• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2015

Бақыт құшағындағы әулет

578 рет
көрсетілді

Мәуелі бәйтеректей жапырағы жайылған әулеттің бастауында тұрған Кеңес оң-солын таныған жігіт шағында еңбек жолын теміржол саласында бастапты. Сымдай тартылған қос рельс­пен әрлі-берлі жүйткіген пойыз құрамаларына қызыға қараушы еді. Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа бет алған тепловоз гүріліне құлақ түретін. Өзі де теполовоз жүргізсем деп қиялға берілетін. Жүрек түкпіріне ұялаған сол құштарлық оны теміржол саласымен біте қайнастырып жіберді. Сондай әулеттің бірі – Аймұрзаевтар. Өзі ұнатқан, жүрегімен қалаған салаға жұмысқа орналасқан Кеңес Аймұрзаев теміржолдан ешқайда бет бұрмады. Еңбек жолын тек осы саламен ғана байланыстырды. Тағылымды тәлімін үйреткен алдыңғы толқын ағаларды құрмет­теді. Өзінен кейінгі буынды темір жол саласының қыр-сырына бау­лыды. Маңдай терін төге еңбек етіп, осы саладан зейнеткерлікке шықты. Айтқандай, өмірлік серігі Ұлболсынмен жүрегі үндесіп, шаңырақ көтерді. Ол да осы салада еңбек етті. Ерлі-зайыпты Аймұрзаевтардың отбасында дү­ниеге келген 8 баланың бесеуі өз кәсіптерін теміржол саласынан тапты. Әрине, Кеңес пен Ұлболсын балаларына теміржолшы болыңдар демеді. Баларының өздері ата-ана кәсібін жалғастыруды қалапты. Өйткені, балалары бір-біріне ұдайы құрметпен, сыйластықпен қарайтын ата-анасын мақтаныш тұтты. Еңбек адамы ретінде ұжымында үлкен құр­метке бөленгеніне қызыға қарады. – Кеңес ешқашан адалдықтың ала жібін аттаған жоқ. Үлкенді сыйлауды біледі, өзінен кейінгілерге қамқорлығын аямады. Осындай адамгершілігі үшін оны бәрі құр­мет­теді, –дейді «Алтын алқа» ие­гері Ұлболсын Аймұрзаева. – Оны балаларымыз да үлгі-өнеге етті. Аймұрзаевтардың теміржол саласындағы еңбек жолын абыройлы жалғастырған ұрпағының бірі – қызы Ирина. «Әке-шешеміздің теміржол саласында еңбек еткенін көре жүріп, мен де өмірімді темір жолмен байланыстырғым келді. Рас, әкем теміржол көлігінде әйел­дердің жұмыс жасауына үзілді-ке­сілді тыйым салынады деуші еді. Тіпті, институтқа оқуға құжат тап­­сыр­­ғанымда да сол айтқанын қай­та­­лады. Бірақ, ата-ананың жолын жал­ғас­тыруды мақсат еттім» дейді ол. Бір кездері теміржолда тағ­дыры тоғысқан Кеңес пен Ұлбол­сын ата-әже атанған зейнеткерлер болғанмен, өздерінің еңбек жолы бас­тау алған саланың құрметті ардагерлері атанды. Жал­пы, Аймұрзаевтар әулетіндегі теміржолшылар қатары 19 адамға жетті. Әулеттегі 8 бала мен 9 немере теміржолдың білгір мамандары атанды. Олардың біразы Алматыда, кейбірі Атырау қаласы мен мұнайлы өңірдің әр түкпірінде тұрады. Алайда, олардың барлығы кәсіби мереке қарсаңында балалық балдәурені өткен қарашаңырақта бас қосады. Сөйтіп, алдымен Кеңес қария мен Ұлболсын әжені кәсіби мерекемен құттықтайды. – Мен бақыттымын, айналайындар! Жапырағым жайылса екен деген арманым орындалды. Еңбек жолымды жалғастырған сендер аман-есен жүріңдер. Өздерің қалаған мамандыққа адалдықтан айнымаңдар. Өтірік айтудан ау­лақ болыңдар. Адал еңбек ғана абыройға бөлейді. Бақуатты тұр­мысқа жеткізеді. Аналарың екеу­міз адал еңбек еттік. Мұқтаж жан­дарға қолдауымызды көрсеттік. Үл­кен­ді құрметтедік, кішіге қолдау біл­дірдік. Міне, соның арқасында бү­гінгі бақытты күнімізге жеттік, – деп ардагер теміржолшы Кеңес қария ұрпағының ортасында мерейленіп отырады. Аймұрзаевтар әулетінің Құр­манғазы ауданындағы қараша­ңырағында бала күлкісі тыйылған емес. Немерелерінің бал қылығын қызықтаудан шаршамайтын ардагер теміржолшылардың дас­тарқаны да ұдайы жаюлы тұ­рад­ы. Өйткені, Кеңес қария мен Ұлболсын әженің шежірелі еңбек жолынан, тәлімінен үлгі алғысы келетін жас теміржолшылар бұл әулетке жиі келеді. Оларға ардагер теміржолшылар өнегелі өмірлерінен сыр шертіп, ақыл-кеңесін беруден еш жалыққан емес. Айтқандай, биыл Аймұрзаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде бірінші жүлдеге ие болды. Енді олар Мақат ауданында тұратын Қанатбаевтар әулетімен бірге рес­пуб­ликалық конкурсқа қатысуға әзір­ленуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.