Airbus» іске асыратын: «А-320»/330/380», сонымен қатар, «А-350» бағдарламалары бойынша қақталған бөлшектер мен бекіткіш бұйымдар үшін титан жеткізу туралы ұзақ мерзімді стратегиялық келісім растайды. 2010 жылы «ӨТМК» АҚ әлемдегі ірі болат өндірушілердің бірі Оңтүстік Кореяның «POSCO» компаниясымен бірлесіп, Өскемен қаласында электрондық-сәулелік балқыту әдісімен титан дайындамалары мен құймаларын өндіру бойынша «Титаниум» БК ЖШС құрды. Жобамен жаңа зауыттың титан дайындамалары мен құймалары «POSCO» кәсіпорындарында, Оңтүстік Кореяның кеме жасау компанияларында кейіннен пайдалану үшін, сонымен қатар, энергетикалық өнеркәсіп, тұшытқыш қондырғылар және сумен жабдықтау үшін, суықтай илемделген және ыстықтай илемделген титан табақтар мен құбырларға иленетіні қарастырылады. Зауыт 2014 жылдың 25 желтоқсанында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық телекөпір аясында іске қосылды. Нақты жобаны іске асыру үшін, Астана қаласында өткен «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Елбасы «ӨТМК» АҚ президентіне «Өндірістегі үздік инновациялар-2014» номинациясы бойынша сыйлық тапсырды. Дегенмен, комбинат алдағы кезде де өндірісті өркендете бермек. «ӨТМК» АҚ Директорлар кеңесімен бекітілген 2012-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасында жаңа мақсаттар, бағыттар және комбинаттың даму кезеңдері аталған. Олардың ішінде – өндірістің бүкіл тізбегі бойынша негізгі технологиялық жабдықты түпкілікті жаңарту, өндірістік үрдістерді автоматтандыруды жетілдіру. «ӨТМК» АҚ-тың ішкі нарыққа шығуы – отандық титан өнімін газ-энергетикалық қондырғыларын өндіруде және Қазақстанның мұнай-газ секторында пайдалану маңызды стратегиялық мақсат болып табылады. Қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылымын қысқартуға бағытталған табиғат қорғау шаралары кешенін реттілікпен орындау комбинатқа соңғы жеті жыл ішінде кен-металлургия саласындағы кәсіпорындар арасында жыл сайын өткізілетін, табиғат қорларын қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша республикалық байқауда «Үздік мекеме, кәсіпорын» номинациясында тұрақты жеңімпаз болып қалуға мүмкіндік береді. Ол «ӨТМК» АҚ-тың ұжымының өнді­рістің экологиялық қауіпсіздігін қамта­масыз етуді, қоршаған орта мен Қа­зақ­станның табиғи қорларын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жоғары жауапкершілік деңгейін растайды. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу – «ӨТМК» АҚ-тың 2012-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы тағы бір маңызды міндет. «ӨТМК» АҚ-та шамамен үш мың­дай адам еңбек етеді. Кәсіп­орынның  басты байлығы – адамдар. Оның даму бағдарламасында еңбек жағдайларын жақсартуға және қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды арттыруға ерекше мән берілген. Бүгінгі күні қызметкерлерді әлеуметтік қорғау аясында еңбекақыға қосымша кәсіпорын әрбір қызметкеріне тамақтандыруды арзандатуға түбір­тектерді, демалыс базасында қыз­меткерлердің және сауықтыру орталығында балалардың демалысын ұйымдастыру, ем алу және басқа да қамсыздандыру шығындарын өтеуді қамтитын 70 000 теңге көлеміндегі әлеуметтік пакетті қамтамасыз етеді. Осылайша, жыл сайын, комбинаттың шамамен 3 мың қызметкері және олардың отбасылары Бұқтырма су қоймасы маңындағы «Волна» демалыс базасында демалады. Балалардың демалыс орталығында жаз бойы қызметкерлердің 600-ге жуық балалары денсаулығын түзетеді. Комбинат басшылығы қызметкерлердің арасында спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл мақсаттарда «ӨТМК» АҚ-та ойын, атлетикалық және теннис залдары және техникалық жабдықталған спорт кешені бар. Жаңа Согра кентінде жүгіру жолдарымен, спорт алаңдарымен, хоккей кортымен және мұз айдынымен жабдықталған «Титан» стадионы орналасқан. Сондай-ақ, жүзу бассейні мен сауна есігі келушілерге қашанда ашық. Комбинат Өскемен қаласының, Жаңа Согра кентінің және жақын орналасқан елді мекен тұрғындары үшін 2013 жылы Б.Шаяхметов атындағы медициналық орталықты салды. Жалпы ауданы 3,2 мың шаршы метрді құрайтын және құны 1 млрд. теңге тұратын бірыңғай ме­дициналық орталық кешенінің құрамы консультациялық-диаг­ностикалық емхана ғимаратынан және балшықты-су емханасынан тұрады. Медициналық орталық заманауи және жоғары технологиялық медициналық жабдықпен жабдықталған. Мұнда әлеуметтік-профилактикалық ме­дициналық көмек көрсету, диагнос­тика, оңалту және күндізгі стационар бөлімшелері бар. Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау аясында қол­даныстағы әлеуметтік пакетпен бірге тегін медициналық қызмет көрсету мүмкіндігін ұсынды. «ӨТМК» АҚ барлық ин­ве­с­тициялық жобаларын және өндірістік міндеттерін таяудағы жылдарға белгіленген және Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламасында анықталған негізгі стратегиялық басым бағыттарға сәйкес іске асыратынын атап кеткен жөн. Комбинаттың жетіс­тік­тері мен өндірістік табыстары Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың тұрақты қолдауының арқасында мүмкін болды. Өз кезегінде, өндірістің серпінді өсуі,  сонымен қатар, комбинат қызметкерлерін әлеуметтік қорғау және олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін «ӨТМК» АҚ «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясы мақсаттарын ұстанады. Осы мерекелік күнде «ӨТМК» АҚ мәдениет үйі көптеген қонақтар, комбинат ардагерлері мен қызметкерлері үшін есіктерін ашты. Шақырылғандар арасында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму минис­тр­лігінің, Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, облыс әкімдігінің, қоғамдық және кәсіподақ бірлестіктерінің қыз­меткерлері, шетелдік серіктестер бар. Ұжымның салтанатты кеші ба­ры­сында «ӨТМК» АҚ мерейтой қонақтарынан 50 жылдыққа арнал­ған құттықтауларын қабыл алды. Қа­зақстан Республикасының металлургия өнеркәсібіне қосқан елеулі үлестері үшін Инвестициялар және даму министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі «ӨТМК» АҚ үздік қызметкерлеріне «Еңбек даңқы» салалық марапаттарын тапсырды. Орталық және облыстық ардагерлер кеңесінің мақтау қағаздарын кәсіпорын ардагерлері иеленді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының және «Казпрофметалл» кен-металлургия өнеркәсібі кәсіподақтар федерациясы орталық кеңесінің құрмет грамоталары комбинаттың кәсіподақ өміріне белсенді қатысқан металлургтерге берілді. Комбинаттың 50 жылдығына байланыс­ты «Үздік шебер», «Кәсібі бойынша үздік» байқаулары қорытындылары жасалғаннан кейін, «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамытова және Директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер өндірістің бес жас және перспективалы цехтың жұмыскерлеріне жаңа автокөлік кілттерін табыстады. Салтанатты кеш еліміздің белгілі әншілері қатысқан мерекелік концертпен жалғасты. «ӨТМК» АҚ айтулы оқиғаға орай қызметкерлерге қомақты ақшалай сыйақы беріп, басқа да сый-құрмет көрсетті. Өскемен титан-магний комбинаты өз мерейтойына үлкен өндірістік табыстармен және дамыту бойынша үлкен жоспарларымен келді. Жарты ғасыр ішінде Қазақстанның металлургия­сы мен экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Комбинаттың мерейтойы биылғы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы тәрізді тарихи оқиғаларды мерекелеу қарсаңына келіп отыр. Комбинат металлургтері өз кәсіпорындарын өте бағалайды және мақтаныш тұтады. Мұның бәрі стратегиялық мақсаттарды орындауға мүмкіндік береді. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ дәстүр сабақтастығын жалғастыра отырып, болашақта да зор жетістіктерге жетуге сенімді. Әмина ТОЙЫМБАЕВА. ӨСКЕМЕН.